"Жетісу мен Мауренахрдың бір бөлігі Қытай иелігінде 4-5 жыл болған": Тарихшылар Жетісудың Қытай жеріне қандай қатысы бар екенін айтты

Жуырда әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Жетісу жері осыдан 1000 жыл бұрын Қытайға тиесілі болған деген дау туындады. Сол уақыттарда Қытай территориясы Балхаш көліне дейін созылыпты-мыс. Шындығында қалай болған? Алматы шын мәнінде Қытайдың жері болғаны рас па? Отандық тарихшылар сауалға жауап берді.

Қытай Ұлы қорғанын түркілерден қорғану үшін салған

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов қазақтардың арғы бабалары, орта ғасырлық түріктер, ғұндар мен сақтар қай кезде болмасын жеңістің иесі болған, және ол дәлелденген нәрсе екенін айтады.

"Қытайдың Ұлы қорғаны біздің бабаларымыздан қорғану үшін салынған. Қабырға қазір Қытай территориясымен өтеді. Қабырғаны салуы олардың біреуден қорғанғанын көрсетеді. Әрине, біздің түркітілдес бабаларымыздан қорғанған. Сондықтан мұның ең басты дәлелі сол", - дейді тарихшы. 

Қытай әскері Жетісу мен Мауренахрдың бір бөлігі 4-5 жылға жаулап алған

ҚР ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев  Қытай орта ғасырларда Жетісу жеріне басып кіріп, жаулап алғанын айтады. Алайда Қытайдың Жетісу жерін иелік етуі 4-5 жылға ғана созылған, бұл толығымен осы жерді иелік етті дегенді білдірмейді, сол себепті Жетісу Қытайдың меншігі деп айтуға негіз бола алмайды, деп қосты тарихшы.

"Жалпы, қазіргі Қазақстан мен Орта Азия аумағында өмір сүрген халықтар мен олардың мемлекеттері біздің заманымызға дейінгі III-II ғасырлардан бері Қытайдағы билікте болған әулеттермен саяси, экономикалық, әулет аралық неке қарым-қатынастарын жасағаны белгілі. Өз кезегінде әр тарап осы қатынастарда жетекші рөлге ие болу үшін күрестер жүргізіп отырады. VI ғасырдың ортасында Түрік қағанаты құрылып, күшейген тұста Қытайдың солтүстігіндегі патшалықтар оған салық төлеуге мәжбүр болған. Ал түрік қағаны Таспар елшілік қатынастарда олардың билеушілерін өзінен төмен санап, «ұлдарым» деп атаған. Ежелгі замандардан бері халықаралық байланыстарда қуатты, күшті елдің билеушісі өзімен терезесі тең елдің билеушісін – «бауырым» деп атаса, өзіне жартылай тәуелді елдің билеушісін – «ұлым», ал толық тәуелді елдің билеушісін – «құлым» деп атағаны белгілі", - дейді тарихшы.

Айтуынша, Түрік қағанаты екіге бөлінген соң, мемлекеттің бір жартысы VI ғасырдың соңында Таң әулетіне тәуелді болып қалады.

"VI ғасырдың 70-80 жылдары Түрік қағанатында биліктегі Ашина әулетінің өкілдері арасында билік үшін, тақ үшін күрес жүреді де, ол ақыры орасан зор алып Еуразиялық державаны 603 жылы Батыс және Шығыс Түрік қағанаттары қылып екіге бөліп жібереді.

Алғашқы кезеңдерде екі қағанат арасында күрестер жүріп, олардың билеушілері Қытайдағы Таң әулетінен көмек сұрай бастайды. Осылайша, сол ғасырдың соңына таман олар Таң әулетінің билеушілеріне жартылай тәуелді болып қалады. Дегенмен, жергілікті түрік тайпаларының қарсылығы бір күн де толастамайды. Ақыры, VIII ғасырдың алғашқы жылдары Батыс Түрік қағанатында жергілікті түргеш тайпасының басшысы Үш-Еліг қағанды биліктен ығыстырып, тақты иеленеді. Сөйтіп, тарихта Түргеш қағанаты құрылады.

