Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудағы атышулы іс: Өлтірілген әйелдің телефонынан қайтыс болғаннан 3 күн өткен соң аудиохабарлама жіберілген

Сұлтан Сәрсемалиев сот жаза
Фото: Видеодан скрин

Атырауда бір отбасыны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі бойынша сот отырысында марқұм Насип Өтешқалиеваның туған інісі Тілекқабыл Өтешқалиев сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның тусынан куәгер ретінде жауап алынған. Куәгердің айтуынша, ол күдікті Сәрсемалиевті алғаш рет өзінің жиені Ақбаянды алып қашып кеткеннен кейін көрген. 

"Мен оны алғаш рет жиенім Ақбаянды алып қашып кеткен кезде көрдім. Кейін олар өздері біздің үйге келді. Сол кезде ғана көрдім. Екінші рет сотта көріп отырмын. Ешқандай жанжал болған жоқ. Мен оны танымаймын, сотқа дейін тек бір-ақ рет көрдім, оның ата-анасын ғана білемін", – деді куәгер.

Соттағы жауап алу барысында куәгер Мақсот, Насип, Наурыз және Мейрамгүлмен болған соңғы байланыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол қыркүйек айында Максотпен WhatsApp арқылы және телефон қоңыраулары арқылы байланыста болғанын, алайда кейіннен оның байланысқа шығуын тоқтатқанын айтты. 

Оның айтуынша, туыстары соңғы рет 2025 жылдың 19 қыркүйегінде Атырауға келген. Отағасы Мақсот ауылда қалып, малға қарағандықтан өзі келмеген. Сотта Насип Өтешқалиеваның атынан 7 қарашада жіберілген аудиохабарламаға ерекше назар аударылды. Бұған дейін сотта марқұм әйелдің 4 қарашада қайтыс болғаны айтылған еді. 

"Мен онымен соңғы рет аудиохабарлама арқылы сөйлестім: 1 қарашада ол жазып, хал-жағдайымызды, қалай екенімізді сұрады. Кейін 7 қарашада, жұма күні, одан дауыстық хабарлама келді, ол жылап тұрып, біздің аман-сау екенімізді, бәрі дұрыс па деп сұрады. Осыдан кейін сөйлеспедік", – дейді куәгер.

Куәгерден марқұм 4 қарашада қайтыс болса, 7 қарашада оның атынан хабарламаны кім жібергені сұралды. 

"Наурыздың телефонынан менің әпкем Насиптің аудиохабарламасы келді. Біз жай ғана телефондарын бір-біріне жақындатып, сол арқылы аудиожазба жіберген деп ойлаймыз", – деп түсіндірді куәгер.

Куәгердің айтуынша, бұдан кейін байланыс үзіліп, ешқандай хабарлама келмеген. Кейінірек отбасының малы сатылып жатқаны туралы ақпарат тарағаннан кейін іздеу жұмыстары басталған.

Еске салсақ, 28 мамырда өткен сот отырысында күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев үш адамды қасақана, ал біреуін абайсызда өлтіргенін мойындаған еді. 

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам – Мақсот Қарабалин, 64 жастағы әйел – Насип Өтешқалиева және олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының із-түссіз жоғалғаны туралы хабар түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы мүшелері қараша айынан бері байланысқа шықпаған, олардың қайда екені белгісіз болған.

Төртеуі де хабар-ошарсыз кеткендер ретінде іздеуге жарияланды. Осы дерек бойынша соталды тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылды.

Биыл 6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйлердің бірінің шаруашылық құрылысынан Мақсот Қарабалин мен Насипа Өтешқалиева мәйіттері көмілген күйде табылды. Осыдан кейін іс кісі өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жалғасқан.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев – қаза тапқан отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге марқұмдардың кенже қызы да халықаралық іздеуге берілген. Бұған дейін ол күдіктімен некеде болған.

Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен бірге отбасының кенже қызының да жүргені анықталған. Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындап, тергеуге жауап берді. Оның жауабы бойынша, жедел-тергеу тобы қайта тергеу әрекеттерін жүргізіп, Атыраудағы үйдің ауласынан бұрын хабар-ошарсыз кеткен Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіттерін тапты.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 22:15