Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бала кезімде үй ішіндегі қыздарға салынған тыйым көп болды": Желіде танымал суретші иллюстрациялары арқылы әлеуметтік теңсіздік мәселесін көтереді

Самал Қаңтар – Ақтөбелік суретші, иллюстратор қыз. Бүгінде арудың желіде 40 мыңнан аса оқырманы бар. Ол өзінің шығармашылығында қазақтың дүниетанымы мен миф, дәстүрлеріне тоқталады, қазақ қыздары мен жігіттерінің образдарын заманауи леппен береді, сондай-ақ әлеуметтік теңсіздік, әйел құқықтары, тіл мәселесін көтереді. Жақында Самалдың бірнеше суреттеріне желі қолданушылары мен блогерлер тарапынан сын айтылып, желідегі аккаунтына шабуыл жасалды. Кейбір желі қолданушылары автордың қазақ қыздарын ашық бейнелеген образдары мен ұлттық киімдегі ЛГБТ өкілдерінің бейнесіне наразы болды. Автордың айтуынша, ол осы арқылы қазақ қоғамында да ЛГБТ өкілдері бар екенін көрсетуді мақсат тұтады. Жас суретші образдары арқылы қандай мәселе көтереді, оқырмандарына нендей ой жеткізгісі келеді? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға иллюстратор қыз Stan.kz тілшісімен сұхбатында айтты.

– Өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз. Қай жердің тумасысыз? Сурет салу өнерімен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды? 

– Есімім Қаңтар Самал. Ақтөбе қаласында дүниеге келдім. Суретті шамамен 7 жыл бұрын сала бастадым. 2014 жылдың басында графикалық планшетті сатып алып, содан бері өз бетіммен сурет салуды үйреніп жүрмін.  

– Сурет салуға, оны заманауи иллюстрацияларға айналдыруға қай уақытта бет бұрдыңыз? Бұған не әсер етті?

– Суретпен айналысуға планшет алғаным түрткі болды. Бұрын дәптерге, парақ-парақ қағазға алма-жұлма сурет салатын едім, планшет алғалы суретті де жиі сала бастадым, иллюстрацияға да қызығушылығым арта түсті. Интернеттегі суретшілерге қарап, солардың жұмысынан шабыт алып, өзім де суретші болам деп шештім.

 

– Иллюстрацияларыңызда қазақтың дәстүр, миф, басқа да ерекше ұғымдарына тоқталасыз. Ақпаратты негізінен қайдан аласыз? Осы уақытқа дейінгі қазақ дүниетанымы, өмірі турасындағы мәліметтер арасында сізге ерекше әсер еткені қайсысы болды? 

– Ақпаратты кітаптардан алам, кейде интернеттен іздеймін. Әлкей Марғұлан, Серікбай Қондыбай, Шайзада Тохтабаева, Зира Наурызбаева сияқты этнографтардың еңбектерін оқып, сондағы ақпаратқа сүйене отырып сурет саламын. Жақында “Бабалар сөзі” жүз томдығын оқи бастадым. Ерекше әсер еткен бір ғана мәлімет бар деп айту қиын.

Мектепте, ҰБТ-ға дайындалар кезде Қазақстан тарихы мен қазақ тілін тереңірек оқи бастаған едім. Тарих пен қазақ тілі пәндерінің мұғалімдері өте білікті, білімді мамандар болды. Сол кісілердің арқасында оқулықта жазылмаған біраз тарихи деректер мен қазақ әдебиеті жайында көп ақпарат алдым. Осының арқасында тарих та жай ғана сандар мен хандар тізімі емес, кәдімгі роман не сериал сияқты көріне бастады. Содан бері тарих пен тілге қызығушылығым басылған емес.

– Өз шығармашылығыңыз арқылы қандай мәселелерді көтергіңіз келеді? Сізше, біздің қоғамдағы басты проблема қандай? 

– Шығармашылығыммен теңсіздік мәселесіне жиі назар аударатын сияқтымын. Теңсіздік дегенде әйел құқықтарымен қоса әлеуметтік теңсіздік туралы да айтып отырам. Капиталисттердің қоршаған ортаны құртуы болсын, әйел затының қазіргі жағдайы болсын, тіл мәселесі болсын –  бәрі де теңсіздікке келіп тіреледі. Басты мәселе де осы сияқты. Өз басым осыған жаным ашиды.

– Бір сұхбатыңызда, “қоғамның патриархалды, діни ұстанымдарын біраз жылдар бойы айналамда сезіндім” деген едіңіз. Сіздің туған жеріңізде, отбасыңызда патриархалды принциптер сақталған ба, феминизмге қалай қарайды? 

– Патриархалды ұстанымдарды қолдайтын негізінен әкем мен ағаларым. Бала кезімде үй ішіндегі қыздарға салынған тыйым көп болатын. Әкем жай ғана шаш қию, ашық-шашық киіну, жүгіріп ойнау сияқты заттардан бастап, білім алу, оқу орнын таңдау сияқты нәрселерге дейін шектеулер қойған еді. 

Бірақ өсе келе бұл шектеулерді бұзып шықтым десем де болады. Қазір әкем феминизм туралы білмейтін де шығар, бірақ өз бетіммен шешім қабылдап, өз бетіммен өмір сүріп жүргенімді көріп, өміріме көп араласпайтын болды. Үй іші де бұрынғыға қарағанда еркінсіп, баяғы тыйым мен принциптердің көбісін ұмытқандай, шүкір. 

Соған қарағанда, үйде “феминизмді жақтаймыз” деп жар салмасақ та, әйел эмансипациясы (тәуелділіктен арылу -ред.) біздің отбасыға жақсы әсерін тигізгендей.

 

– Сіздің оқырмандарыңыз кімдер? Жас ерекшеліктері қандай? Олардан қандай кері байланыс аласыз? 

– Мені көзі ашық, жаны жас адамдар оқиды. Парақшамның статистикасы бойынша оқырмандарым 20-28 жас аралығындағы қазақстандықтар екен. Құрдастарым десем де болады. Көбіне дайрект арқылы жақсы ниеттерін білдіріп, қуантып отырады.

– Жақында сіздің аккаунтыңызға хейтерлер тарапынан шабуыл жасалды. Бірнеше қоғам белсенділері посттарыңыздағы кейбір иллюстрацияларға наразылықтарын білдірді. Осыған қатысты ойыңыз қандай? Сіздің шығармашылығызға кері әсерін берген жоқ па? 

– “Қоғам белсенділері” болмашы сурет үшін ашуланып, миллиондық аудиториясын айтақтатып қойғаны дұрыс болмады. Суреттегі екі ересек адам бір-бірін сүйді деп наразылық білдіру – жабайылық. Бірақ бұл хейттің маған тиген кесірі шамалы болды. Керісінше, суретіме қызығып, посттарымды оқып, қолдаған адамдар саны көбейді. Ең бастысы қоғамда ЛГБТК мәселесі мен адам құқықтары туралы әңгіме қайта көтерілді. Қазақ, қазақстандық ЛГБТК қауымы жалғыз емес екенін көрді. Әйтеуір осыған ризамын.

– Қыздардың ашық образдары, гей, лесби қазақ ұлдары мен қыздары сияқты иллюстрацияларды жасау идеясы қайдан келді? Неге қазақ қыздары мен жігіттерін дәл осындай қалыпта бейнелегіңіз келді? Мұның астарында қандай мән жатыр? 

– Бұл жұмыстарымның астарында ешқандай мән, арам ой жоқ. Таза эстетика үшін салам. Бір жағынан өзім куир болғасын, маған гетеро-емес махаббат туралы сюжеттер ұнайды. Бұрын тек лесбиан қазақ қыздарын салатын едім, бірақ жақында твиттердегі бір адам “қазақша қалпақ киген жігіттерді салу ғана қалды” деп идея айтқан. Соны бейнеледім. Әрі қарай астарын ақтарып, түрлі конспирологияны ойлап шығарған мен емес, хейтерлер. 

Бірақ рас, суретім қазақстандық ЛГБТК қауымының бір тұтас бірігуіне, қазақ арасында да бар екенімізді көрсетуге түрткі болды.  Олай болса суретімді де бар екенімізді көрсету үшін салдым деп айта алам. Қазақтар гей, лесбиан, би не транс бола алмайды деген өтірік. Біз – әртүрліміз. 

 

– Жалпы осындай образдарды көрсету қазақтар үшін қалыпты нәрсе деп есептейсіз бе?  

– XXI ғасырда қалыпты болу керек. Адам бас бостандығы, жеке құқығы мен еркі сақталатын қоғам құрғымыз келсе, екі ересек әрі тең адамдардың махаббатын да қабылдауды үйренуіміз керек.

– Қазақстанда әйелдер не үшін патриархалды көзқарастарды ұстанады деп ойлайсыз? Сіздің өміріңізге патриархалдық құндылықтар қалай әсер етті?  

 – Себеп көп. Менің білуімше, патриархалды жүйеде тәрбиеленген әйелдер осы жүйенің беріп отырған шөкімдей “табысынан” айырылғысы келмейді, я ішкі мизогиниясы (әйел затын жек көруі) көзқарастарын өзгертуге жол бермейді. Бірақ қатып қалған нәрсе жоқ, уақыт өте адамдар да өзгереді.

– Біздің қоғам қыздар мен ерлер арасындағы теңдікке жете алады деп ойлайсыз ба? 

– Әлбетте, жетеміз. Өзім жас болсам да қоғамның өзгерістерін байқап жүрмін. Бала кезімде көргенім мен қазіргі қоғамды салыстырсам, екі бөлек әлемдей. Өзгерістер бар, әлі де болады.

Талқылау