"Қазан-ошақ жыртысы": Гүлзира Айдарбекова құдалық тойында ескі дәстүрді жаңғыртты
Айдарбековтер әулеті келін түсіріп, құдалық тойын жасады. Су жаңа құдаларын көрерменге көрсетіп таныстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото gulziraaidarbekova парақшасынан алынды
Танымал ерлі-зайыпты жұлдызды жұп – Нұртас пен Гүлзира Айдарбековтер кіші ұлдарын үйлендіріп, құдалық той жасады.
“Ата-ананың міндеті – балаларын құтты орынға қондыру. Үшінші мәрте келін түсіріп, қолым ұзарып жатыр. Құдалық тойын өткізіп, жаңа құдаларымызбен танысып, көзайым болып жатырмыз. Бұйырса үлкен тойын жасаймыз”, – деп қуанышын жасырмады.
Желідегі парақшасына құдалықтан үзінділер салып, қолданыстан шығып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғыртты.
“Құда мен құдағайды көрпеге орау” деген салт бар. Бұл ырымның мәні – құдаларымыз бір жастықта қартайсын. Мәңгі бірге болсын деген ниетпен жасалатын жоралғы. Одан кейін “қазан-ошақ жыртысы” да көнерген дәстүрдің бірі. Оны да құдалық тойымызда есімізге алып, ырымын жасадық. Кей өңірлерде “отқа жыртар” деп те аталады. Мұны құдалыққа келетін жаңа құдағи әкеледі. Мата түсінің ақ болуы өте маңызды. Отау тігіп жатқан екі жастың өмірлері ақ болсын деген ниеттен туған. Екі жастың аналарының беліне байлайды”, – деп түсіндірді.
Продюсердің оқырмандарының бірі аталған дәстүрлерді білетін болып шықса, енді бірі “естімеген елде көп” деп таңғалып жатыр.
Сонымен қатар, танымал мегажұлдыз отбасының мүшелері құдаларына тек бриллианттан шашу шашқанын айтып мақтанды.