Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚМГ басшысы арабтың ADNOC компаниясын Қазақстанның мұнай-газ саласының жобаларына инвестиция құюға шақырды 

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов АҚШ-қа жұмыс сапары барысында "Abu Dhabi National Oil Company" (ADNOC) Бас директоры Сұлтан Ахмед Әл Джабермен кездесті. 

Кездесуде тараптар геологиялық барлау саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

А.Хасеновтің айтуынша, ҚМГ роуд-шоуды сәтті аяқтап, өз геологиялық барлау жобаларына инвесторлар (отандық және халықаралық) тартты. 

Бүгінгі таңда ҚМГ жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасын жалғастыра отырып, сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілетін үш жаңа перспективті жобаны дайындады. 

Бұдан бөлек, әңгімелесу барысында ADNOC компаниясының әлемдегі көшбасшылығы ескеріліп, мұнай-газ химиясы өнеркәсібінде ынтымақтастықтың елеулі әлеуеті атап айтылды. Сонымен қатар энергетикалық жүйеге көшу және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. 

Асхат Хасенов ҚМГ өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтіп, ADNOC компаниясын Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа жобаларына
инвестиция құюға шақырды. 

“ҚазМұнайГаз бен "Abu Dhabi National Oil Company" серіктестігі жобаларды жүзеге асырудың тиімділігін едәуір арттырып қана қоймай, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін”, — деп атап өтті ҚМГ басшысы. 

Айта кетейік, ADNOC — 1971 жылы құрылған, Абу-Даби үкіметіне толық тиесілі әртараптандырылған жетекші энергетикалық топ. Компанияның интеграцияланған кәсіпорындар желісі энергетика саласының құны жоғары өнімнің барлық тізбегін қамтиды. ADNOC әлемдегі көміртегі шығарындысы аз, мұнай-газ өндіретін ең ірі компаниялардың бірі ретінде танымал.

Талқылау