Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте пиццерияда көз жұмған оқушының анасы полицейлерді әрекетсіздік танытты деп айыптады

15 жастағы Ақару Құралбай 3 шілдеде Шымкенттегі пиццериялардың бірінде тоқ соғып, көз жұмған еді. Марқұмның анасы полицейлерді әрекетсіздік танытты деп айыптады, себебі қылмыстық іс 2,5 айдан бері алға жылжымаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar басылымына сілтеме жасап. 

Ақару Құралбай

Бибіайша Құттыбаеваның қызы жазғы демалыста пиццерияда жұмыс істеген. Қайғылы оқиға болған күні қызы телефон қоңырауларына жауап бермеген. Кейін ол жұмыс орнында бейне бақылау камераларының көп екенін, телефонға қарау ережеге қайшы екенін айтқан. Біраздан соң әйел қызы Ақару Құралбайдың көз жұмғаны туралы ақпарат алған. 

Қызын жерлеген соң ол Ақару жұмыс істеген пиццерияға барып, барлығын видеоға түсіріп алған. Сөзінше, электр тоқтары ашық жатқан. Бұдан соң барлық кемшіліктер 10 күн ішінде жойылып, мекеме басшылығы қызды тоқ соғу мүмкін емес екенін мәлімдеген. Алайда сот-медициналық сараптама нәтижесі мүлде басқаша шығыпты.  

"Қызым жұмыс орнында көз жұмды. Сараптама электр тоғы соққан соң өлгенін көрсетті. Прокуратураға, Дәлбековтің өзіне де бардым. Дәлбеков істі жеке бақылауына алатынын айтты. Үшінші ай тергеу жүріп жатыр. Кінәлі әлі бостандықта, мекеме иесі неліктен жауапқа тартылмайды. Барлық дәлел бар ғой: сот-медициналық сараптама қорытындысы, жұмыс орнындағы видео. Бұлай болғаны қалай", – деді Бибіайша Құттыбаева. 

Әйелдің екі қызы бар, өзі Леңгірде тұрады. Істің алға жылжуын талап еткен ол Шымкент полиция департаментіне бірнеше рет барған, бірақ еш нәтиже жоқ, дейді. 

"Тергеудің қалай жүріп жатқанын білмеймін, олар тіпті қыздың аяқ киімін таба алмады. Бір сыңары табылды, екіншісін іздеген де жоқ. Оны өзіміз жұмыс орнынан таптық. Сонымен қатар ғимараттағы бейне бақылау камераларының жазбасын да қараған жоқ. Бірақ қызым ол жерде камера барын айтқан", – деп қосты анасы. 

Ал Шымкент полиция департаментінің өкілдері істің қозғалғанын және бақылауда екенін мәлімдеді. 

"Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 3-бөлігі "Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, аяқталған соң процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Бұл бапқа сәйкес кінәлі бес жылға бас бостандығынан айырылады. Алайда марқұмның анасы тергеу ұзақ жүргендіктен, кінәлі қашып кете ме деп күдіктенеді. Себебі ол Пәкістан азаматы екен. 

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр