Қазақстандық полицейлер алып қашудың құрбаны болған қызды тасжолда құтқарып қалды

Түркістан облысында полицейлер күдік тудырған автокөлікті тоқтатқаннан кейін некеге мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қызмет атқару барысында күдік тудырған Kia маркалы автокөлікке назар аударған. Полицейлердің назарын көлік ішінде отырған жолаушы қыз аударған. Ол жүріп бара жатқан көліктің ішінен қол бұлғап, көмек сұрап жатқандай көрінген.
Полицейлер көлікті бірден тоқтатқан. Сол сәтте қыз көліктен жүгіріп шығып, полиция қызметкерінен көмек сұраған. Жылап тұрған қыздың видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
ОқыңызОқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін көліктегі азаматтар полиция бөліміне жеткізілді.
"Некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда қыз өзінің болашақ жұбайымен қарым-қатынасының өзара келісімге негізделгенін айтып, болған жағдайды екеуінің арасындағы жанжалмен түсіндіріп, арыз жазудан бас тартты. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп, болған жағдайдың барлық объективті мән-жайы анықталуда", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында бес жігіт түнгі уақытта үйіне қайтып бара жатқан қызды күштеп көлікке отырғызып, алып қашуға әрекеттенген. Қыздың жанұшыра қарсылық көрсетуінің арқасында қылмыс аяқталмай қалған. Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп, кейін күдіктілерге қатысты адам ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың әрқайсысын 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.