Қазақтар Ресей жерін Наполеоннан қорғап қалған ба? Қазақстандық тарихшылар жауап берді
Желіде қазақтар XIX ғасырда Ресейді Наполеон жорығынан қорғап қалғаны жайлы ақпарат тарады. Қазақтардың 100 мың қол әскері башқұрттармен бірігіп Ресейді қорғап, жерін сақтап қалған дейді. Бұл жайлы деректер Францияның архивтерінен табылыпты-мыс. Тарихи шындық қандай? 1812 жылы Франциядағы бірқатар қалалар түбіндегі шайқаста қазақтардың рөлі қандай болды? Осы туралы Stan.kz тілшісі тарихшылардан сұрады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымының докторы, Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан Ресей империясының әскерінің құрамында қазақтардың қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайтынын айтады.
“1812 жылы Наполеон Ресейге басып кірді. Сол кезде патша үкіметі Ресейді қорғау туралы жарлығын шығарып, үндеу жариялайды. Осы үндеу аясында қазақтардың да соғысқа қатысқаны жасырын емес. 1812 жылы тарихта Отан соғысы деп аталады. Ресей империясының әскерінің құрамында қазақтардың қатысқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өйткені қазақтар өздерінің атынан емес, Орынбор, Башқұрт, Тептяр полктері атынан қатысады. Әсіресе Орынбор өлкесінен жасақталған полктер құрамында қазақтардың басым болғаны рас. Тарихшы ретінде бұл соғыста 100 мыңнан аса қазақ қатысқан деп айта алмаймын. Дегенмен, Орынбор өлкесінде 5 полк, Жайық казактары, Башқұрт полктерінде жасақталған, Тептярлардың құрамында қазақтардың болғанын растай аламыз”, – дейді тарихшы.
Айтуынша, соғысқа нақты қанша адамның қатысқанын зерттеу керек.
“Цифрға назар аударсақ, 100 мыңға жетеді деп айту қиын. Мәскеуді Кутов қорғап қалды ма деген сұраққа келетін болсақ, қалай болғанда да Ресейдің жерін қорғап, сақтауға қазақтардың үлес қосқанын жасыра алмаймыз. Екінші жағынан, Александр I патшаның Кутозовты басшы еткені рас. Ол осы соғыста қолбасшылық еткен, тарихта қалған адам.
Соғысқа қанша адам қатысқанын нақтылау үшін әлі де толығырақ зерттелу керек. Францияда құжаттар табылып жатса, оны да жіті қарап, зерттеу керек. Сөйтіп, деректер мен құжаттар жүзінде қанша қазақтың қатысқанын айтуға мүмкіндік болады деп ойлаймын”, – дейді ол.
Болат Сайланның айтуынша, Орынбор полкінің құрамында соғысқа қатысқан қазақтардың, Кутузовтың өзінің қолынан, патша үкіметі тарапынан марапаттар, наградалар алғаны жазылған.
“Ең басты нәрсе, қазақтардың шын мәнінде патша үкіметінің, Ресейге Наполеонды жеңуіне көмектескенін, әскер құрамында болғанын біз нақты айта аламыз. Орынбор полкінің құрамында соғысқа қатысқан қазақтардың, Кутузовтың өзінің қолынан, патша үкіметі тарапынан марапаттар, наградалар алғаны жазылды. Олардың кейбірінің аты-жөні де белгілі. Сондықтан Наполеон армиясын жеңуде қазақтардың алдыңғы шепте соғысқанын, соғыста қайсарлығын танытқанын осы наградалар арқылы көз жеткізіп жүрміз.
Қазақ-башқұрт атты әскерінің саны әр деректе әртүрлі: кейде 30, кейде 40 делінеді. Егер әр полкте 1000-2000-ға дейін әскер саны болатын болса, 40 атты әскер құрылғанның өзінде оның саны 80 мыңға жетеді. Полктің санын, ондағы адам саны арқылы бұл шайқаста қаншама қазақ атты әскері болғанын анықтай аламыз”, – деп тарихшы өз ойын қорытындылады.
- "Жетісу мен Мауренахрдың бір бөлігі Қытай иелігінде 4-5 жыл болған": Тарихшылар Жетісудың Қытай жеріне қандай қатысы бар екенін айтты
- "Тәңіршілдікті исламға қарсы қоюдың қажеті жоқ": Отандық тарихшылар ата-бабамыздың төл дінін атады
Тарих ғылымдарының кандидаты, Семейдің Шәкәрім атындағы университетінің профессоры Амантай Исаев мұндай “деректер” қазақстандық тарих ғылымының абыройын түсіру үшін жасалады дегенді айтады.
“Мұндай алып-қашпа әңгімелердің жалған екенін тарихшылар талай айтқан. Қазақстан тарих ғылымының беделін түсіру мақсатында сырт күштер жиі-жиі сандырақ тұжырымдарды ғылыми жаңалық ретінде ұсынуды ойластырып келеді.
1812 -1815 жылдардағы соғысқа қатысқан аздаған қазақтар туралы 8-сыныпқа арналған мектеп оқулығында баяғыда жазылған. Есімдері де сонда”, – дейді тарихшы.
М.Қозыбаев Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Тарих және әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми орталығы профессоры Мұхтарбек Каримов ақпараттың жалған екенін, жарты жылдан бері ел арасында айтылып жүргенін жеткізді.
Тарихшының айтуынша, жалған тарих болмау керек, егер бізде сондай жасақталған әскер болса, Ресейге жерімізді бермес едік.
“Шынында, бізде сондай жасақталған әскер болса, Ресейге жерімізді бермес едік. Башқұрттармен қарым-қатынас нашар еді, оның алдында Пугачев көтерілісі болды.
Жауынгерлік дәстүр жақсы сақталғаны рас. Наполеонмен соғысқа қазақтар әскер алынғанда: тұрақты әскер және жасақшылардан қалмақ, башқұрттардан құралған әсер болған. Соның ішінде қазақтар да болған. 100, 500 адам қатысқан болуы мүмкін. Бірақ мың атты қолдың қатысуы мүмкін емес. Ол кезде қазақтың 90 мың әскер беретіндей шамасы жоқ еді”, – дейді профессор.
Айта кетейік, 1812 жылғы қыркүйек айындағы Бородино шайқасында көрсеткен ерлігі үшін қазақ жауынгерлері Әмен Байбатырұлы, Майлыбаев күміс медальмен, 1-тептяр полкінің старшыны Қарынбай Зиндәуітов (Шындәулетов) көгілдір ленталы медальмен марапатталған.
1812 жылғы 27 шілде күні Малаево Болото және Левия деревнялары түбінде болған ұрыстарда қатардағы жауынгер қазақтар Мұрат Құлшоранов, Еріш Азаматов айрықша көзге түсті, оларға хорунжий атағы берілді. Рамоново деген жерде болған шайқаста атты әскер жауынгер Боранбай Шуашбаев, жасауыл Ықсан Әубәкіров ерлікпен шайқасты.
1812 жылғы соғыстың басты оқиғаларында белсене қатысқан қазақтардың арасында шоқынған қазақ Яков Беляков та болды. Орынбор қазақ полкінің жасауылы Яков Беляков одан бұрындары түріктерге қарсы соғысқа да қатысқан болатын. Ол ерлігі үшін орыс қолбасшысы М.И.Кутузовтың қолынан награда да алды.