Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолын төмен түсіре берді": Астаналық студент өзінің ұстазын жыныстық азғындық жасады деп айыптады

Астана медицина университетінің студенті Аида Жампейісова өзінің ұстазын жыныстық азғындық жасады деп айыптады. Университет әкімшілігі шара қолданудың орнына өзімді айыптады деген қыз полицияға арыз жазған. Алайда студенті айыптаған белгілі дәрігердің жақындары бұл кінәмен келіспейді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аида Жампеисова

Студент қыздың айтуынша, оқиға 17 қараша күні Әлия Молдағұлова 26Б мекенжайында болған. Дәл осы жерде ұстазы Алышан Исмаилов жұмыс істейтін “Астана қалалық жол ауруханасы” орналасқан. 

Аида Алмасқызының сөзінше, сол күні таңертең ол өз тобының басшысы болғандықтан, тәжірибе күнделіктерін жинап алу үшін келеді. Осы кезде ұстазы емтихан бағасына көңілі толмаған студенттердің қайта тапсыруға болатынын айтады. Бұл үш студенттің ішінде өзі де болғасын ол келетінін айтады.

Аида кабинетте ұстазы екеуінің жалғыз болғанын айтады. 

“Ол терезені жабуымды өтінді, себебі өзіне қиын еді, оның жасы алпыстар шамасында. Мен артыма қарағанымда оның бөксеме қарап тұрғанын түсіндім. Осыдан кейін ол компьютер алдына отырып менің жағдайымды сұрады, өйткені бұған дейін мен денсаулығыма байланысты сұранып кеткен едім. Мен циститпен ауыратынымды айттым. Ол “ішің ауырып тұрған жоқ па” деп сұрап, ішімді сипалап, қолын төмен түсіре бастады. Іш киімімді жамбас тұсына дейін түсіріп, сипалай берді. Содан кейін “жүрегің ауырмай ма” деп сұрады, менің жоқ дегеніме қарамастан, ол тыңдап көргісі келетінін айтты, бірақ мен оны түсінбедім”, – дейді қыз.

Айтуынша, ұстазы есікті кілттеп, кеуде тартқышын шешуді бұйырған.

“Мен қатты қорыққанымнан кеуде тартқышымды көтердім. Ол мені үстелге отыруға мәжбүрлеп, кеуде тұсымды уқалай бастады. Осы кезде қатты қорқып әрі ұялып тұрғанымды айттым. Ол қарсы шығып, өзінің артық нәрсе жасамайтынын, адамдары көп екенін және өзінің дәрігер екенін алға тартты. Осыдан кейін есікті қайта ашып, компьютердің алдына отырып, маған басқа сұрақтар қойып алдарқата бастады”, – деп сөзін жалғады қыз.



Аида осыдан кейін әжетханаға шығуға сұранып, топтағы өзге студенттерге хабарласып, болған жайтты айтқан. Қатты қорыққанынан қыз жылай бастаған. Ұстазы осы сәтте қандай бағаны қалайтынын сұраған. Ол 70 баллды сызып тастап, 90 балл қойып берген. Қыз одан кейінгі әңгімесін диктофонға жазып алған. Ол онда ұстазы өзіне тиіскенін мойындағанын айтады.

Кабинеттен шыққан қыз болған оқиғаны факультет деканы мен декан орынбасарына айтып берген. Олар қызды қолдап, жұбатқан, алайда Аида одан кейін болған тәртіптік кеңесте барлығы басқаша болғанын жасырмады. Сөзінше, олар алдымен тыңдап алып, кейін “оғаш” сұрақтар қойған. Олар “диктофонға не себепті жазып алдың, неге барлығын желіге жариялайсың, университет жайлы неге теріс пікір айтасың” деп қыздың өзін айыптамақ болған.

Университет әкімшілігі қызды оқиға бір шешімін тапқанша уақытша оқудан шеттеткен. Осыдан кейін қыз полицияға арыз жазған.

Астана қалалық полиция департаменті елордалық тұрғынның атынан мұғалімнің қысым көрсетуіне байланысты шара қолдануды сұрап, жазбаша арыз түскенін растады, алайда іс қысқартылып кеткен.

“Бұл факт тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының материалды қарау нәтижелері бойынша номенклатуралық іс бойынша расталмаған деп есептен шығару туралы шешім қабылданды”, – дейді полиция.

Бұған қарамастан Аида өзге де жәбірленушілерді жинап, ұжымдық арыз жазбақ. Ол енді жалғыз үміт қоғамның назарында екенін айтады.

Бұл оқиғаға қатысты жоғарыда өз студенті айыптаған дәрігердің ұлы – Орхан Исмаилов пікір білдірді. Ол осы жағдайдан кейін 30 жылдық тәжірибесі бар әкесінің беделіне нұқсан келгенін айтады. Ол әкесінің бұған дейін де бірнеше рет ауырып жүргенін айтқан студенттің жағдайына алаңдағанын алға тартады. Айтуынша, әкесі студенттің жағдайын тексеріп беруді ұсынған, ал ол келіскен.

“Медицина мамандығына қатысы жоқтар үшін түсіндірейін, өкпе мен жүректің аускультациясы үстіндегі киімді, ал әйелдерде төстартқышын шешуді талап етеді. Ал физикалық тексеру кезінде арнайы жабуыш қажет болады, ол болмаған жағдайда бөтен біреу кіріп қалмас үшін есікті жабу қажет”, – деп түсіндірді ұлы.

Ол қазір елімізде харассмент мәселесі өршіп тұрған уақытта кез келген мәселеге екі жақты қарауға шақырады.

Талқылау