Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз ештеңе істей алмадық": Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Байжановтың бостандыққа шығуына пікір білдірді

Айтым мен Бақытжан Байжанов
Фото: Instagram.com/aitym / :Жлғарғы сот

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді 6 жылға сотталған Бақытжан Байжановтың амнистиямен бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айтым Нүкеновтің айтуынша, жәбірленуші тараптың адвокаттары амнистия мәселесін зерттегенімен, бұл шешімге ықпал ете алмаған. Сондай-ақ олардың айтуынша, сот отырысына жәбірленуші тарап шақырылмаған әрі алдын ала хабарланбаған. Себебі заң бойынша амнистия мәселесі жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралады.

“Адвокаттар кеше бұл мәселені зерттеді. Амнистияға қатысты болғандықтан, біз ештеңе істей алмадық. Оны жаңа Конституцияның арқасында екі рет амнистиялады. Бізді сот отырысына қоспады, хабарлама да жіберілген жоқ. Оның үстіне амнистия мәселесі жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралады. Осындай "ізгі" сотымыз бен жаңа Конституцияға рақмет”, – деп жазды ол.

 Сондай-ақ Айтым Нүкенов амнистия адамның кінәсіз екенін білдірмейтінін атап өтті.

“Амнистия – ақтау емес. Ол сот үкімін жоймайды, адамды кінәсіз деп танымайды және сотпен белгіленген кінәні жоққа шығармайды. Байжанов алдағы алты жыл бойы пробациялық бақылауда болатын сотталған адам болып қала береді”, – деді ол.

Айтым Байжанов туралы
Фото: Instagram.com/aitym

Айта кетейік, 22 шілдеде Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжановқа рақымшылық туралы заң қолданылып, ол мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Еске салайық, Астанадағы Bau мейрамханасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірген экс-министр Қуандық Бишімбаев 2024 жылғы 13 мамырда 24 жылға сотталды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасрыру бабы бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

2024 жылғы қыркүйекте Байжанов үкімді қайта қарау туралы кассациялық өтініш берген, алайда кейін оны кері қайтарып алған. Адвокаты бұл шешімнің себебін нақтыламағанымен, оның кез келген уақытта қайта жүгінуге құқығы бар екенін айтқан.

Былтыр шілдеде Байжанов Степногорск аудандық сотына өтініш жолдап, рақымшылық жасау туралы заң аясында мерзімін қысқартуды сұраған. Бұған дейін Байжановтың адвокаты рақымшылық жасалса, оның қорғауындағы азаматтың мерзімі шамамен сегіз айға қысқартылуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Сот амнистия туралы өтінішті қанағаттандырып, Байжановтың жаза мерзімін 8 ай 8 күнге қысқартты. Ол кезде ол 1 жыл 11 ай жазасын өтеп үлгерген еді. Осылайша, Байжанов 2026 жылғы қарашада бостандыққа шығуы керек болған.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 14:20
Талқылау