Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қытайдан қашып келген босқындардың басқа елге кетуіне жағдай жасалу керек – Ермұрат Бәпи

Депутат Ермұрат Бәпи Шыңжаңдағы қысымның кесірінен шекараны заңсыз кесіп Қазақстанға келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлының шет елге кетуіне жағдай жасауды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq radiosy сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ермұрат Бапи үш адамға азаматтық берілмеуіне қатысты мәселені көтеріп, мұның себебін көрші елмен арадағы қарым-қатынаспен байланыстырды.

“Олар Қазақстанда дәрігерге қаралу, жұмыс табу, тіпті сим-карта алу сияқты проблемаларға кезігіп отыр. Әрине, Қазақстан мен Қытай арасында түрлі мемлекеттік келісімдер бар ғой. Қазақстан келісімдерге қайшы келгісі келмейді. Екіншіден, көршісінің ашуын тудырғысы келмейді. Бұл түсінікті жағдай”, – дейді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан оларға азаматтық бермесе де, үшінші елге кетуіне жағдай жасауы керек.

Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңдағы қысымның салдарына елге заңсыз қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы үш жылдан бері босқын куәлігімен ғана жүр. Оларға азаматтық та, басқа елге шығатын құжат та берілмей отыр. 

Қазан айында олардың босқын мәртебесі куәлігінің мерзімі тағы бір жылға ұзартылған. 

2017 жылдан бастап Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман халқын саяси лагерьге қамап жатқаны жайлы хабар тараған. БҰҰ есебінше, Шыңжаңдағы лагерьлерге миллион адам қамалған. Пекин мұны "кәсіп үйрету орталықтары" деп атады.

Талқылау