Түргеш қағанаты өзінің жарты ғасырлық тарихында екі үлкен сыртқы қарсыластарымен соғысып өтеді. Біріншісі оңтүстік-шығыста – Таң әулеті болса, екіншісі оңтүстік-батыста – Араб халифаты болды. Түргеш мемлекеті Сұлу қаған тұсында (717-738) тұсында күшті болып, екі жаққа да тойтарыстар беріп отырды. 738 жылы оны өзінің қолбасшылары өлтіреді. Сөйтіп, түргештер арасында билік үшін өзара күрес оты тұтанады. Қытай жағы осы жағдайды пайдаланып, Түргеш еліне бұрынғы Ашина әулетінің Қытайдағы өкілін отырғызуды жоспарлайды. Бірақ ол ой жүзеге аспайды. Міне, осыдан кейін Таң әулеті Түргеш жеріне әскер кіргізеді. Олар 740 жылы Таразды, 749 жылы Ташкентті басып алады. Бұған қарсылық ретінде Араб халифаты Зияд ибн Салих бастаған араб әскерін Орта Азия мен Жетісуға аттандырады", - дейді ол.

Берекет Кәрібаев Атлах шайқасынан кейін Қытай әскері түркі жерін мың жылға дейінгі уақытқа аттап баспайтындай болды, дейді. Айтуынша, қазір кей адамдар тарихи оқиғаларды бұрмалап жүр.

"Екі жақтың әскері 751 жылы Талас өзені бойындағы Атлах қаласы маңында кездеседі. 29 шілдеде басталған ұрыс  5 күнге созылады. Ұрыс барысында арабтар жағына жергілікті қарлұқ тайпалары көмектеседі. Арабтар жағы жеңіп, қытайлар жағы масқара жеңіліс табады. Деректерде осы шайқаста 50 мыңға жуық қытай әскері қаза тауып, 20 мыңға жуығы тұтқынға түскен делінеді. Кей деректерде жеңіліс тауып, Қытайға қашып барған әскер басшысының басы алынды делінеді. Бұл шайқастан кейін Қытай әскері Орта Азия мен Жетісу жеріне 1000 жылдан астам уақыт бойы аяғын аттап баспайды.

 Қазіргі кезде осы тарихи жағдайларды кейбір ниеті дұрыс емес адамдар бұрмалап жүр. Бұл дұрыс емес, себебі Қытай әскері жеңілгеннен кейін Қазақстан мен Орта Азия аумағына 1000 жылға дейін аяғын аттап баспағаны белгілі. Араб халифатында дәл осы жылдары саяси дағдарыс болып,  бұрынғы Омеядтық әулеттің орнына жаңа әулет - Аббас әулеті билікке келеді де, ал Жетісу жеріне қарлұқ тайпаларының билігі орнығып, ол екі ғасырға созылады", - дейді Берекет Кәрібаев.

 

Бұл - зымиян империяның саясаты

Жетісу атам заманнан келе жатқан қазақтың жері екеніне ешкімнің күмәні болмауы тиіс, дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан.

Жетісу атауы Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал өзендерінің біріккен атауларынан шыққан деген деректер бар. Біреулер Іле өзенін қосады.

Өзеннің қосындысынан деп айтылады, жазылады. Ал енді Қытай жаһандану заманында көп жерлерді әртүрлі болжамдарға сүйеніп, тарихи "иемденіп" жүр. Бірақ ол біздің қазақ жерінде емес, Қытай сайттарында айтылып жүр. Қытай ешқандай басқыншылықпен жерді жаулап ала алмайды. 

Өздеріңіз білесіздер, Қытай Орталық Азия республикаларына қарыз-беріс, инвестиция құйып жатыр. Осылайша, Орталық Азиядағы мемлекеттерді қарызға кіргізіп алу жолын ойластырып отырған зымиян империя, мемлекет десек болады. Екінші мәселе - Қытайдың қызғаншақтығы. Қазақстанның территориясы бойынша 9-орында және аумағында тұратын 18 млн халықтың аздық ететіні тағы бар. Сондықтан осындай мәселелерді қоздыру үшін Қытай сайттары олардың жері кезінде Жетісудан Балхашқа дейін жеткенін өздерінің ұрпақтарының бойына сіңіріп, мектептерде оқытып, оқулықтарына енгізіп, арнайы саясат енгізіп жатыр. 

Мұндай саясатқа ешқашан ден қоймау керек. Сонау біздің заманымызға дейінгі кезеңнен бастап Жетісу жері көпшілікке белгілі. Одан бері қарай, сақ, үйсін, қаңлы тайпалары тұсында да Жетісудың маңызы зор болған. Одан кейін, Түркі қағанаты құрылғанда да VI ғасырдан бастап Жетісу түркі дәуірінде маңызды рөл атқарған аймақтың бірі деп айта аламыз. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде VI-XII ғасырда Қазақстан территориясында түркілер өмір сүргені анықталды, сондықтан осы кезеңді түркілер дәуірі деп атаймыз.

Шыңғысхан дәуірінде Жетісу мен Балхаш жерлері және басқа да аймақтарда тарихи оқиғалардың өткенін оқып, көріп жүрміз. Қазақ хандығы құрылған кезде қандай ерекше орын алғанын да ауыз толтырып айта аламыз. Қарап отырсақ, XIX ғасырда патша үкіметі қазақ жерін үш генерал-губернаторлыққа бөлді. Соның бірі, Жетісу және Сырдария облыстары. Сол кезде де Жетісу жері аталады. Мұндай арандатушылыққа жол бермеу керек. 

"Қазақ елі төрткүл әлемге танымал мемлекетке айналып келеді. Тәуелсіздігіміз жарияланған соң Қазақстан территориясының шекарасы межеленді. Заңды тұрғыда БҰҰ-да тіркелді. Сондықтан оған ешкімнің де дау айтатын, қорлық жасайтын құқы жоқ деп айта аламын. Жоңғарлар кезеңінде де олардың қазақ жеріне қызығушылығы болғанын көре аламыз. XVIII ғасырдағы жоңғарлар сияқты қазір Қытайлардың да қызығушылығы сақталып отыр. Неге десеңіз, Орта Азия аймағы шикізат қорына бай. Сондықтан әртүрлі сылтау мен желеумен Орта Азия аймағы мен оның ішінде алып жерге орналасқан Қазақстанға өз көреалмаушлығын жазбалары арқылы білдіріп отыр. Мұндай қауесетке сенуге болмайды", - дейді Болат Сайлан.

 

Қазіргі Қытайдың территориясының 60%-ы өзінің жері емес

Рауан Байдалы, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті,  Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі осыдан 1000 жыл бұрын Жетісу жері Қытайдікі болған жоқ екенін нық айтады. Оны археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер ғана емес, тарихи деректер арқылы дәлелдеуге болады, дейді тарихшы.

"Алып империя құрған Түрік қағанаты, одан кейінгі Түркеш қағанаты қазіргі Жетісу жеріне иелік етті. 740-жылдары Түркеш қағанаты өз ішінен қара түркеш және сары түркеш болып бөлінеді және олардың арасында күрес жүрді. Осы кезде сыртқы күштер келіп жатты. Шығыстан келген Таң империясы 751 жылы Жетісу жеріне келіп үлкен жеңіліске ұшырайды, содан кейін есін жия алмайды. Осыдан кейін араға мың жыл салып, 1750 жылдары Жоңғар хандығы құлағаннан кейін Абылай ханның кезінде екінші жорығын жасайды. 

Қытайды Ханьсу деп атайды, оларда әулеттердің тарихы болады. Біз туралы б.з.д. I ғасырынан бастап мәлімет жинай бастаған, оны "Батыс өлкенің тарихы" деп атайды.

Қазіргі Қытайдың территориясының 60%-ы өзінің жері емес. Оның құрамында 100-ге жуық мемлекет бар: Тибет, Шығыс Түркістан, Шоқан Уәлиханов еңбегінде жазатын алты шаһар да бар. Шындығында оның бәрі қытайдың жері емес. Қытайдың батысы үлкен территорияны алып жатыр. Шығыс Түркістан автономиялық мемлекеті, оны Суар деп те айтады, оның ішінде Іле-Қазақ автономиясы бар, онда 2 миллионға жуық қазақ өкілдері тұрады. Бұл бұрынғы қазақтың жері болып табылады", - дейді ол.

"Жалпы Қытай Республикасы дегенде оны 20 ғасырдың басындағы Сунь Ятсен есімімен байланыстырмыз. Қытай әрқашан басқа халықтың құрамында болды. XX ғасырдың басында Қытайда көтеріліс басталады, сол кезде олар Еуропаға тәуелді болатын. Ал қазір Қытай өзінің территориясындағы басқа халықтарға қысым жасап жатыр", - дейді Рауан Жомартұлы. 

Тарихшы Жетісу жері Қытай иелігінде болды деген алып-қашпа сөз ешқандай шындыққа сай келмейді, дейді. Айтуынша, мұны тіпті, көшпенді халықтан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын салғанынан көре аламыз.

"1999 жылы Қазақстан ҚХР-мен шекара мәселесін шешкен болатын. Сонда да Қытай өзінен басқа халықты мойындамайды, өзінен төмен санайды. Жердің кіндігі біз деп есептейді. "Бір мемлекет, бір дін, бір саясат" деген қағиданы ұстанып отыр. КСРО-ның ғұмыры 70 жылға созылғанын ескерсек, бұл да ұзаққа бармайды деп ойлаймын", - дейді ол. 

 

 

Дайындаған: Назерке МҰСА

 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр