Қызылордада 16 жастағы сыныптасын жөзекшелікпен айналысуға мәжбүрлеген: Мектеп директоры және бірнеше қызметкер жұмыстан шығарылды
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тарту фактісінің алдын алмаған уәкілетті тұлғаларға қатаң шара қолдануды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қызылорда облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі
Облыс әкімі бұл атышулы қылмыс жарты жылға жуық уақытқа созылғанын айтты. Бірақ полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен мұғалімдер бұл мәселе туралы білмеген.
"Желіде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері бұл мәселеден хабардар екені туралы ақпарат тарады. Немқұрайлылық осы қызметкерлерден басталды. Олар жағдайды алдын ала зерттеп, әрбір тұрғынды бақылауға алуы қажет еді. Алайда мұндай жұмыстар мүлде жүргізілген жоқ", – деді Нәлібаев.
Оның айтуынша, білім саласы мамандары да өз жұмыстарына немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, мұғалімдер, мектеп инспекторы өз міндеттерін орындамаған. Бұл келеңсіз оқиғаның алдын алуға мектеп психологы, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мектеп директоры еш әрекет жасаған жоқ.
Әкім оқушының сабақтан жиі қалып қоятыны белгілі болғаннан кейін мұғалімдер дұрыс профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, керісінше мәселені жасыруға тырысқанын атап өтті.
"Бүгіннен бастап №7 мектеп-лицейінің директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог, әлеуметтік педагог және сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялансын, оқу бөлімінің жауапты маманы қызметінен босатылсын. Білім басқармасының басшысына қызметіне сай емес деген мәлімдеме жасалсын", – деді облыс әкімі.
Сөзінше, оқиғаға өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы тікелей кінәлі. Сонымен қатар оны бақыламаған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ювеналды полиция бөлімі, қалалық ішкі істер басқармасы мен облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын да сынға алды.
"Осыған байланысты полиция бөлімшесінен жұмыс күнінің соңына дейін атқарылған шаралар туралы есеп беріп, жауапты мамандарға қатысты жұмыстан шығару сынды шара қабылдауды талап етемін", – деді Нәлібаев.
Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғановаға облыстағы барлық білім беру ұйымдарының жұмысын сараптай отырып, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды. Ол енді алдын алу шараларын жүргізіп, проблемасы бар отбасыларды аралау қажет.
Әкім оқиға басталғалы бері жергілікті атқарушы органдар зардап шегушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетіп келе жатқанын және алдағы уақытта да көмек көрсететінін атап өтті. Ол тергеу әрекеттерінің барынша объективті жүргізілуін талап етті.
"Бұл қылмысқа қатысы бар барлық адамдар анықталу керек, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең қатаң жазаға тартылатынына сенімдімін", – деді әкім.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікке ілінгені туралы жазған едік. Жәбірленушінің анасы барлығы қызы 10 сыныпта сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталғанын айтады.