Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күйеу өлімші етіп сабап, артынша өртеп жіберген әйелдің анасы сұмдық жайттармен бөлісті

Елордада әйелін айуандықпен өлтірген ер азаматтың ісі әлі қаралуда. Ол өзінің жұбайын айдалаға алып барып өлімші етіп сабап, кейіннен өртеп жіберген. Жақында өткен сот отырысында марқұм әйелдің туыстары ер азамат бұған дейін де байғұс әйелге жәбір көрсетіп келгендігін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

әйелін өлтірген

Сот отырысында өзін қалыпты ұстап, істеген ісіне қайғырып отырғандығын мүлдем көрсетпеген ер азамат түрін камераға түсіруден бас тартыпты. Қатыгез күйеуінен қорлық көрген марқұм әйелдің туыстары бұған дейін болған жайтты ашып айтты. Сөздерінше, ер азамат ішімдікке сылқия тойып алып, жарын соққынының астына жығуды әдетке айналдырған. Шаңырақ көтергендеріне 17 жыл, 6 баласы болса да, қызғаншақ азамат әйелін көршісімен опасыздық жасады деп айыптап, артынша өртеп жіберген. 

"Бір күні қызым терезеден қарап тұрса, "сен көршіні аңдып тұрсың, екеулерінің араларында бірнәрсе бар" деп айыптады. Қызымның ақталғанына қарамастан, оған сенбеді. "Егер рас айтып тұрсаң, киіміңді шешіп, тыр жалаңаш күйінде далаға шығып жүр" деп айқтан. Сұмдық-ай!", - деді марқұмның анасы.

Қайғылы оқиға былтырғы жылы қазан айында елорда жұртын дүр сілкіндірген еді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалдан кейін отағасы әйелін жапан далаға ертіп апарып, оны ұрып-соғып, артынша өртеп жіберген. Ең сорақасы, ер азамат түк білмегендей жәбір көрген әйелді сол жаққа тастап кетіпті. Қансыраған күйінде маңайдағы жолға дейін сүйретіліп барған азаматшаға жолдағы жүргізушілер көмектескен.

"Жол үстінде түрі адам танымастай, беті-басы қан-қан, шашы, құлағы мен аузы күйген әйел жолда тұрды. Біз оны көріп, бірнәрсе болғанын сездік. Ішіп алғансың ба деп сұрап едік, мен ішпеймін деп жауап қатты. Сосын жедел жәрдемнің дәрігерлеріне тапсырдық", - дейді куәгер. 

Денесінің 75%-ы күйген әйел 35 күн бойы өліммен арпаласыпты. Алайда ауыр жарақаттардан ол аруханада жан тапсырған. Күйеуінің тарапынан көрсетілген зомбылықты ер азаматтың да, әйелдің туыстары да білген. Бірақ төркініне қашып кетіп жүрген әйелге оның жақындары басу айтып, үйіне қайтарып отырған. 

"Біз балалары жетім қалмасын деп ойладық. Күйеуім сен соның табалдырығын аттап бастың, сол себепті азаматыңның үйінде қаласың деп тыйып тастайтын. Амал қанша? Екеуінің ортасына түскіміз келмеді", - дейді марқұмның анасы. 

Айыпталушының анасы баласына шаң жуытпады. Оның араққа әуестігін мойындап, балаларынң қамын ойлап, үйінде қол қусырып жатпайды деп алға тартты кейуана. Сөзінше, келіні өзі кетіп қалып жүріпті. 

Ерлі-зайыптылар Нұр-Сұлтанға Түркістан облысынан 5 жыл бұрын көшіп барыпты. Олардың артында кәмелетке толмаған алты бала аңырап қалыпты. Олардың ең кішісінің жасы 5-те. Қазір балалар әкелерінің ата-анасының үйінде. Сот отырысы 15 наурызда жалғаспақ. Ал айыпталушы болса, бұл қылмысы үшін он бес жылға сотталуы мүмкін.

Талқылау