Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтар қоныстанған ауылда бірде-бір қылмыс болмаған": Түркиядағы қазақтар қалай өмір сүреді

Бауырлас ел Түркияда қандастарымыз қоныс тепкен бірнеше ауыл бар. Солардың бірі - Алтай кёй. Қазақтар көшкелі бұл ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген екен. Сондықтан болар, полицейлер ауылға барар жолды да ұмытқан. Осының арқасында түрік ағайын қазақтарға үлкен құрметпен қарайды. Қазақ елін Атажұрт деп атайтын бауырлас халық ұлттық мәдениетімізге де тамсанбай қоймайды. Жыл сайын екі ағайынды халықтың басын қосатын Алтай ауылы этникалық қазақтар фестиваліне Stan.kz тілшісі қатысып, алған әсерлерімен бөлісіп қайтты. 

Алтай ауылы деп аталатын қазақ этникалық фестивалі – есте қалар, ерекше мәдени шара. Түркиядағы Қазақстандықтар ассоциациясының жетекшісі Анар Байжанованың айтуынша, екі бауырлас халықтың достастығына арналған шара Алтай кёйде жыл сайын ұйымдастырылады. Керемет дәстүрге айналған шараға кезінде осы өңірде туып-өскен, қазір Түркия мен Еуропаның өңір-өңірлеріне көшіп кеткен қазақтар жиналады. 

Анар ханым бірнеше жылдан бері өзіміздің жерлестеріміз үшін Алтай кёй мен басқа қазақ ауылдарына турлар ұйымдастыратынын айтады. 

«Осындай сапарлардың нәтижесінде біз - Түркияда тұратын қазақтар – бір-бірімізбен аралас-құралас болып, таныстығымыз үлкен достастыққа ұласып жатады. Отанымыздан жырақта жүрген біздер үшін бұл өте маңызды. Стамбұлдың түрлі мәдени шараларына жиі қатысуға тырысамыз. Өзіміздің қазақ екенімізді көрсеткіміз келеді,  әрдайым қамзол, қосетекті көйлек сияқты ұлттық киімдерімізді киіп, ағайынды халықты өз мәдениетімізбен кеңінен таныстырамыз. Бұрын бізді осындағы халықтың 5%-ы ғана таныса, қазіргі күнде 90%-ына жуығы жақсы біледі», - дейді Анар.

«Түркиядағы этникалық қазақтардың менталитетінде, әрине, айырмашылық бар. Мұндағы қазақтар дінге қаттырақ берілген, әйелдердің басым бөлігі жалаңбас шықпайды, ақшаны көп шашпайды, ақкөңіл, бірлігі мықты, қарапайым адамдар. Біздің елдегі халықта көп кездесетін дарақылық, мақтаныш, ақша шашуға, біреуден басым түсуге деген талпыныс жоқ. Солай дей тұра, сіз әрдайым олардың қиын жағдайда жалғыз қалдырмайтынына, қол ұшын созатынына сенімді бола аласыз», - дейді елдегі және Түркиядағы қазақтармен етене араласатын Анар Байжанова. 

Фестивальге арнайы келген отандасымыз Құралай шексіз қуанышын жасырмады: «Алтай поселкісіне көптен бері барғым келіп жүргем, әсіресе менің жұбайыма қызық болды. Ол Түркия территориясынада қазақ ауылы бар екенін естігенде қатты таңғалып, онымен танысуға деген құлшынысы артты. Таңертең ауылға жақындай бергенде жазық дала көрінді. Біздің қазақтың даласына ұқсағасын мен қатты толғандым. Автобустан түскенде бізді жылы шыраймен апалар қарсы алды. Анамды есіме түсірді. Көшелерде Қазақстан мен Түркияның қос туы желбіреп тұр. Жан-жақта барлығы қазақ тілінде сөйлейді. Тағы да үйіме, туған ауылыма келгендей болдым. Ауылдан шыққаннан кейін бір ностальгия болады екен», - дейді ол. 


Қазақ халқының күйеу баласы, Құралайдың жұбайы Джошкун Ялчын қазақ этникалық ауылына барғандағы әсері туралы: «Қара жорға» биі өте қатты ұнады, тіпті қосылып кеткім келді. Қазақ ұлттық киімдері мен домбыраға тамсандым», - дейді. 

Қазақтың ұлттық киімдері Тек Джошкунды ғана таңғалдырмаған сияқты. Ұлттық киімдердегі қыздарымызға барлық түрік, шетелдік қонақтар, баладан бастап, еңкейген қарияға дейін тамсанып, суретке түсіп жатты. Біздің ұлттық киім мен әшекейлерге ғашық болған қонақтар тіпті сатуды сұраған екен. 

«Шынымды айтсам, ұлттық киімдерімізге деген назарға өзім де таңғалдым. Фурор болды десем де болады. Тұріктер бірге фотога түсуді өтініп, «бұл сіздердің үйлену тойына киетін киімдеріңіз ба?» деп сұрайды. Біздің халық пен мәдениетімізге деген мақтаныш кеудемді кернеді», - дейді шарадан алған әсері туралы Құралай. 

Түркияда тұратын тағы бір жерлесіміз Индира Кая бұған дейін де бауырлас елде бірнеше қазақ ауылы бар екенін білгем дейді: «Ауылдың барлық әкімшілігінде жергілікті қазақтар жұмыс істейді. Ең қызығы, осы Алтай ауылын құрылған уақыттан бері бірде бір құқықбұзушылық тіркелмеген екен. Полиция ешқашан бас сұқпайды. Бір дау туа қалса да оны ауыл ақсақалдары шешеді. Түріктер ауыл тұрғындарына осы қасиеттері үшін өте үлкен құрметпен қарайды екен. Бұл керемет жәйт туралы шара қонақтарына сөз арнаған аймақ губернаторы Вали Шимшектің аузынан естідік. Дәл осы ауылда шапан киіп, домбырамызды қолына алып, тау шетінде түскен суретімен күллі әлемге танылған қандасымыз Мустафа Кёк тұрады. Ол кісімен танысу құрметіне ие болдым. Ол - халқымыздың нағыз патриоты».

Фестиваль барысында ауылға Алтай тауларының етегінен қоныс тепкен алғашқы қазақтардың суреттер көрмесі өтті. Өкінішке орай, қазір көзі тірі тек екі-ақ отандасымыз қалыпты. Екі-үш адам бейнеленген әрбір фотосуреттің төменгі бұрышында домалақ мөр басылған. Кезінде Пәкістанда Анатолияға өту үшін әр отбасыға бір паспорттан ғана берілген екен. 

Жыл сайын Алтай ауылында өтетін фестивальға Түркия мен Еуропаның түкпір-түкпірінен – Франция, Австрия, Бельгиядан қандастармыз ткөптеп ағылады. Олардың барлығы - кезінде Аспан асты елінің билігі көрсеткен қысымнан пана іздеп, өз мәдениеті, діні, ділі, тілін сақтап қалу үшін Анатолияға қоныстанған қазақтардың ұрпағы.


Материал авторы: Индира Тәкенқызы

Жанар Жансейіт


 

Талқылау