Түркістанда жалған қожалықтың иелері жоқ мүлікті кепілге қойып, 3 миллиард теңге несие алған

Түркістанда жалған шаруа қожалықтарын құрып, жоқ мал мен мүлікті кепілге қойған ұйымдасқан анықталды. 3 миллиард теңгеден астам қаражат алған. Ұйымдасқан топ жалған шаруа қожалықтарын тіркеп, агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2016–2021 жылдары "КТ Яссы Несие" ЖШС басшылығы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға арналған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.
“Несие алу мақсатында жалған тұлғалардың атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі қоса ұсынылған. Несиелеу мамандары қажетті құжаттарды дайындап, жалған несиелік қорытындылар мен тексеру актілерін рәсімдеген. Сондай-ақ қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы жалған құжаттар жасап, несиелердің заң талаптарына сай берілгені жөнінде жалған түсінік қалыптастырған.
Бағалаушылар мен кепіл мамандары құны шындыққа сай келмейтін немесе мүлде жоқ мүліктерге жалған бағалау есептерін жасаған. Ал нотариустар ақша үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды рәсімдеп берген”, – делінген хабарламада.
ОқыңызТергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталды. 24 жалған несие рәсімделіп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысан ұсынылған. Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленді.
Ал айыпталушылардың әрқайсысына қылмыстағы рөліне қарай 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты