Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап не өзгереді

2024 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар өзгерістер болады. Кәсіпкерлер салық декларациясын тапсырып, қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріледі. Сондай-ақ зейнетақы қорында жаңа жарна пайда болып, кеншілер 200 мың теңгеге дейін әлеуметтік төлем алады. Одан бөлек жәрдемақы мен зейнетақы мөлшері өседі.Толығырақ Stan.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз!

Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге көтеріледі

Мемлекет басшысы "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға қол қойып, 2024 жылға арналған ең төменгі жалақы белгіленді.

Заңға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап:

  • ең төменгі жалақы 85 мың теңге;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 мың теңге;
  • зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 мың теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш – 3692 теңге;
  • базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін өмір сүру минимумы 43 мың теңгені құрайды.

Жәрдемақылар мен зейнетақы мөлшері өседі

2024 жылы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де ұлғаяды.

  • 1, 2, 3 бала туғанда берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін;
  • 4 және одан көп бала туғанда берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін өседі.
  • Бала санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы:

  • 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін,
  • 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін өседі.
  • Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы:

  • I топ – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
  • II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
  • III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін көтеріледі.
  • Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ке ұлғайтылады.

"Балаларға арналған ұлттық қор" жобасы іске қосылады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап президенттің тапсырмасымен "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасы іске қосылады. Оның шарты бойынша барлық кәмелетке толмағандар жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын алатын болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының хабарлауынша, өткен жылдары балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің бір бөлігі ретінде инвестицияланып, нәтижесінде қосымша табыс болады.

Бала 18 жасқа толғанша шотында 3-4 мың доллар ақша жиналады деп күтілуде.

Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсауға құқылы. Бұл ретте ақшаны шетелде білім алу үшін пайдалануға рұқсат етіледі.

2006 жылы және одан кейін туған балалардың, оның ішінде қорғаншылыққа/қамқоршылыққа тағайындалған балалардың заңды өкілдері бүгінде "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасына қатысуды қамтамасыз ету үшін:

  • Баланың жеке басын куәландыратын құжатты (балалардың азаматтығын анықтау үшін), оның ішінде ЖСН алу керек.
  • Мәліметтердің болуын және дұрыстығын тексеру: тегі, аты, әкесінің аты; туған жылы; кәмелетке толмаған баланың ЖСН және азаматтығы.
  • "Электрондық үкімет" веб-порталындағы "Балалар туралы ақпарат" бөліміндегі жеке кабинетте балалар туралы ақпараттың бар-жоғын тексеру керек.

Жобаның негізгі жүзеге асырушысы мақсатты жинақтардың есебін жүргізетін және төлемдерін жүзеге асыратын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ). Мақсатты талаптар мен мақсатты жинақтарды есепке алу доллармен жүргізілетін болады.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында баланың Жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) пайдалана отырып, оның нысаналы талаптарға қатысушылар санатына қосылуы туралы ақпаратты тексеріп, аударым сомасын білуге ​​болады.

Бұл ретте балалардың заңды өкілдері egov.kz сайтындағы жеке кабинетін де тексере алады.



Қазақстан азаматтарының мобильді аударымдары тексеріле бастайды

2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мобильді аударымдар заң бойынша тексеріледі. 

2023 жылы мемлекеттік кірістер комитеті банк шоттарына кәсіпкерлік қызметпен байланысты ақша түскен азаматтар туралы банктерден ақпарат ала бастады.

Кәсіпкерлік қызметтің белгілерін анықтау критерийі ретінде жеке тұлғаның жеке банктік шотына қатарынан үш айдың ішінде ай сайын әртүрлі тұлғалардан 100-ден астам аударым түскені көрсетілген. Сондай-ақ банктерден қазақстандықтардың аударымдары туралы ақпаратты кезең-кезеңмен алу мерзімдері анықталды:

  • 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметшілерге, оларға теңестірілген адамдарға және олардың жұбайларына;
  • 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне және олардың жұбайларына;
  • 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары үшін;
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі үшін.

Бүгінге дейін тек мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары туралы ақпарат алынды.

Кәсіпкерлер салық декларациясын тапсырады

2024 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Бұған дейін мемлекеттік қызметкерлер, дәрігер мен мұғалім, мәдениет қызметкерлері, ұлттық компания мамандары тапсырса, енді жеке кәсіпкерлер пен ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) иелері, компания басшылары мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға міндеттеледі.

Жалпыға бірдей декларацияны тұрғылықты мекенжайы бойынша тапсыруы керек. Қағаз түрінде тапсырылған декларацияны 2024 жылдың 15 шілдесіне дейін кешіктірмеген жөн. 

Егер декларацияны электронды нұсқада ұсынса, онда 2024 жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмеу қажет. Электронды нұсқада декларацияны Салық төлеушінің кабинетінде (cabinet.salyk.kz), "Электронды үкімет" порталында (egov.kz), сонымен қатар e-Salyq Azamat, eGov mobile мен Halyk мобильді қосымшаларында да тапсыруға болады. 

Жеке тұлға декларацияны тапсыру кезінде ақпаратты толық ұсынбаса немесе қате ақпарат көрсетсе, алғашқы салық органдары тек ескерту жасайды. 

Азамат бір жыл ішінде екінші рет заң бұзса, онда 15 АЕК (2024 жыл үшін 15*3 692= 55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек жеке тұлға салық төлеу қажет нысандарды декларацияда көрсетпесе, онда төленбеген салықтың 200% көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Егер бұл тағы да қайталанса, айыппұл көлемі 300% болады. 

Декларация төрт кезең бойынша жүзеге асырылады:

  • Бірінші кезең 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары (зайыбы) ұсынған жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсыну іске қосылды;
  • 2023 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлерін және олардың жұбайларын қамтыған екінші кезең іске қосылды;
  • Үшінші кезеңде 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары декларацияланды;
  • Төртінші кезең аясында 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қалған санаттағы азаматтар декларацияланады.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдар әлеуметтік төлем алады

Қазақстанда кеншілер 2024 жылдан бастап 200 мың теңгеден әлеуметтік төлем ала алады. 

Арнайы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.

Келесі жылы зиянды өндірісте істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем алуға құқылы. Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді.

Арнайы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады

Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше қордан төленеді:

  • 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде республикалық бюджеттен арнайы кәсіби төлем;
  • БЖЗҚ-дан бар зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және міндетті зейнетақы жарналары есебінен;
  • өмірді сақтандыру компанияларынан 1 ең төменгі күнкөріс мөлшерінде төлем;
  • жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс мөлшеріндегі төлем.

Егер қызметкердің өзі арнайы әлеуметтік төлем алуға өтініш беретін болса, төлемнің мөлшері орта есеппен шамамен 200 мың теңгені құрайды. Жекелеп қарастыратын болсақ, жұмысшылардың табысына қарай, оларға ұлғайтылған сомаға еңбек кепілдіктері қарастырылған. Жалақы мөлшері 300 және 400 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін.

2024 жылдан бастап автогаздың бағасы өседі

Энергетика министрлігі сұйытылған газдың бөлшек саудадағы шекті бағасын бекітті. 

Жаңа баға 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Шекті баға аймақтар бойынша бекітілген: 

  • Астана – 76 теңге;
  • Алматы – 81 теңге;
  • Шымкент – 64 теңге;
  • Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге;
  • Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге;
  • Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды ​​облыстары – 76 теңге;
  • Жамбыл облысы – 71 теңге;
  • Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары – 64 теңге;
  • Павлодар облысы – 74 теңге.
  • Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге.

Сонымен қатар, әр облыстың шалғай аудандары үшін (облыс орталықтарынан 200 шақырымнан астам) шекті баға 5 теңгеге қымбат болады.

Жұмыс берушілер өз есебінен зейнетақы жарналарын аударады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмысшылары үшін қосымша міндетті зейнетақы жарналарын аударады. 1975 жылдан кейін туған әрбір қызметкер үшін басшылық ай сайынғы табысының тағы 1,5 пайызын аударуға міндетті болады. 

Алғашқы жылы зейнетақы жарнасының мөлшері жалақының 1,5 процентін құраса, 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен 5 процентке дейін көтеріледі.

  • 2024 жылы – 1,5%;
  • 2025 жылы – 2,5%;
  • 2026 жылы – 3,5%;
  • 2027 жылы – 4,5%;
  • 2028 жылы – 5,0%.

Бұл жинақтар азаматтардың меншігі емес және мұрагерлікке жатпайды. Оларды баспанаға немесе емге жұмсауға болмайды. Ақша әрбір қызметкердің зейнетке шыққанына дейін зейнетақы шотында сақталады. Сарапшылар қосымша шегерімдерді негізді деп санайды. Бірақ кейбір жұмыс берушілер бұл ақшаны өз қызметкерлерінің жалақысынан ұстайтыны да жоқ емес.

Бірыңғай жиынтық төлем енді болмайды

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің қолданылу мерзімі аяқталады.

БЖТ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 2019 жылы уақытша енгізілген болатын.

Бірыңғай жиынтық төлемнің ай сайынғы мөлшері: республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК; ал басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК болды.

Алайда үкімет бес жыл бойы қолданылған бірыңғай жиынтық төлемді 2024 жылдан бастап алып тастауды жөн көрді. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, БЖТ өзін-өзі ақтамаған.

Жасөспірім қыздар папилломаға қарсы вакцинацияланады

Папилломаға қарсы вакцинация 2024-2025 жылғы Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне енгізіледі. Инфекциялардан туындаған онкологиялық аурулардың алдын алуды қамтамасыз ету үшін 11 жастағы жасөспірім қыздарды папиллома вирусына қарсы  вакцинациялау жоспарланған. 

2020 жылы ел үкіметі 2021 жылы Қазақстанда HPV вирусына қарсы вакцинация басталатынын хабарлады, бірақ содан кейін бұл бағдарлама жойылды. HPV көбінесе жатыр мойны қатерлі ісігі, жыныс мүшелерінің ісіктері және басқа да қауіпті аурулардың дамуына себеп болады. Он жылдан астам уақыт бойы әлемнің көптеген елдерінде қыздар  папилломаға қарсы егілді.

Онкогинекологтардың айтуынша, жыныстық қатынас басталғанға дейін қыздарды вакцинациялау маңызды, әдетте бұл вакциналарды 11-13 жас аралығындағы қыздар алады. Бұл жаста балалар вирусты жұқтырып үлгермегендіктен, жаппай вакцинацияның эффективтілігі жоғары. Алайда егде жастағы науқастарға да ұсынуға болады.

ҰБТ форматына өзгерістер енгізіледі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2024 жылғы ҰБТ форматына енгізілетін өзгерістерді мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024 жылғы ҰБТ-да тест сұрақтарының саны өзгереді, сондай-ақ бейіндік пәндерге жаңаша тапсырмалар қосылып, тестілеу уақыты қысқарады. 

"ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау пәндері. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Бұл өзгерістер – тест тапсырмаларының сапасын арттыру мен олардың функционалдық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын бағалаудың әлемдік стандарттарына сәйкестігі бағытындағы жұмыстардың қисынды жалғасы", – деді министр. 

"Шығармашылық бағыттарды таңдаған талапкерлер "Қазақстан тарихы" мен "Оқу сауаттылығы" пәндерімен қатар "Математикалық сауаттылықты" міндетті пән ретінде тапсырады. 

Саусақ іздері 

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан тұрғындарының жеке басын куәландыратын құжаттарда иесінің саусақ іздері болады. 

Бірақ қазақстандықтар саусақ іздерін ерікті түрде тапсырады. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады.

Азаматтар саусақ ізін жеке басын куәландыратын құжаттарды жасатқанда тапсыра алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазақстандықтарды дактилоскопиядан өтуге ешкім міндеттемейді.

Қазақстан 2024 жылы бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді

Сауда жəне интеграция министрлігі "Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы" үкімет қаулысына өзгерістер әзірледі.

Құжатқа сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылғы 29 ақпаннан 2024 жылғы 01 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа ауыстырады.

Осылайша Қазақстанның бүкіл аумағы 5-сағаттық белдеуде орналасады.

Қазақстан Республикасында екі уақыт белдеуі қолданылады (UTC+5, UTC+6). Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары – 4- сағат белдеуінде (UTC+4+1). Астана, Алматы, Шымкент қалалары және қалған облыстар (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы) 5-сағат белдеуіне (UTC+5+1) жатады.

Бұл ретте, бүгінгі күні Қазақстан Республикасы азаматтарының едәуір бөлігі (Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының, Астана және Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындары) өзінің географиялық уақытынан озып-UTC+6 әкімшілік уақыт белдеуі бойынша өмір сүреді. Аумақтық көрсетілген аймақтар UTC + 5 уақыт белдеуінде орналасқан.

Қазақстандықтардың петициясы үкімет деңгейінде қаралады

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров келесі жылы қандай петициялар облыстық және республикалық деңгейде қаралатынын айтты.

Биыл 2 қазанда президент "Қоғамдық бақылау туралы" заңға қол қойды. Заң алты айдан кейін, яғни келесі жылы 4 сәуірде күшіне енеді. Заңда петиция институты реттелген.

Петицияны е-өтініштің модулі ретінде электронды форматта, сондай-ақ жазбаша түрде де беру мүмкіндігі қарастырылған. Петицияны қарастыру шегі – 2,5 мыңнан 50 мың адамға дейін.

  • Петицияны аудан әкімдігі қарау үшін 2,5 мыңнан астам қол жинау қажет. Ал аудандық мәслихат қарау үшін 5 мың адамның қолдауы керек;
  • Облыстық деңгейде қарастырылатын петиция үшін облыс халқының 1 пайызынан астамының қолы қажет. Егер облыс тұрғындарының 2 пайызы қолдаса, онда облыстық мәслихат қарайды;
  • петицияны қолдаушылар саны 50 мың адамнан асса, ол үкімет деңгейінде қаралады.

Е-өтініш ақпараттық жүйесінде бөлек модуль болады. Сол жерде жарияланған петициялар қарастырылады.

Бизнесті тексеруге мораторий аяқталды

Қазақстанда шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін барып тексеруге мораторий аяқталды. 1 қаңтардан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тексерісі қайта жанданады.

Елімізде бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жарияланған болатын. Бастапқыда мораторий 2023 жылғы қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Алайда былтыр президент оның мерзімін тағы бір жылға ұзартты.

Сондай-ақ 2024 жылдан бастап бизнесті тексеруге адам қатыспайды. Өйткені елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде.

Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі жапсыру керек

Қазақстанда газ баллонымен жүретін автомобильдер арнайы белгі орнатуға міндетті болады.

Бұл таңбада "GAS" деген жазу мен леп белгісі бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрыш бейнеленген. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуы тиіс.

Талқылау