Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ-дағы "пәк" қыздардың тізімі – Министр даулы істе кеткен екі қатені атады

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің жеке мәліметтері, оның ішінде пәктіктің бар-жоғы туралы ақпараттың таралуына қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: dknews

Министр аталған факті бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Нәтижесінде медициналық орталық қызметкері мен деканат қызметкері қате жібергені белгілі болды.

Оның айтуынша, медициналық орталық қызметкері қосымша медициналық ақпарат жазылған жолақтарды алып тастамай, флюорографиядан өтпеген студенттердің тізімін университетке жіберген. Деканат қызметкері де бұл ақпаратқа мән бермей немесе оны маңызды деп санамай, студенттерге жіберген.



"Міне, ең бастысы. Сіздер неге олар пәктікті тексерді деген сұрақ қойып отырсыздар? Негізінде, бұл студенттердің гинекологтың немесе белгілі бір маманның тексеруінен өткен-өтпегенін көрсетеді. Мәселе пәктікті анықтауда емес. Бұл қарапайым гинекологтың стандартты тексеруі және олар оны медициналық бланкіге белгілеген. Бұл жерде екі қате болды. Біріншіден, медициналық орталық мұндай форматта ақпараттық бюллетень жібермеуі керек еді. Екіншіден, деканат құжатты тексеріп алуға тиіс еді. Бұл "пәк қыздар тізімі" емес. Құжатта гинекологтың тексеруінен өткен немесе өтпегендердің тізімі жазылған", – деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрі тергеу аяқталғанша күтуді сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Алматыдағы жоғары оқу орнында оқитын студенттердің ішіндегі пәк қыздардың тізімі желіге жарияланып кетуі фактісі бойынша әдейі ұйымдастыру анықталмағанын айтқан.

Талқылау