Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тарихи күн": Роза Рымбаеваға жас әнші Баянсұлуға сахналық көйлегін тарту етті

Роза Рымбаева мен Баянсұлу
Фото: instagram.com/bayansuuluu/

Күні кеше Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның “Сахнада 50 жыл” атты Қазақстан бойынша гастрольдік тур Астанада жарқын түрде өз мәресіне жетті. Кеште өнер иесі жас әнші Баянсұлумен бірге өнер көрсетіп, оған ерекше тарту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші Баянсұлу әлеуметтік желідегі парақшасында концерттен бірқатар кадрларды бөлісті. Олардың қатарында Роза Рымбаеваның өзінің сахналық көйлегін жас өнер иесіне табыстағанын көруге болады.

Ал жас әнші жазбасында Роза Рымбаевамен өнер көрсету ол үшін үлкен құрмет екенін айтып, балалық шағындағы естелігін бөлісті.

“Бүгінгі күн мен үшін тарихи күн.
Бала кезде ауылда атa-әжем, анам, әкем Роза Рымбаеваны теледидардан көріп, тәмсанып, меніңде қызым ертең Роза сияқты мықты әнші болады деп айтатын. Ал бүгін Роза ханымның 50 жылдық концертінде, бір сахнада тұрып бірге ән айту бұйырыпты. Аман болыңыз аңыз адам”, – деп жазды ол.

Еске салайық, бұған дейін әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның жеке ән кешіне тосынсый жасап келіп, оған сахна төрінде тағзым еткені хабарланған еді.

Димаш жылы лебізін білдіріп, Роза Рымбаеваны үлгі әрі ұстаз деп атады.

“Асқақ өнері үшін, ұлтына қосқан елеулі үлесі үшін Роза Қуанышқызына мың мәрте рақмет айтып, тағзым еткім келеді. Жасай беріңіз! Сіздің сахнада жүргеніңізге 50 жыл толыпты, дауысыңызбен әлемге нұр шашып жүре беріңіз”, – деді Димаш.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 18:20