Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстанның экс-президенттері Ақаев пен Бакиевке іздеу жарияланды

Қырғызстанның экс-президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке "Құмтөр" алтын кенішін игерудегі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша іздеу жарияланды. Бұл туралы Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап. 

Ақаев

Қамчыбек Ташиевтің сөзінше, ведомствоаралық тергеу тобы "Құмтөр" алтын кенішін игеру жобасының түрлі кезеңдері бойынша сыбайлас жемқорлық фактілерін тексеруде. 

"Тергеу барысында жобаны іске асыруға байланысты оқиғалардың хронологиясына талдау жасалды және тергеудің келесі бағыттары анықталды: 1992-1994 жылдары компаниямен келісім жасалған, оған сәйкес мемлекеттің бұрынғы президенті Ақаев қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылды. Экс-президентке іздеу жарияланды", деді Ташиев.

Комитет басшысының айтуынша, экс-президент Құрманбек Бакиевке де осыған ұқсас айыптар тағылып, іздеу салынды. Алдағы уақытта тергеу тобы экс-президенттер Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбековтің канадалық компаниялармен республика үшін тиімсіз келісім жасаған-жасамағанын анықтайды. 

"Егер олардың қатысы бар болса, жауапкершілікке тартылады", – деді ол. 

Айта кетсек, Қырғызстан канадалық Centerra Gold Inc. ұйымынан қоршаған ортаға зардап әкелгені үшін және "Құмтөр" кенішін игеру кезінде салық төлеуден жалтарғаны үшін $4,2 млрд төлеуді талап етті. Қырғыз тарапының пікірінше, компанияның іс-әрекеттері республиканың экологиясына айтарлықтай зиян келтірген, оның ішінде кен орнының маңында мұздықтардың еру қауіпін тудырған. Қазіргі таңда Құмтөр ісі бойынша парламенттің бірқатар депутаттары, экс-президенттің інісі Асылбек Жээнбеков, бұрынғы премьер-министр Өмірбек Бабанов және басқа да бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар тергелуде. 

Талқылау