Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жүргізушіге ескерту жасаған ер адамды көлікке күштеп салып әкеткен

Ер адамды ұрлап кеткен
Фото: Видеодан скриншот

Ақтөбеде қарапайым жол жанжалы адам ұрлау дерегі бойынша қылмыстық істің қозғалуына себеп болды. Полицияға бірнеше ер адамның бір тұрғынды күштеп Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып, белгісіз бағытқа алып кеткені туралы хабар түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Адам ұрлау сәті сол маңнан өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Кейін бұл жазба тергеу барысында маңызды айғақтардың біріне айналды.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға жаяу жүргінші өткелінде басталған. Жолдан өтіп бара жатқан ер адам жүргізушіге ескерту жасаған. Осыдан кейін олардың арасында сөзге келіспеушілік туындаған. Алайда жанжал мұнымен аяқталмаған.

Полицияның мәліметінше, кейін күдіктілер жәбірленушінің үйіне келіп, оны күтіп тұрған. Ер адам таксимен шаруасына шыққан кезде олар көлікпен жолды бөгеп, таксиді тоқтатқан. Артынша жолаушыны салоннан күштеп шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен.

Оқиғадан кейін жедел-іздестіру шаралары басталды. Полиция қызметкерлері арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен күдіктілер отырған көлікті тоқтатқан. Жарияланған кадрларда тәртіп сақшыларының Lexus көлігін қоршап, күдіктілерді жерге жатқызып, қолдарына кісен салғаны көрінеді. Кейін ұсталғандар полиция бөліміне жеткізілген.

“Адам ұрлау дерегі бойынша соталды тергеу басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Ақтөбе облысының полиция департаменті.

Еске салайық, бұған дейін Петропавлда салмақ бақылауынан қашпақ болған жүк көліктерін жүргізушілері миллиондаған айыппұл алғаны хабарланған еді. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өңір әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің айтуынша, тексеру нәтижесінде 93 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, автокөлік иелеріне 14 миллион теңгеден аса айыппұл салынған.

Температуралық режим (+25°C және одан жоғары) талаптарының бұзылуы кезінде ауыр жүк көліктерінің асфальт жолдармен жүруіне қатаң тыйым салынады. Себебі бұл жол инфрақұрылымына миллиардтаған теңге көлемінде зиян келтіреді. Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында жүк салмағын белгіленген нормадан асырып тасымалдаудың 168 фактісі анықталған. Осы құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 80 миллион теңгеден асты. Сонымен қатар 5,6 мыңнан астам жүк көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 16:22
Талқылау