Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кесар тілігін жасап, екеуін де аман алып қалуға болар еді": Алматыда көз жұмған жүкті келіншек жайлы туыстары айтып берді

Алматыдағы перзентханада көз жұмған ана мен баланың жақындары дәрігер қателікке жол берді деп айыптайды. Олар қайғылы оқиғаның болғанына алты айға жуық уақыт өтсе де, ақ халаттылар тиісті жазасын алмағанына наразы. Тіпті, денсаулық сақтау министрлігіне де арызданған. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайғылы жағдай 16-шы мамырда қаладағы акушерлік және гинекологиялық ғылыми орталығында болған. Қызы мен немересінен қапыда айрылған Ерлан Мұхамбетов содан бері әділдік іздеп жүр. Айтуынша, 26 жастағы келіншектің алғашқы жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіліпті. 

"Қызым ауруханаға түскенге дейін денсаулығына шағым жасамаған еді. Жүктілік те жақсы өтті. Нәрестенің дамуында да ешқандай проблема болған жоқ. Босануға келген кезде ғана шарананың үлкен екендігі анықталды. Соған қарамастан қызымды 12 мамырда табиғи жолмен босандырып алды", - деді марқұмның әкесі Ерлан Мұхамбетов.

Нәрестенің салмағы 4 келі 780 грамм болған. Жас ана басану кезінде көп қан жоғалтыпты. Дәрігерлер "амниотикалық сұйықтық эмболиясы" диагнозын қойған. 

"Қызым босанысымен жасанды тыныс алу аппаратына жатқызылды. 15 мамырда немерем қайтыс болды. 16 мамырда қызымның жүрегі тоқтады. Кесар тілігін жасап, екеуін де аман алып қалуға болар еді", - деді марқұмның әкесі Ерлан Мұхамбетов. .

Қайғылы оқиғадан кейін жедел тергеу басталып, өлімге қанның көп кетуі себеп болғаны анықталған. Осыдан соң босандырған дәрігер жұмыстан шеттетілген.    

"Негізінен кесар тілігі салмағы 5 келіден асатын балаларға жасалады. Дәрігерлер келіншекті босандырар алдында оны жан-жақты тексеруден өткізді. Табиғи жолмен туа алатындығына сенімді болған. Босандырған акушер мен дәрігер жұмыстан шеттетілді", - деді Алматы қаласы акушерлік гинекология және перинатология ғылыми орталығының ресми өкілі Марина Рузматова.

Қара жамылған отбасы денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіріпті. Оқиғаның жай-жапсарын тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті анықтауға тырысқан. Ондағылар істі қалалық полицияға жолдапты.  

"Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық іс тіркелуде. Қылмыстық кодекстің 317 бабының 3 тармағы бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды", - деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қапыда қызынан айрылып қалған отбасы болған жайтқа кінәлілер заң алдында қатаң жазаланғанын қалайды. Олардың өз ісіне салғырттық танытқандарды медицина саласына мүлде жолатуға болмайтынын айтады. Өйткені қайғылы жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.   

Бұған дейін марқұмның күйеуі Әміре Бахытжанов та әлеуметтік желіде әділдікке жете алмай жүргендіктен, оқиға туралы қоғамның алдында айтуға тура келгенін жазды

Талқылау