КешYou-дің экс-солисі әншілікті тастап, бет әрлеуші болып кетті
Алғашқыда "Лашын", кейіннен "КешYou" тобында ән салған Элизат Берікова бүгінде шоу-бизнестен алшақтап кетті. Ол әншілікті тастап, бет әрлеушілікпен айналысуда. Бала күнгі арманына жеткен ол тіпті жеке сән салонын да ашқан.
Бұл туралы Stan.kz НТК арнасының "Ревю" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Визажист болу Элизаттың бала күнгі арманы екен. Берікова сұлулық салонын ашу үшін ақша жинап, өз күшімен бизнеске бет бұрған.
"Жалпы бұл ақша табу көзі емес, бұл бизнесті ол үшін ашқан жоқпын. Сүйікті ісім болғандықтан, оны іске асырамын деп шештім", – дейді Берікова.
Кезінде өзге визажистердің қызметіне жүгініп, сахнаға шығатын Элизат бүгінде өзі мейкап-әртіс атанып отыр. Экс-Кешьюлік бикеш жұлдыздарды ғана емес, қарапайым қыздарды да әрлейді.
"Бәрі инстаграм желісі арқылы келіп жатыр. Өтірік емес. Біреуі мені көру үшін келеді, суретке түседі. Біреу сынап келеді. "Қайсы көрейінші жақсы бояй ма екен, қандай екен", – деген сияқты. Ондай кісілерді де көріп жатырмын. Естіп жатырмын. Бірақ бұл менің еңбегім", – дейді Элизат ағынан жарылып.
Бүгінде жеке сән салонын ашқан Элизат өнерден біржола қол үзуім мүмкін, дейді. Кезінде еліміздегі ең танымал қыздар тобында ән салғанына қарамастан, Элизат бұл салаға аса қызықпайтын болып шықты.
"Қазіргі сәтте маған ол қатты қызық емес. Мүмкін алда болар. Бірақ жаңағыдай клип түсіріп, бір ән жазып қойып, жарты жылда шыққан дұрыс емес", – дейді Берікова.
Оның үстіне, Кешьюден кеткелі Элизат продюсерсіз өнер көрсету қиынға соққанын жасырмайды. Берікова Мақсатқызының қадірін енді түсінгендей.
"Студияда бір дұрыс айта алмай қалған кездерде, Бағым Мақсатқызы: "Сенің аузыңа шәйнәп беріп тұрған нәрсені неге жұта алмай тұрсың", деп ұрысатын. Бірақ қазір қарап тұрсаң, шынымен айтылған нәрсе екен", – дейді Берікова.
Элизат сондай-ақ, соңғы кездері актриса ретінде де танылып жүр. Берікова толықметрлі картиналарға ғана емес, телехикаяларға да шақыртулар алып отырады. Бірақ, ол ұсынылған әр рөлді күйеуімен талқылайды екен.
"Ол міндетті түрде қандай сахналар бар екенін, сүйісетін, құшақтасатын сахналар жоқ па деп міндетті түрде сұрайды. Қазір күйеуіме айтпай жатып, басында сұрап алатын болдым", - дейді Элизат.