Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстан астанасында парламенттік сайлау қорытындысына қарсы наразылықтар басталды

Қырғызстанның астанасында осы сағаттарда оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың жақтастары жексенбіде өткен парламенттік сайлаудың ресми нәтижелеріне наразылығын білдіріп, митингілерге шығып жатыр. 

Тіпті, наразылық білдірушілер Бішкектегі президент сарайының жанындағы Ала-Тоо алаңына жиналып, қайта сайлау тағайындалғанға дейін сол жерден "киіз үй қалашығын" құруға дайын екендерін жеткізді.

"Біз сайлау нәтижелерін заңды деп мойындамаймыз, өйткені оларды өткізу кезінде заңнаманы өрескел бұзуға жол берілген", - деді митингі барысында "Қырғызстанның Социал-демократтары" партиясының мүшесі Ирина Карамушкина.

Карамушкина билікті әкімшілік ресурсты қолданды деп айыптады, ал сайлауда жеңіске жеткен бірқатар партиялар сайлаушыларға ашық пара берген-міс.

"Анадолу" түрік агенттігінің мәліметінше, акцияға "Ата Мекен", "Замандаш", "Республика" және "Бир-Бол" партияларының өкілдері қатысқан. Алдымен олар Орталық сайлау комиссиясының ғимаратына жиналған, өз жетекшілерінің сөздерінен кейін Ала-Тоо алаңына қарай бет алған.

Әлеуметтік желілерде пайда болған суреттерге қарағанда, құқық қорғау органдарының арнайы жасағының күштері Бішкектің орталығында жиналып жатыр. Бейнежазбалардан автобустар мен арнайы техниканың қаптап жүргенін көруге болады. 

Кейбір хабарламалардың авторлары құқық қорғау органдарындағы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, қауіпсіздік күштері Бішкектің басты алаңынан наразылық білдірушілерді шығару туралы бұйрық алғанғы туралы мәліметтермен бөлісіп жатыр. 

Сондай-ақ, наразылық білдірушілер мен журналистер алаңдағы байланыстың нашарлығына шағымданып жатыр, деп жазды әлеуметтік желі қолданушылары.

Орталық сайлау комиссиясының алдын-ала мәліметтері бойынша, сайлау учаскелерінің 98% бюллетеньдері нәтижелеріне сәйкес парламенттің жаңа шақырылымына төрт партия кіреді:  24,52% дауыспен "Биримдик", 23,89% дауыспен "Мекеним Қырғызстан" , 8,73% - бен "Қырғызстан" және 7,11% - бен "Бутун Қырғызстан". Қалған партиялар 7% шекті межеден өте алмады.

Ресми дереккөздер ТМД парламенттік ассамблеялары мен ҰҚШҰ өкілдерінің пікірін жариялап жатыр, олар Қырғызстандағы парламенттік сайлау заңға толық сәйкес өтті және еркін ерік білдіру қағидаттарына сәйкес келеді деп мәлімдеген. Сайлаудың жалпы нәтижелеріне әсер етуі мүмкін бұзушылықтар тіркелмеген.

Ресейдің Ұлттық стратегия институтының арнайы жобалар жөніндегі директоры Юрий Солозобовтың айтуынша, "өте маңызды ойыншылар" жаңа парламенттен тыс қалды, деп жазды РИА Новости.

"Қырғыз қоғамы өте радикалды, олар әділеттіліктің қарапайым түрлерін көксейді ... Сондықтан осы сайлау қалай қабылданатынын және қазіргі парламенттің қанша уақыт жұмыс істейтінін көрейік", - деді сарапшы.

Талқылау