Астанада әйел 60-тан астам адамды алдап, 500 млн теңге жымқырған

Астанада таныстары мен көршілерін, бұрыннан араласатын адамдарды алдап келген әйелге сот үкімі шықты. Ол азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаумен ақша алып отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, әйел өзін ықпалды таныстары бар адам ретінде таныстырып, ипотеканы жедел рәсімдеуге және тұрғын үй сатып алуға көмектесетінін айтқан. Осылайша жәбірленушілерді өзіне ақша беруге, атына несие рәсімдеуге немесе жылжымайтын мүлкін кепілге қоюға көндірген. Кейін алынған қаражатты өз қажетіне жұмсаған.
Бұдан бөлек, ол декреттік төлемді көбейтіп беруге көмектесетінін айтып, азаматтардан ақша алған. Оған қоса пайызбен ақша алып, оны үстеме табыспен қайтаруға уәде беріп, оны орындамаған.
Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілердің бірі әйелдің сөзіне сеніп, екі бөлмелі пәтерін 16 миллион теңге несие алу үшін кепілге қойған. Сотталушы несиені өзі төлейтінін және оған үш бөлмелі пәтер сатып алуға көмектесетінін айтқан. Алайда ақшаны жеке мақсатына жұмсап, біраз уақыттан кейін несие төлеуді тоқтатқан. Салдарынан жәбірленушіге 9 миллион теңгеден астам шығын келген.
Тағы бір жағдайда әйел декреттік төлемді көбейтіп беремін деген сылтаумен жәбірленушіден 5 миллион теңгеден астам қаражат алып, уәдесін орындамаған.
Прокуратура мәліметінше, жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 500 миллион теңгеден асты.
Мемлекеттік айыптаушы сотта әйелдің кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтарды ұсынды. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, кейбір эпизодтар бойынша өкініш білдірген.
Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді.
Қала прокуратурасы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салып, азаматтарды сақ болуға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде әйел 17 тұрғынды пәтер айырбастау сылтауымен алдап кеткені туралы жазған едік.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз