"Кінәлілер жазаға тартылады": Әділет министрлігі 8 наурыздағы стриптиз-шоуға қатысты пікір білдірді
Әділет министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институтында 8 наурызға орай өткен корпоративте стриптиз-шоу көрсетілді деген ақпаратқа қатысты тексеруді бастады. Бұл туралы мәжіліс кулуарында Әділет министрі Қанат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство басшысы толыққанды қорытынды шығару үшін видеоның тексерілетінін атап өтті.
"Біріншіден, мен бұл қай жерде болғанын және видеода кімдер бар екенін айта алмаймын. Қазір тексеру тағайындалды, біз жағдайды анықтап жатырмыз, егер бұл шындыққа сәйкес келсе, онда кінәлілер жазаланады", – деп жауап берді Мусин журналистерге.
Еске салсақ, демалыс күндері әлеуметтік желілерде Ұлттық зияткерлік меншік институтының жүргізушісі жүктеген видео пайда болды. Ол өзін ешқандай себепсіз жұмыстан шығуға мәжбүрлеп жатқанын айтып, Әділет министріне шағымданған.
Шағым авторы 8 наурызға орай стриптиз-шоу ұйымдастырып, әйелдерді құттықтау үшін қызметкерлерді 15 мың теңгеден жинауға мәжбүрледі деп отыр.
Ұлттық зияткерлік меншік институты – Әділет министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйым. Институт өнертабысқа, селекциялық жетістікке патент беруге арналған өтінімдерге, тауар белгісін мемлекеттік тіркеуге арналған өтінімдерге сараптама жүргізеді.