Қазақстанда сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталды: Кандидаттар мен БАҚ-қа қандай талап қойылды

Қазақстанда партиялық тізімдерді тіркеу кезеңі аяқталып, сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталды. 23 шілдеден 22 тамызға дейін кандидаттар мен саяси партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, жұмыс жүргізе алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңмен реттеледі.
“Мемлекет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты немесе саяси партияны қолдап не оған қарсы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді. Үгіт жұмыстары: бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар, сайлауалды кездесулер және арнайы үгіт материалдары арқылы бірнеше жолмен жүргізіледі. Сонымен бірге заң бойынша телерадиоарналар жаңалықтар мен талдау бағдарламалары кезінде үгіт материалдарын тарата алмайды. БАҚ сайлау процесін жариялау кезінде барлық кандидаттар мен партияларға қатысты ақпаратты объективті түрде беруі керек”, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ведомство журналист пен БАҚ қызметкері кандидаттың сенімді өкілі ретінде тіркелсе, ол сайлауды ақпараттық тұрғыда жариялауға қатыса алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ БАҚ пен онлайн-платформа пайдаланушылары кандидаттың немесе саяси партияның беделіне әдейі нұқсан келтіретін жалған үгіт материалдарын таратуға жол бермеуі тиіс.
БАҚ үшін талаптар
Саяси партиялардың барлығына БАҚ-та үгіт жүргізуге тең мүмкіндік беріледі. Егер белгілі бір партияның материалдарын ақылы негізде орналастыруға келісім берілсе, басқа партияларға да осындай мүмкіндік ұсынылуы керек.
Үгіт материалдарын ақылы түрде орналастыратын БАҚ пен онлайн-платформалар бұл туралы ақпаратты үгіт басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына жіберуі қажет.
Үгіт материалдарын тек Орталық сайлау комиссиясы тиісті мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
Үгіт материалдарына қандай талап қойылады?
Үгіт материалдарында оны дайындаған ұйым, тапсырыс берген адам және қандай қаражат есебінен жасалғаны туралы ақпарат көрсетілуі керек.
Шетелде дайындалған, авторы көрсетілмеген (анонимді) немесе қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ бұрынғы материалдарды пайдалануға тыйым салынады. Бұл талаптар онлайн-платформалар арқылы таратылатын үгіт материалдарына да қатысты.
Кандидаттармен кездесулер өткізу тәртібі
Жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін арнайы орындар ұсынады. Мұндай орындар барлық кандидаттарға бірдей және тең жағдайда берілуі тиіс.
Ғимараттар мен басқа нысандарға заңды түрде орналастырылған үгіт материалдарын әдейі жоюға немесе бүлдіруге де жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура сайлау процесіне қатысушыларды үгіт кезеңінде заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.
Қазақстандық әйел ұлын 380 мың теңгелік "Жаңа Ұрпақ" лагерінде ұрып тастағанын айтты
Оқыңыз