Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Спортты ұл, қыз деп бөлудің қажеті жоқ": 15 жастағы көкпаршы қыз бір-ақ күнде қалай танылғанын айтып берді

15 жастағы көкпаршы қыздың ат құлағында еркін ойнаған бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпті тәнті етті. Фотограф Ернар Алмабек көкпар тартқан бірнеше бозбаланың арасынан жалғыз қызды байқап, оны фото мен бейнежазбаға түсірген. Stan.kz тілшісі көкпаршы жасөспірімнен сұхбат алып, қызығушылығы туралы сұрап білді.

Алтынай Еркінбек Алматы облысы Кеген ауданы Жалаңаш ауылында туып-өскен. Ауыл мектебіндегі 9-сынып оқушысы. Айтуынша, үйінің жалғыз ерке қызы. Атқа шауып жүргеніне он жылдай уақыт болған екен. Кішкентайынан жануарларға, соның ішінде жылқы малына ерекше қызығушылық танытқан. Қазіргі таңда да ат баптап, екі жылқыны өзі бағатынын айтты.

“Бес жасымнан бастап атқа мінемін. Бала күнімде әкеммен еріп, жылқылардың жанында жүрдім. Сөйтіп әкем атқа шабуды үйретті”, – дейді қыз.

Өр мінезді жасөспірім ауылда көкпар тартып жүрген жігіттерді көріп, ұлттық ойынға қызығушылығы артқанын айтады. Қазақтың спортын тек сырттай бақылап жүрген Алтынай осылайша өзі де көкпар тартып көруге бел буған.

“Көкпар тартып жүргеніме бір жылдай болды. Ең бірінші рет салым көкпарды алдыма өнгеріп берген кез әлі есімнен кетер емес. Делебем қозып, ерекше сезімге бөлендім, мұны сөзбен түсіндіру мүмкін емес”, – дейді көкпаршы қыз. 

Айтуынша, алғашында ата-анасы Алтынай қыз баласы болғандықтан, оған алаңдап, жасөспірімнің көкпар ойындарына қатысуын қолдай қоймаған. Бірақ қызығушылығы мен ерекше қабілетін байқап, кейін рұқсаттарын беріпті. Алтынай спортты ұл не қыз деп жынысқа бөлудің қажеті жоқ деп санайды. Басқалары да оны түсініп, қолдау білдіреді деген үмітте.

Десе де көкпаршы Алтынай өз ортасында жалғыз қыз екен. Көкпар тартатын басқа құрбылары жоқ. Сол себепті жігіттермен бірге көкпарларға барып жүргенін жасырмайды.

Бойжеткен ауыл маңында атқа қарғытып жүргенімен, көкпар жарыстарына әзір қатыспаған. Бірақ болашақта көкпар жарыстарына қатысып, басқа да ұлттық ойындарда өзінің бағын сынап көргісі келеді екен. 

Әңгіме барысында жасөспірімнің басқа да қызығушылықтары бар екені байқалды. Ол көкпар ойындарынан бөлек, өнерге де қызығады және бос уақытында би билейді. Өжет қыз бой жеткенде актриса боламын деп армандайды екен.

15 жастағы қыз әлеуметтік желіде лезде танылып кеткеніне таңданып жүргенін жеткізді. Бір-ақ күнде Алтынай желінің жұлдызына айналды. Оның ат үстіндегі бейнежазбасы төрт күнде 500 мыңнан астам қаралым жинап үлгерген.

“Менің суреттерім мен бейнежазбам осылайша тез тарап кетеді деп күтпедім. Алайда қыздың көкпар тартуы көпшілігі үшін таңсық боп көрінген болар. Сол себепті халық арасында ерекше назар аудартты деп ойлаймын. Жағымды пікірлер мен жақсы ойлар айтылып жатты. Желі қолданушылары жақсы қабылдап, жылы лебіздерін жаудырды. Осы үшін менің танылуыма әсер еткен Ернар ағаға рахмет айтамын”, – деді ол. 

Талқылау