Кондиционер мен су болмаған: Аптап ыстықта көлікте қалып кеткен 46 адамның мәйіті табылды
Техас штаты, Сан-Антони қаласының шет жағында тастанды жүк көлігінен кем дегенде 46 адамның мәйіті табылды. Қаза болғандар, болжам бойынша, мигранттар. Өрт қауіпсіздігі өкілінің айтуынша, 16 адам, оның ішінде төрт бала ауруханаға жеткізілді. Аман қалғандар күннің ыстығынан зардап шеккен. Америка-Мексика шекарасынан 250 шақырым жерде орналасқан Сан-Антонио контрабандашылар үшін негізгі транзиттік пункттердің бірі болып табылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-дің орыс қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сан-Антонио өрт қызметінің басшысы Чарльз Худтың айтуынша, құтқарушылар көз жұмған адам туралы ақпарат алғаннан кейін, оқиға орнына жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де жеткен. Келген кезде тастанды жүк көлігі мен оның жанынан адам мәйітін тапқан. Ал өзге мүрделерді көліктің есігін ашқан соң көрген. Ол жүк көлігінде кондиционердің және судың болмағанын атап өтті.
Айта кететін жайт, Сан-Антонионың климаты ыстық. Дүйсенбі күні ауа температурасы 39,4°C-қа дейін жеткен.
KSAT телеарнасының хабарлауынша, көлік Сан-Антонионың оңтүстік-батыс аймағынан, темір жолға жақын жерден табылған. Сан-Антонио полициясының басшысы Уильям Макманустың айтуынша, тергеу ісі федералды агенттерге берілді, үш адам ұсталды.
Мексиканың сыртқы істер министрі Марсело Эбрард мемлекеттік елшінің оқиға орнына бет алғанын хабарлады. Ол құрбан болғандардың ұлты әзірге белгісіз екенін атап өтті.
Техастың республикашыл-губернаторы Грег Эбботт адамдардың қазасына президент Джо Байденді кінәлады. Оның пікірінше, бұл оқиға президенттің "ашық шекара жойқын саясатының" нәтижесі.