Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада өрт кезінде тұрғындар көліктерді қолмен жылжытып, өрт сөндірушілерге жол ашқан

Тұрғын үй өрт
Фото: Видеодан скриншот

Астананың Нұра ауданында орналасқан Е-36 көшесіндегі 18 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткенде ғимараттың алтыншы қабатынан қалың түтін шыққан. Өрт сөндірушілер бірден жалынды ауыздықтауға кірісіп, су үздіксіз беріліп, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Кейінірек ведомство өрттің толық сөндірілгенін хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, жалын алтыншы қабаттағы пәтердің балконы мен асүйін шарпыған. Абырой болғанда, зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелген жоқ.

Төтенше жағдайлар департаменті жариялаған бейнежазбада тұрғындардың өрт сөндірушілермен бірге ауладағы көліктерді қолмен итеріп, арнайы техниканың кедергісіз өтуіне көмектескені көрінеді.

Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысы Арқалық қаласында №5 орта мектептің төрт қабатты ғимаратының шатырынан өрт шыққаны хабарланған еді. 

ТЖМ мәліметі бойынша, хабарлама түскеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына алғашқы бөлімшесі жеткен. Оқиға орнына келген кезде ғимарат шатырының 1100 шаршы метр аумақта ашық жалынмен жанып жатқаны анықталған. Өртті сөндіруге өрт сөндіру бөлімдерінің және ТЖМ жедел-құтқару жасағының күштері жұмылдырылды. Сондай-ақ оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істеген. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 16:00
Талқылау