"Екінші балаға бұл салт-жоралғы жүрмейді": Қазақстандық ата-ана құдаларынан босанған қызын 40 күнге жіберуге рұқсат сұрап, кәдесый алып келген
Фото: Дильназ Дараеваның жеке архивінен
Алматылық Дильназ Дараева желіге босанғаннан кейін төркіні қайын жұртынан оны күтім жасау үшін 40 күнге сұрап алған видеосын жариялады. Оның айтуынша, бармас бұрын, анасы күйеуінің отбасына арнайы сый-сияпатпен келіп, қызын жіберуге рұқсат сұрайды. Бұл оқырмандардың арасында қызу талқыға түсіп, пікірлер екіге жарылды. Осы ретте Stan.kz тілшісі жас анадан сұхбат алып, бұл жоралғының қалай аталатынын сұрап білді.
Дильназ Дараева таяуда үш жылдан бері күткен қыздарын дүниеге әкеліп, ана атанды. Қыздары қазір екі айлық.
"Босануым да, босанғаннан кейінгі кезеңім де өте жақсы өтті. Бәрі жеңіл әрі жайлы болғаны соншалық, екінші баланы да көп күтпей дүниеге әкелгім келіп кетті. Перзентханадан шыққан соң бірден ата-анамның үйіне, яғни өзім өскен шаңыраққа бардым. Осы кезеңде үлкен қолдау мен қамқорлықты күйеуімнен, ата-анамнан және әпке-сіңлілерімнен көрдім”, – деді жас ана.
Ару мұндай салт-дәстүр ұйғыр халқында бұрыннан бері келе жатқанын айтты. Мұнда тұңғыш рет ана атанған қызды босанғаннан кейінгі қырық күн бойы ата-анасы өз шаңырағына алып кетіп, күтім жасайды.
"Әрине, қазір заманға сай өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен әр отбасы анаға қайда күтіп жасалатынын өзі шешуге құқылы. Десе де, бұл дәстүрді құрметтеп, сақтап келе жатқан отбасылар әлі де бар. Біздің отбасымыз да солардың қатарында. Күйеуімнің отбасы да бұл жағдайды толықтай түсіністікпен қабылдады. Босанғаннан кейінгі қасиетті 40 күнімді ата-анамның үйінде өткізуімді олар алдын ала біліп, қолдау көрсетті", – деді Дильназ Дараева.
Жас ана бұл шешім басынан бастап келісілген еді дейді. Дильназдың сөзінше, алғаш ана атанған қыз үшін туған анасынан артық жанашыр адам жоқ.
"Менің жағдайымда әкем де, анам да, бауырларым да көмек берді. Ырым бойынша босанған әйел мен нәресте 40 күн бойы жаман рухтардың әсеріне көбірек ұшырайды деп есептеледі. Сондықтан оларды ерекше қорғау керек. Бұл 40 күнде босанған әйелге кіруге шектеу қойылады. 12-күні нәрестеге ат қойылады. Бұл рәсімге күйеуінің туыстары мен молда шақырылады", – деді Дильназ Дараева.
Фото: Дильназ Дараеваның жеке архивінен
Видеоның астындағы оқырмандардың пікірі екіге бөлінді. Бірі қыздың анасынан 40 күнге рұқсат сұрау әділетсіздік деп санайды. "Өзі босанып, енді тағы қызы үшін рұқсат сұрай ма? Ал ер адамдар қайда?" деп таңданыстарын білдірді. Енді екіншілері бұл міндетті енелер атқаруы керек деп есептейді. "Менің енем 40 күн қарап шыққан, мен де болашақта келіндеріме өзім қараймын" деді оқырмандардың бірі.
Дильназ желі қолданушылардың сауалы орынды екенін, дегенмен қырық күн біткен соң ғана келіншек күйеуінің үйіне қайта оралатынын айтады. Оның сөзінше, әйел бұл кезде өзіне ғана емес, балаға да көп көмек болады.
"Осы дәстүр ананы қоршаған ортадан, күйбең тіршіліктен оқшаулап, оған толық демалыс беруге көмектеседі. Тек ананың емес, жаңа туған сәбидің де тыныштығы мен саулығы басты назарда болады. Босанардан бұрын қыздың анасы күйеуінің үйіне барып, қызын өз үйіне алып кетуге рұқсат сұрайды", – деді жас ана.
Дәстүрге сай, келіннің ата-анасы күйеу баланың үйіне бірнеше табақ дәм апарады екен. Ең қызығы, мұнда тұңғыш баласын әйел дәстүр бойынша анасының үйінде босанады. Бірақ екінші балаға бұл жол-жоралғы жүрмейді. Ол кезде әйел туған сәтінен бастап күйеуінің отбасында болады. Ғұрыптың аты "тиләп елиш" де аталады.
"Сый-сияпат көбіне тәтті-дәмділер мен үйде дайындалған тағамдардан тұрады. Қанша табақ болуы керек деген нақты ереже жоқ. Себебі әр отбасының мүмкіндігі мен ниетіне байланысты әкелінеді. Ең бастысы, құр қол бармай, күйеу баланың отбасына деген құрмет пен ризашылықты білдіру керек. Егер жас ананың ата-анасы бес-алты табақ апарса, олар да сонша табақ дайындап, сыйлықпен шығарып салады. Біздің отбасымыз үшін бұл дәстүрлердің орны бөлек", –деді Дильназ Дараева.
Жас ана "Бесік той", "Тиләп илиш" деген секілді жиындарға, әдетте, тек әйелдер келетінін атап өтті. Әйелдер өзара сөйлесіп, кеңесіп, ананың жағдайын біледі дейді Дильназ. Айта кетейік, көп жағдайда той шығындарын ананың өзі көтереді, сондай-ақ қызына арнап сыйлықтар мен балаға жасау дайындайды. Бұл мерекеде ерекше құрметке ие болатын адам – жас ананың сіңлісі немесе жеңгесі. Өйткені ол балаға қарап, көмектескен жан ретінде марапатталып, алғысқа бөленеді.
Фото: Дильназ Дараеваның жеке архивінен
Дильназ тағы бір мәрте көз жеткізіп, заман қанша жерден өзгерсе де, ұлттық салт-дәстүрлер өз маңызын ешқашан жоғалтпаған дейді.
"Жас аналар мен олардың жақындарына айтарым, көмектен бас тартпаңыздар. Қиын сәттерде қолдауды сұраудан ұялмаңыздар. Сәбидің өмірге келген алғашқы апталары ана үшін ең нәзік, ең әлсіз кезең. Бұл уақытта жалғыз болудың қажеті жоқ. Қасыңызда сізді жақсы көретін, жанашырлық танытатын адамдар болсын. Олардың көмегі арқылы сенімді қолда екеніңізді сезінесіз", – деді Дильназ Дараева.
@dilnaz.darayeva_ Это было в апреле. По нашим традициям, первородящая после родов едет в свой родительский дом на 40 дней, но перед тем, как уехать, ее мама приходит с подарками и просит разрешение забрать свою дочь у семьи ее мужа.
♬ Махаббат Жыры - Nurzhan Kermenbayev & Saltanat Bakayeva

"Екінші балаға бұл салт-жоралғы жүрмейді": Қазақстандық ата-ана құдаларынан босанған қызын 40 күнге жіберуге рұқсат сұрап, кәдесый алып келген
