Қазақстанда енді жылжымайтын мүлікке қатысты бірқатар құжат тек онлайн рәсімделеді

1 маусымнан бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты техникалық және кадастрлық төлқұжаттар тек онлайн форматта рәсімделеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мәліметінше, жаңа тәртіпке сәйкес, азаматтар енді аталған қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы қашықтан ала алады.
Жаңартылған қызметтер eGov.kz порталында қолжетімді. Енді пайдаланушылар ХҚКО-ға бармай-ақ өтінім беріп, қызмет ақысын төлеп, дайын құжатты электронды форматта ала алады. Нәтиже автоматты түрде пайдаланушының жеке кабинетіне, қызметтер тарихы бөліміне жүктеледі.
Бұған дейін бұл қызметті алу үшін азаматтар міндетті түрде ХҚКО-ға барып, өтініш беріп, құжатты қағаз форматта алу қажет болатын. Жаңа жүйе бұл процесті едәуір жеңілдетіп, уақыт шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
ОқыңызҚызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты болады. Қызметті пайдалану үшін келесі қадамдарды орындау қажет:
- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, "Басты бет" – "Жылжымайтын мүлік" – "Сатып алу, сату, жалға алу" немесе "Тұрғын үй қатынастары" бөліміне өту;
- "Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру" немесе "Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру" қызметін таңдау;
- өтінім түрін және жылжымайтын мүлік түрін көрсету, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалын таңдау;
- қажетті деректерді толтыру, төлем жасау және сұранымға қолжетімді қол қою тәсілдерінің бірімен қол қою қажет.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 1 маусымнан бастап ХҚКО операторлары арқылы өтініш қабылдау толығымен тоқтатылады. Енді аталмыш қызметтер тек eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы ғана қолжетімді болады.
Сонымен қатар онлайн қызметті өз бетінше ала алмайтын азаматтар үшін ХҚКО-ларда өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары сақталады. Бұл аймақтарда пайдаланушылар электрондық қызметтерді мамандардың көмегінсіз, өздері рәсімдей алады.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар енді дайын құжаттарды ХҚКО-дан курьер арқылы алдырта алатыны туралы жазған едік.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты