Қазақстандық резиденттер мемлекеттік емтиханнан жаппай құлағанына наразы: Министрлік мұны жоққа шығарып отыр

Қазақстанда мемлекеттік емтиханнан жаппай құлаған болашақ дәрігерлер тест нәтижесін қайта қарауды талап етіп отыр. Олардың айтуынша, қазақ тіліндегі сұрақтар сапасыз аударылған, ал тапсырмалардың бір бөлігі өз мамандықтарына мүлде қатысы жоқ. Соның салдарынан ел бойынша жүзден астам резидент дипломсыз қалмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
10 жыл бойы білім алып, енді ғана жұмысқа кіріскелі жатқан резиденттер сынақ сұрақтарына наразы. Сөздерінше, қазақ тіліндегі тест орысшадан тікелей аударыла салған. Қала берді әр мамандыққа берілген 25 тапсырманың басым бөлігі басқа саланың сұрақтары. Кесірінен Қазақстан бойынша медицина мамандығын тәмамдағалы тұрған 100 студент дипломсыз қалды.
"Сұрақтардың барлығы негізі басында орыс тілінде құрастырылған секілді. Себебі біз қазақ тілінде тапсырдық. Мағынасы мүлде сәйкес емес, ұйқаспайды. Кәдімгідей орыс тілінен аудармаға салып аудара салғандай болды. Көбінесе құлағандардың көпшілігі сол қазақ тілінде тапсырған студенттер болды. Орыс тілінде тапсырғандар өтіп кеткен. Себебі оларда сұрақ дұрыс құрастырылған. Логикасы барлығы сәйкес, түсінікті болып тұр", – деді резидент Нұрсұлтан Тоқтасын.
Алматы, Қарағанды, Түркістан, Семей мен Батыс Қазақстандағы медицина университетінің түлектері айтқан шағым мұнымен бітпейді. Сөздерінше шешуші сынақта қойылған сұрақтардың басым бөлігі өздері таңдаған салаға қатысы жоқ. Соның кесірінен шектік көрсеткішке бар-жоғы бір-екі балл жетпей сүрінген.
"Осы уақытқа дейін өте жақсы оқығанбыз. Бесінші курсын да, жеті жылды да барлығын өте жоғары деңгейде қызыл дипломмен бітіргенбіз. Мен мысалы онкология мамандығының резидентімін. Бірінші этаптан жоғары балл жинап тұрмын. Екінші этапқа келген кезімізде, ол жерде біздің мамандыққа сай емес инфекцияның сұрақтары жүр ғой. Радиологтар бар мысалы. Оларға суреттер беру керек. Суретке қатысты диагноз қою керек. Бірақ суреттер дұрыс берілмеген. Анық емес түрлері", – деді тағы бір резидент Айгерім Еркінбекова.
Болашақ дәрігерлер қай жерден қате жібергенімізді біле алмай отырмыз дейді. Сөздерінше Ұлттық тест орталығы нәтижені ашып көрсетпеген. Апелляцияға бергенімен жауап ала алмаған. Студенттердің білімін сынаған орталық болса бұл мәселеге тек Денсаулық сақтау министрлігі жауап бере алады дейді. Өйткені сұрақты ұйымдастырған ведомство өкілдері екен.
Денсаулық сақтау министрлігі резидентура түлектерінің қорытынды аттестаттау нәтижелеріне жүргізген талдау қорытындысы бойынша емтиханды жаппай тапсыра алмау туралы ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, түлектердің 96,5 пайызы қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінен сәтті өтіп, өз біліктілігін растаған. Сонымен қатар емтиханды өткізу тәртібі, тапсырмалардың мазмұны және бағалау жүйесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына толық сәйкес келген.
“Қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңіне резидентураның 3684 түлегі қатысты. Оның ішінде 3540 адам немесе 96,5 пайызы емтиханнан сәтті өтті. Шекті деңгейден өте алмағандар саны – 134 түлек (3,5 пайыз). Орташа нәтиже 80,7 балды құрады. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде резидентураның жекелеген түлектері қорытынды аттестаттаудың екінші кезеңінің нәтижелерімен келіспейтінін білдірген жарияланымдар тарады. Денсаулық сақтау министрлігі айтылған барлық уәждерді мұқият зерделеп, жан-жақты талдау жүргізді.
Резидентура – 2 жылдан 4 жылға дейінгі практикалық даярлықты қамтитын оқу кезеңі. Емтиханды сәтті тапсырғандардың жоғары үлесі (96,5%) еліміздің медициналық жоғары оқу орындары мен клиникалық базалары халықаралық стандарттарға сай сапалы маман даярлайтынын дәлелдейді. Салыстыру үшін айтар болсақ, денсаулық сақтау жүйесі дамыған елдердің бірі – Ұлыбританияда резидентура түлектерінің қорытынды біліктілік емтихандарын сәтті тапсыру көрсеткіші шамамен 60–65%-ды құрайды”ғ – деді ведомство.
Министрлік бағалаудың екінші кезеңіндегі емтихандық кейстер бекітілген спецификациялардың негізінде әзірленіп, тестологиялық, әдістемелік және мазмұндық сараптаманың бірнеше кезеңінен өткенін алға тартты.
“Сараптамаға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессорлық-оқытушылық құрамының сарапшылары, сондай-ақ Оқу-әдістемелік бірлестік – Республикалық оқу-әдістемелік кеңес (ОӘБ–РОӘК) ұсынған ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік тілдегі тапсырмалардың сапасына қатысты түскен өтініштер де тексерілді. Нәтижесінде материалдардың дербес мазмұндық және лингвистикалық сараптамадан өткені анықталды. Бейімдеусіз сөзбе-сөз аударылған тапсырмалар фактілері анықталған жоқ.
Тағы бір маңызды жайт – ақпараттық жүйенің талдауы шекті деңгейден өте алмаған түлектердің басым бөлігі емтиханды орындауға берілген 90 минуттың толық уақытын пайдаланбағанын көрсетті. Қатысушылардың едәуір бөлігі жұмысты белгіленген уақыт бітпей тұрып аяқтап, жауаптарын қайта тексеру және клиникалық жағдайларды қайта талдау мүмкіндігін пайдаланбаған. Емтихан барысында әрбір түлек ақпараттық жүйе арқылы нақты тапсырмалар бойынша апелляция беруге мүмкіндік алды. Түскен барлық өтініштер қолданыстағы заңнамаға сәйкес Республикалық апелляциялық комиссияның қарауына жіберілді”, – деп қосты ведомство.
Министрлік қажетті нәтижеге қол жеткізе алмаған түлектердің алаңдаушылығы мен көңіл күйін түсінетінін алға тартты.
“Дәрігер үшін қорытынды аттестаттау – кәсіби қалыптасудың маңызды кезеңі. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі барлық түлектер үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге және заң талаптарының қатаң сақталуына кепілдік беруге міндетті.
Сонымен қатар шекті деңгейде өте алмаған әрбір түлек қолданыстағы қағидаларға сәйкес 6 айдан кейін қорытынды аттестаттаудан қайта өтуге құқылы”, – деп қорытты ведомство.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты