Миллионер фотосессия деп алдап, бір жарым айда сегіз қыздың өмірін қиды

“Психологиялық ауруы бар сексуалды қылмыскер” деп сипатталған Кристофер Уайлдер – екі елде әрекет еткен ең қауіпті сериялық өлтірушілердің бірі. Бір айда 8 қызды өмірін жалмағанына қарамастан түрмеде аз мерзімге қамалып, қайта бостандыққа шыққан. Мектеп оқушыларынан модельдерге дейін аямаған бұл “маняк” туралы не білеміз? Stan.kz АҚШ-тағы ең оғаш сериялық кісі өлтірушілердің бірінің оқиғасын баяндайды.
Табысты бизнесмен әрі миллионер 39 жасында кенеттен адам танымастай өзгеріп, бір айдың ішінде сегіз қыздың өмірін қиды. Әкесі – америкалық әскери теңізші Коли Чемпен Уайлдер, анасы – аустралиялық Джун. Ол отбасындағы төрт баланың үлкені болған. Ата-анасы кәсіппен айналысып, ауқатты өмір сүрсе де, оның мұндай ауыр қылмысқа баруына не түрткі болғаны белгісіз.
Уайлдер 1968 жылы отбасын құрғанымен, некесі ұзаққа созылмады. Әйелі оның көлігінен жартылай жалаңаш қыздардың суреттерін тауып алған соң ажырасып кеткен. Бір жылдан кейін Уайлдер Флоридаға көшіп, құрылыс саласында жұмыс істей бастайды. Көп ұзамай осы кәсіптен қомақты табыс тауып, байып кетеді.
Бала кезінен ағаш ұсталығына қызыққан ол бұл қабілетін бизнесте тиімді пайдаланды. Сонымен қатар фотография мен көлікке әуес болды. Кейін дәл осы қызығушылықтары оның қылмыс жасауына да жол ашқан.
1984 жылдың сәуір айынан бастап Уайлдер қыздарды өлтіре бастады. Оның алғашқы құрбаны – Розарио Гонсалес. Ол “Мисс Флорида” байқауының қатысушысы әрі модель болған. Майами Гран-при жарысынан кейін отбасы қыздан көз жазып қалады. Куәгерлердің айтуынша, оны шамамен 30 жастағы ер адаммен бірге кетіп бара жатқан жерінен көрген. Айта кетейік, сол жарысқа Уайлдердің өзі де Porsche 911 көлігімен қатысқан.
5 наурызда Гонсалестің танысы Элизабет Кеньон жоғалып кетті. Ол да модель болған және бұрын Уайлдермен қысқа уақыт романтикалық қарым-қатынаста жүрген. Уайлдер оған үйленуге ұсыныс жасаған, алайда қыз жас айырмашылығынан қауіптеніп, бас тартқан.
Кеньонның отбасы полицияға сенбей, бұрынғы ФБР агенті Кеннет Уитакерді жеке детектив ретінде жалдайды. Тергеу барысында Кеньон жоғалған күні жанармай бекетінде болғаны анықталды. Оның бензин ақысын сұр түсті Cadillac El Dorado көлігіндегі ер адам төлеген. Бекет қызметкері ол адамның Уайлдер екенін таныған.
Уитакер Гонсалес пен Кеньонның бір-бірін танығанын және екеуінің де Уайлдермен байланысы барын анықтайды. Сондай-ақ оның бұрын әйелдерге қарсы қылмыстар жасағанын біледі. Ол полицияға Уайлдердің сериялық қылмыскер болуы мүмкін екенін хабарлағанымен, нақты дәлел болмағандықтан, тәртіп сақшылары бай миллионерге бірден шара қолданбаған.
Кейін белгілі болғандай, Уайлдердің өмірі сырттай көрінгендей мінсіз болмаған. Ол сәби кезінде өлім аузынан қалып, екі жасында суға батып кете жаздаған, ал үш жасында құрысу ұстамасына ұшыраған.
Уайлдер алғаш рет 17 жасында 13 жастағы қызды зорлағаны үшін ұсталды. Ол шартты жаза алып, электрошок терапиясынан өткенін айтқанымен, зерттеушілер бұл мәліметтің нақты дәлелі жоқ екенін айтады.
Сол кезден бастап ол әйелдерге қатысты сексуалдық қылмыстар бойынша жиі ұстала бастаған. 1971–1975 жылдары бірнеше рет қамауға алынған Уайлдер қыздарды “фотосессия жасаймыз” деп алдап шақырып, арам ойын іске асырған.
1977 жылы психолог оны “психикалық ауытқуы бар сексуалдық қылмыскер” деп сипаттады. Сондай-ақ оның әйелдерді “жыныстық құлға айналдыру” туралы қиялдайтыны айтылған.
Соған қарамастан, Уайлдер ешқашан ұзақ мерзімге түрмеге қамалмаған. Сотта ол үнемі өкінген адамның кейпін танытқан, ал адвокаттары заңдағы олқылықтарды оның пайдасына тиімді пайдаланған.
1982 жылы Уайлдер Аустралияда екі мектеп оқушысын ұрлап, оларды жалаңаш суретке түсіргені үшін ұсталды. Алайда кепілмен босап шығып, кейін АҚШ-қа қашып кеткен.
18 наурызда ол Тереза Фергюсонды өлтірді.
20 наурызда ол студент Линда Гловерді “модельдік агенттік қызметкерімін” деп алдап, ұрлап кетеді. Кейін қызды мотельде азаптап, электр тогымен қинаған.
1984 жылғы наурызда Уайлдер бүкіл ел бойынша қанды сапарға шықты. Ол Техас, Колорадо, Юта, Невада, Калифорния және басқа да штаттарда бірнеше қызды ұрлап, зорлап, өлтірген. Құрбандарын алдау үшін өзін фотограф немесе модель агенті ретінде таныстырып отырған.
16 жастағы Тина Рисико оның қолында тоғыз күн болған. Тергеушілер Уайлдер оны басқа қыздарды алдау үшін пайдаланған деп пайымдады. Алайда кейін қызды тірі қалдырып, босатып жіберген.
5 сәуірде ФБР Уайлдерді ең іздеудегі қылмыскерлер тізіміне енгізді. 13 сәуірде Нью-Гэмпшир штатындағы жанармай бекетінде полицейлер күдікті ер адамды тоқтатады. Сол сәтте ол көлігіне қарай жүгіріп барып, револьверін алып шыққан.
Күрес кезінде екі рет оқ атылады. Бір оқ полицейді жараласа, екіншісі Уайлдердің өзіне тиген. Тергеу мәліметінше, екі оқты да Уайлдердің өзі атқан. Осылайша ол оқиға орнында қаза тапты.
Уайлдер қайтыс болғаннан кейін оның мүлкі мен активтері сатылып, түскен қаражат жәбірленушілер мен олардың отбасыларына берілді.
Алайда оның қылмыстық тарихы мұнымен аяқталған жоқ. Кейін полиция Уайлдерді АҚШ пен Аустралиядағы тағы бірнеше ашылмаған қылмыспен байланыстыра бастады. Егер олардың бәрі дәлелденсе, Уайлдер екі елде әрекет еткен ең қауіпті сериялық өлтірушілердің бірі болуы мүмкін.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты