Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2024 жылы тұрғын үй бағасы төмендей ме – Cарапшы пікірі

Биыл жылжымайтын мүлік нарығындағы сауда 2021-2022 жылдармен салыстырғанда бәсеңдеген. Дегенмен сарапшылар бұл жағдайдың бағаға аса әсер етпегенін айтады. Осы тұста Stan.kz тілшісі үй бағасына қатысты болжамдар және оның төңірегіндегі өзекті мәселелердің жауабын бес жылдан бері тұрғын үй саласында еңбек етіп жүрген Алина Иманғалиевадан сұрап көрді. 

Ұлттық  статистика бюросының мәліметінше биылғы қарашада тұрғын үй алу-сату бойынша 31 727 жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Мысалы, 2022 жылы қазанда тұрғын үйді сату-сатып алу рәсімдерінің саны 32 975 болған. Бұл 2022 жылдың қазанымен салыстырғанда 3,8 %, ал қараша айындағы былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,1%-ға қысқарған. 

Баспана сатып алушылар саны азайғанына қарамастан, елдегі үй құрылысының қарқыны керісінше өскен. Мәселен, биыл сегіз ай ішінде бірінші нарықтағы жаңа үй құрылысы 13%-ға артыпты. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының дерегі осылай. Еліміздегі ірі қалаларда үйлердің ай сайынғы өсімі 0,1-0,5 % аралығында байқалып отыр. Ал жыл бойғы жаңа баспананың құны елімізде орташа есеппен 5,7 пайызға өссе, екінші нарықтағы үйдегі пәтерлер 3,9 пайызға арзандаған. 

2024 жылы үй бағасы төмендей ме?

Тұрғын-үй саласы бойынша сарапшы Алина Иманғалиева баспана бағасы алдағы уақытта төмендейді деп ойламайды.

“Халық арасында жаңа жылдан кейін үй бағасы айтарлықтай төмендейді деп айтылып жүр. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, тек "миф". Қазақстанда үй ешқашан арзандамаған және арзандамайды. Оның үстіне, келер жылы қаңтардан бастап ипотеканың пайызы тағы өседі деп күтілуде. Сол себепті жаңа жылдан бастап бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүлік құны тағы қымбаттауы мүмкін”, – дейді ол.



Сарапшының сөзінше, соңғы бір-екі айда баспана бағасы әжептәуір өскен.

“Мысалы қараша айындағы пәтерлер қазір мүлде басқа бағада сатылып жатыр. Сол уақытта сатып алғалы жүрген адамдардың ақшалары жетпей қалуда. Жинаған ақшаларының үстінен тағы ақша қосуларына тура келіп жатыр. Өйткені олар ұнатқан пәтерлер сәл қымбаттаған. Менің айтқым келетіні, үй арзандамайды. Иә, баспана сатылымы әрқашан бола береді. Бірақ қазір сәл бәсеңдеді. Мәселен, 2021-2022 жылдары көп сатылым болған. Аптасына кем дегенде 10-15 шақты үй рәсімін жүргізетінбіз. Қазір ондай қарқын жоқ", – дейді сарапшы. 

Баға болжамы: Қандай факторлар әсер етеді?

Алина Иманғалиеваның айтуынша, бағаның өсуіне әкелетін негізгі фактор – құрылыс материалдары. Cөзінше, Қазақстанда құрылыс материалдары аса өндірілмейтіндіктен сырттан әкелінеді, бұл бағаның шарықтауына әкеп соғады. 

“Қазір көптеген құрылыс компанияларына мораторий беріп тастады. Көптеген құрылыс компанияларына жерлер берілмейді. Сондықтан көбісі нарықтан кетеді. Ең мықты деген, бұрыннан істеп келе жатқан компаниялар ғана қалады нарықта қалып отыр”, – деді ол.

Сарапшы үй бағасының шарықтауына әкелетін тағы бір жолды атады. Айтуынша, мемлекет тарапынан тұрғын үй саясатын жеңілдету шаралары жасалып жатқанымен, оның игілігін халық толық сезініп жатқан жоқ. Өйткені нарық сұранысына сай ипотекалық бағдарламалар қатары аз. 

“Банктердің пайыздық үстемені өсіруі де баспана бағасының өсуіне әкеледі. 2024 жылы ипотекалар іске қосылады. Мысалы "9-20-25", "Ұмай" бағдарламларының іске қосылады деп күтілуде. Биыл ипотекалық бағдарламалар аз болғандықтан сатылым деңгейі де төмендеді. Бірақ соған қарамастан ол пәтер бағасына аса әсер етіп жатқан жоқ”,- деген деректерді келтірді сарапшы. 

Сарапшының сөзінше, баспана сатылымы бәсеңдесе де, ешкім оның бағасын түсіргісі келмейді.

"Мен халықпен тікелей жұмыс істеп жүргендіктен олардың не үшін баспана бағасын түсіргісі келмейтінін білемін. Мысалы мен пәтер сататындарға, оның үйі бір айдан бері өтпей тұрғанын айтып, бағаны сәл болсын түсіруге кеңес беремін. Алайда оған олар келіспейді. Өйткені оның өзі сатып алғысы келіп тұрған пәтері қымбат баға сұрап тұрғанын айтып ақталады. Ол өз үйін арзан бағаға сатса, өзі таңдап тұрған пәтерін ала алмай қалады. Он адамның тоғызы тура осылай айтады”,-деді Алина Иманғалиева.

“Екінші нарықтағы пәтерлерге жаңа ипотека керек”

Бүгінде сұраныс бірінші нарықтағы пәтерлерге басым. Сарапшы екінші нарықтағы сауданың тұралап қалуының өзіндік себебін түсіндіріп берді. 

"Елімізде көптеген ипотекалық бағдарламалар бірінші нарықтағы үйлерге арналып жасалған. Мысалы "Отбасы" банкінде 30/70  бағдарламасы бар, оның өзі бірінші нарықтағы пәтерге арналған. Екінші нарыққа арналған ипотекалық бағдарлама елімізде өте аз. Сондықтан, екінші нарыққа арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар керек. Жаңа үйді алғанымен, оның жөндеу жұмыстарына тағы ақша керек. Көп адамда ол ақша болмауы мүмкін. Халық еріксіз несие үстіне, несие алып қарызға кіріп жатады. Ал екінші нарықтан алса бұл жағынан көп көмек болушы еді. Жөндеу жұмыстарына аса шығындалмас еді. Сол үшін арнайы бағдарлама керек. Ал 50/50 бағдарламасы адамдарға сәл қиындау болып тұр. Ақша жинай алмайды. Жинаймын дегенше баға өсіп кете береді", – деп сөзін қортындылады спикер. 
Талқылау