Сағатына 219 шақырыммен жүрген: Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатының жаңа деректері сотта жарияланды

Алматыда үш адамның өмірін қиған Әл-Фараби даңғылындағы қасіретті жол апатына қатысты резонанстық іс бойынша сот басталды 28 мамырда Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Еркін Майшыновтың төрағалығымен алдын ала сот тыңдалымы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жүргізушіге қандай айып тағылды?
Күдікті Александр Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша (Көлікті мас күйінде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу) айыпталып отыр.
Алдын ала тыңдалым барысында мемлекеттік айыптаушы прокурор істің мән-жайын оқып берді. Тергеу болжамы бойынша, Zeekr 001 электрокарының иесі әрі жүргізушісі Александр Пак рөлге ішімдік ішіп отырған. Сондай-ақ, ол көлігіне тиісті тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін, яғни жалған 100 QR 02 мемлекеттік нөмірін тағып алған.
"Жүргізушіге тіркеу құжаттарына сәйкес келмейтін мемлекеттік нөмірмен көлік басқаруға тыйым салынады. Алайда сотталушы Әл-Фараби даңғылымен батыс бағытқа қарай жалған нөмірлі Zeekr 001 көлігімен заңсыз қозғалған. Түнгі сағат 03:30 шамасында ол белгіленген жылдамдықтан сағатына 80 шақырымнан асырып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ешқандай шара қолданбаған. Осылайша, ол жол қозғалысындағы өзге жандардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндірген. Меңдіқұлов көшесінің қиылысына жеткенде, сотталушы қарсы бағытқа шығып кетіп, шығысқа қарай келе жатқан Mercedes-Benz көлігімен бетпе-бет соғысқан", – деді прокурор.
Қатты соққының салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жастағы жігіт) мен оның ішінде отырған екі жолаушысы (21 және 23 жастағы бойжеткендер) оқиға орнында көз жұмды. Айыптау актісі оқылып жатқан сәтте сот залында отырған марқұмдардың жақындары шыдай алмай, көз жасына ерік берді.
Күдікті қандай жылдамдықпен жүрген?
Прокурор сотқа ресми сараптамалардың қорытындысын ұсынды. Оған сәйкес, сотталушының аздап мас күйде болғаны және соғысар алдында көлігінің жылдамдығын сағатына 219 шақырымға дейін жеткізгені дәлелденген.
“Химиялық-токсикологиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, күдікті Александрдың қанынан 1,30 промилле концентрациясындағы этил спирті табылды, бұл жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйге сәйкес келеді. Ал кешенді фототехникалық сараптаманың қорытындысы бойынша, Zeekr 001 автокөлігі қарсы бағытқа шығып, соқтығысар алдында оның есептік жылдамдығы шамамен сағатына 219 шақырым болған”, – деп түйіндеді мемлекеттік айыптаушы.
Сотталушы өзіне тағылған айыптың мәнін түсінетінін айтты. Сонымен қатар ол бұқаралық ақпарат құралдарында өзінің суреті мен жеке деректерін жарияламауды өтініп, істі алқабилердің қатысуынсыз, тек судьяның қарауын сұрады.
ОқыңызЖәбірленуші тараптың ұстанымы бойынша 100 миллион теңге талап етіп арызданғарн. Сот отырысы аяқталғаннан кейін журналистер қаза тапқандардың туыстарымен тілдесуге тырысқанымен, олар ешқандай пікір білдірмеді. Ал қаза тапқан бойжеткендердің бірінің отбасылық ұстанымы туралы олардың өкілі Мейірман Шекеев егжей-тегжейлі айтып берді.
"Біздің тарап материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыз түсіруді жоспарлап отыр. Адам өмірі ештеңемен өлшенбейтіндіктен, біз 100 миллион теңге моральдық шығын талап етеміз. Сондай-ақ қаза тапқан қыз көлік сатып алу үшін несие алған екен, қазір оны ата-анасы әлі күнге дейін төлеп келеді", – деді Шекеев.
Әл-Фарабидегі қасіреттің хронологиясы
20 нан 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жоғары жылдамдықпен жойытқыған Zeekr көлігі қарсы бағытқа шығып, Mercedes-ті соқты. Салдарынан Mercedes жүргізушісі (28 жаста) мен қос жолаушысы (20 мен 22 жастағы қыздар) сол жерде жан тапсырды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Оның жеңіл дәрежеде мас болғаны бірден анықталды.
- 26 наурыз: Тергеу соты күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарды.
- 7 сәуір: Күдіктінің денсаулығы тұрақталған соң, ол ауруханадан тергеу изоляторына (СИЗО) ауыстырылды.
- 12 мамыр: Қылмыстық істі тергеу аяқталды.
- 28 мамыр: Алматы қаласының сотында алғашқы алдын ала тыңдалым өтті.
- Даудың соңы: Ішкі істер министрлігіндегі жұмыстан қуу шаралары және жаңа қылмыстық істер
Осы оқиғадан кейін, 26 наурызда Ішкі істер министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады. Министр Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының сыртқы қызмет пен жол қауіпсіздігіне жауапты орынбасары, сондай-ақ Әкімшілік полиция және Қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары атқаратын лауазымдарынан босатылды.
Сонымен қатар ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев заңсыз мемлекеттік нөмірлердің берілуіне қатысты Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, апатқа себепкер болған көлікке "тыйым салынған сериядағы" мемлекеттік нөмірдің берілуі туралы болған.
Бұған қоса, Алматыда ПД басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты тағы бір қылмыстық іс тергелуде. Ол да уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын, қазір бұл іс бойынша да тергеу амалдары толық аяқталды.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты