Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер жиі жылау не ашулану ауру белгілері екенін ескертті

жылау ашушаңдық ауру
Фото: pexels.com

"СберЗдоровье" медициналық компаниясының дәрігер-эндокринологы Маргарита Белоусова адамның жиі жылауы немесе тез ашулануы кейде қалқанша безіндегі мәселелермен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lenta.ru порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігердің айтуынша, гипотиреоз кезінде, яғни қалқанша безі гормондарды аз бөлгенде, адам тез шаршап, ұйқышыл болып, тоңады. Сонымен қатар тері құрғап, іш қатуы, зейін қою қиындауы және көңіл-күйдің түсуі байқалуы мүмкін.

Ал тиреотоксикоз кезінде қалқанша безі гормондары шамадан тыс көбейеді. Мұндай жағдайда ұйқының бұзылуы, жүректің жиі соғуы, қатты терлеу, ыстыққа шыдай алмау және тәбет қалыпты немесе жоғары болғанына қарамастан салмақ жоғалтуы мүмкін. Сондай-ақ адам мазасызданып, көңіл-күйі жиі өзгеруі ықтимал.

“Көңіл-күйдің өзгеруі көбіне қатты шаршау, ұйқының аздығы, күйзеліс және басқа да жағдайлардан болады. Көңіл-күй өзгеріп қана қоймай, басқа да белгілер қатар байқалса қалқанша безінің жұмысы бұзылған болуы мүмкін. Ондайда тексерілген жөн”, – дейді Маргарита Белоусова.

Дәрігер мұндай белгілердің ұзақ уақыт бері байқасаңыз дәрігер терапевтке немесе эндокринологқа қаралуға кеңес береді. Маман белгілердің нақты себебін анықтап, әрі қарай қандай ем қажет екенін белгілейді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 04 Қазан, 2026 19:15