Қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
"Немолчи.kz" қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қоғам белсендісі өзінің Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.
“Менің үстімнен тағы да қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша іс қозғады. Бұл жолы Қызылорда облыстық полиция департаменті. Балаларды қорлау әрекеттері тақырыбын көтергеніме байланысты екенін түсініп тұрмын. Бұл аузымызды жабудың жаңа амалы ма”, — деп жазды белсенді.
Аталған ақпарат бойынша Қызылорда облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚК 147-бабының 5-бөлігімен (Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу) қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа деректер жариялауға жатпайды", — делінген Қызылорда облыстық ПД жауабында.
Еске салсақ, бұған дейін 12 мамырда құқық қорғаушы Дина Таңсәрі Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде бірінші сынып оқушысының зорланғаны туралы айтқан болатын. 7-сыныптың үш оқушысы жабылып, бірнеше рет мектептің дәретханасында зорлаған. Баланың әкесі мұғалім мәжбүрлі түрде баланы сыртқа шығарғанын алға тартты. Алайда мектеп мұғалімі баланың өзін айыптап отыр.
Әкесінің айтуынша, 1-сыныпта оқитын кенжесіне 7-сыныптың оқушылары күн көрсетпеген. Ал осыдан бір ай бұрын ұлы мектептің дәретханасында 12 мәрте зорланғанын айтқанда, төбе шашы тік тұрыпты.