Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті

Ақниет Фото: Ақниет Қуантқанның жеке архиві

Желіде қазақ тілінде түрлі видеолар түсіріп жүрген қара торы бала жұртты сүйсіндірді. 19 жастағы Ақниет Қуантқанның айтуынша, өзін көшеде, қоғамдық орындарда шетелдік деп шатастыратындар көп екен. Тіпті суретке түсіп, шашын ұстап көріп, таңданатындар да жоқ емес. Ақтаудың қазағымын деген Ақниет Stan.kz тілшісіне басынан өткен оқиғаларын бөлісті.

Ақниет Атырау облысы Құлсары қаласында туған. 14 жасында Ақтау қаласына көшіп келген.

“Биыл колледжде медицина саласында тіс дәрігер, дантист мамандығын бітірдім. Енді осы жылы универге өз мамандығымда оқуға тапсырып қойдым, жауап күтіп жүрмін. Отбасымда анам, екі әпкем бір інім мен қарындасым бар. Осыдан 1 жыл бұрын Қазақстаннан кетіп, шетелде оқимын деп жоспарлап едім. Бірақ кейін кеткім де келмей қалды. Себептер көп”, – деді ол.

Фото: Ақниет бауырларымен анасымен (жеке архивінен)

“Адамдар шетелдік деп ойлап, маған ағылшынша сөйлейді”

Ақниет өзін көшеде, басқа қалада тіпті шетелдің өзінде қазақ емес, шетелдік деп шатастыратындар көп екенін алға тартты.

“Ұлтым – қазақ. Бірақ өмірде шетелдік деп көп шатастырады. Ақтау, жалпы Батыс Қазақстанда адамдар желіден көріп жүргесін танып жатады. Ал Алматы сияқты үлкен қалаларда мейрамханаларда тіпті ағылшынша мәзір берген қызық жағдайлар өте көп болды. Адамдар көшеде бірдеңе сұрағысы келгенде әңгімені ағылшынша бастайды. Көшеде, қоғамдық көлікте, кейде кішкентай балалар қолдарымен мені нұсқап жанындағыларға көрсетіп жатады. Құжаттармен жүргенде, әуежайда тексеру бақылау пунктерінде құжаттарыма ұзақ қарап, сұрақтар қоятын жағдайлар болып тұрады. Ал шетелге шыққанда қазақтармен басында ағылшынша сөйлеп, кейін қазақша сөйлегенде қазақсың ба деп қатты таңғалады.

Тіпті 4 жыл оқыған группаластарым да алғаш танысқанымызда шетелдік, басқа ұлт деп ойлаған. Достарыммен қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Басында әрине қызық көргендер болды. Ал қазір үйренісіп кеттік. Көбіне көшеде адамдар менімен суретке түскілері келіп рұқсат сұрайды. Достарым үнемі “сенімен көшеге шықсақ бар назардың астында қаламыз” деп айтып жатады. Себебі адамдар шынымен басқаша қарайды”, – деп қосты жігіт.

Ақниет қазақ тілінен басқа ағылшын, орыс тілдерін меңгерген екен.

“Бірақ орыс тілін көп қолданбаймын. Негізі мен – ұлтжанды азаматпын. Жұмыста да орыс тілін қолданбаймын. Жалпы қолданбауға тырысамын. Қазақша сөйлегенде де “или”, “типа” деген сөздерді араластырмай, таза қазақша сөйлеуге тырысамын. Сонымен ағылшынша, қазақша білемін. Орыс тілін де білемін, бірақ қолданбаймын”, – деп қосты ол. 

@k.akniet

Күнде осындай жағдай болады😂 ( автобус,колледж,дүкен, көшеде т.б)

♬ original sound - K.Akniet🇰🇿

“Менімен фотоға түсіп, автобуста шашымды тартып, ұстап көреді”

Ақтаулық жігіт қазақы тәрбие бойына бауырмалдықты, адамгершілікті сіңірген дейді.

“Адамдар туралы бірден жаман ойламауға тырысамын. Мәселен, кейбіреулер менімен фотоға түсіп жатады немесе автобуста шашымды қатты тартып ұстап көреді. Сол кезде айқай шығарып, жанжалдаспаймын. Бірінші рет көріп тұрғандықтан қызық шығар деп түсіністік танытуға тырысамын. Ондайға қатты ренжімеймін.

Адамдарды қандай жағдайда болмасын бөліп жармау, үнемі амандасу, хал-жағдайын сұрау, көмек керек кезде қол ұшын созу, тіпті көмек бере алмасаң да, сөзбен жылу беру, үнемі рахмет айту деген сияқты тәрбиені бағалаймын. Адамдармен жақсы байланыста болу, әр істі бастар алдында ойлану, басқалардың қатесінен сабақ алу, орнымен үлкендерді сыйлауды үйрендім”, – деді ол.

@k.akniet #blacklivesmatter ♬ original sound - K.Akniet🇰🇿

Ақниет қазір еңбектеніп, көп саяхаттап, жақсы өмір сүру үшін барын салып жүргенін алға тартты. 

“Болашақта арманым көп. Бұйырса медицина саласында, стоматолог мамандығына университетке тапсырдым. Арманым – болашақта осы қаладан теңіздің жағасынан үй алып, екінші жартымды тауып бақытты өмір сүру. Қазір саяхат пен ақша табу, аш қалмау, үй алу, адамдармен бірге даму шабыттандырады. Сонымен қатар үйлесімділікте өмір сүруді қалаймын. Ата-анаңмен, достарыңмен, бауырларыңмен бас қосудан, қайталанбас әр сәтті сезінгенге не жетсін?! Көп қайғырып, уайымдамай, өмірді нәтижелі өткізсем деймін.

Өзім де жаспын, бірақ қатарластарымның көп тілді меңгеріп, ақша таба алатындай, аяқтарына нық тұра алатындай, уақытты бос күлкіге өткізбей, өздерін барынша дамытуға арнаса деймін. Спортқа көңіл бөліп, жаман әдеттерден аулақ болып, өздерін күтсе деген кеңес берер едім”, – деп қосты ол.

@k.akniet

 

♬ original sound - K.Akniet🇰🇿

Ақниеттің желіге салған видеолары миллиондаған қаралым жинап, қазақша контенті көпшілікті тәнті етіп жүр. Желі қолданушылары оның видеоларының астына түрлі пікірлер жазып отырады.

“Былтыр стримнен көргенмін. Небір тәрбиесіздердің сұрағына өте көркем түрде жауап беріп отырды. Өте тәрбиелі, сабырлы жігіт екен”, “Мамасының жүрегі”, “Мың қараның ішінен таңдап алған аппағым”, “Осы баланы сондай жақсы көремін”, “Түрі қара болғанымен жүрегі аппақ бала”, “Тәрбиесі мықты бала”, “Анасының аппақ жүрегі”, “Аты қандай тамаша Ақниет деген” “Қазақтың қара домалақ баласы”, – деп жазды желі қолданушылар. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 18 Шілде, 2025 14:37
Талқылау