Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында тұрғындар ауыл әкімі мұқтаж жандарға арналған үйлерді туыстарына таратып бергенін айтып шағымданды

Қызылорда облысындағы Ақжарма ауылдық округінің тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен берілетін баспаналарды ауыл әкімі өзінің жақындарына бөліп бергенін мәлімдеді. Айтуларынша көпбалалы аналарға арналған үйлердің кілті шенеуніктің қайын жұрты мен інісіне табысталған. Бірақ ауылда олардан бөлек пәтерге мұқтаж жандар көп дейді тұрғындар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

үй

Ақжарма ауылындағы 8 баланың анасы Гүлзат Шәмшат бірнеше жылдан бері әкімдіктің табалдырығын тоздырып келгенін айтады. Басты мәселесі – баспана қамы. Айтуынша, тұрып жатқан үйінің әбден тозығы жеткен. Қабырғалары сөгіліп, қыс бойы терезесінен жел соғатын үйді жамап-жасқаумен күніміз өтіп жатыр дейді. 

Мектепте еден жуушы болып жұмыс істейтін Гүлзат ауылда көпбалалы аналарға үй берілгелі жатыр дегенде қатты қуанған. Алайда жаңа баспана бұйырмапты. 

"Әкімге барсам атыңда үй бар дейді. Бес жылға дейін үй болмау керек дейді. Үш үй салынды, біреуі бұйырады деп ойладым. Бірақ әкімдік маған бермеді. Өзінің туыстарына берді", – көпбалалы ана Гүлзат Шәмшат.

Мемлекеттік бағдарламамен салынған үш үйдің екеуінің кілті ауыл әкімнің қайын ағасы мен інісіне табысталған дейді тұрғындар. Сондықтан, бұл жағдайға күмәнмен қарап отыр. Айтуларынша жаңа қонысқа ие болған шенеуніктің жақындарының бұрын да баспаналары болған. Тіпті қайын ағасы ауылдағы үйін сатып, қалаға кеткен екен. Оның үстіне тегін табысталатын баспаналар туралы хабар алдымен ауылдағы жұрттан бұрын қаладағы қайын жұртқа қалай жеткен деп көпшілік аң-таң. 

"Біреуі бауырына, біреуі қайын ағасына берілді. Халық оны біледі. Ауылда көпбалалы, үйі-жайы жоқ отбасылар бар. Соларға берілу керек еді ақылдасып. Ондай болмады. Әкім өзі билік жасап, өз қалауын істеп кетті", - дейді ауыл тұрғыны Алтай Қошқарбаева.

Ауыл әкімінің бұған өз уәжі бар. Айтуынша, бастапқыда баспаналардың қандай санат бойынша кезекте тұрған жандарға үлестірілетіні туралы белгісіз болыпты. Сондықтан тұрғын үйлердің көпбалалы аналарға арналып салынғанын ауылдықтарға дер кезінде айта алмаған. Бірақ берілген баспаналардың бірі қайын ағасына бұйырғанын мойындайды. Үш отбасы да заң шеңберінде үйлі болды деп отыр ауыл басшысы. 

"Ел болған соң бәрі ағайын-туыс қой. Бәрі туысқаным емес. Аса бір жақындарым жоқ. Тек бір үй иесі – әйелімнің туған ағасы. Жасыратыны жоқ, қайын ағам. Ол үй салынғанға дейін кезекте тұрған", – деп мәлімдеді Ақжарма ауылдық округының әкімі Ерлан Ешмұратова. 

Әкімнің айтуынша көпбалалы аналардың санаты бойынша ауылда тек 4 адам кезекте болған. Олардың бірі өз еркімен бұл баспаналардан бас тартты дейді. Алайда тұрғындардың кейбірі тегін берілген үйлер шын мұқтаж жандарға табысталмады деп қапалы.

Талқылау