Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұят болды": Қазақстандықтар танымал актриса Сюзиді Ақтауда қарсы алғандарын сынға алды

Пэ Сюзи Ақтауға келді
Фото: Видеодан скриншот

Оңтүстік Кореяның танымал актрисасы әрі әншісі, көпшілікке Сюзи атымен белгілі өнер иесі Пэ Суджи Ақтауға келді. Оның әуежайдағы видеосы әлеуметтік желіде тез тарап, қазақстандықтар арасында қызу пікірталас тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желіде тараған кадрларда жанкүйерлер Сюзиді әуежай терминалында қарсы алғанын байқауға болады. Оған үлкен ашық күлгін гүл шоғы мен дәстүрлі қазақстандық шоколад сыйлаған.

Қазақстандықтар желіде әлемдік жұлдызды қарсы алу тым қарапайым болғанын айтып, өкініш білдірді. Олардың сөзінше, Сюзидің Қазақстанға, оның ішінде Ақтауға келуі алдын ала хабарланса, жанкүйерлер оны ерекше ықыласпен қарсы алар еді.

Шынымды айтсам, сәл ыңғайсыздау болып қалды. Сюзи шыққанда оны небәрі 5-6 адам ғана қарсы алды. Ол көбірек адам болады деп күткен сияқты”,  “Дәл солай! Бізде аса танымал емес адамдардың өзін ұялмайтындай күтіп алады, ал бұл жерде Сюзи – әлемдік жұлдыз”, “Біздің қазақтарға, шамасы, тек ең танымалдары керек сияқты. Бізге TNX немесе Everglow келгенде қайда болдыңыздар? EXO тобындағы Ченді де дәл солай қарсы алмадыңыздар. Енді шағымданып отырсыздар. Мұндай көзқараспен олар келгенін ашық айтқысы келмейтіні түсінікті”, – деп жазды олар.

Пэ Сюзи Ақтауға келді

Кейбір пікір қалдырғандар актрисаға берілген гүл шоғына да назар аударған. Олар Кореяда хризантема көбіне қаралы жағдаймен байланысты екенін айтып, мұндай мәдени ерекшеліктерді ескеру қажет еді деген пікір білдірді.

Сонымен қатар көпшілік жұлдыздардың жеке кеңістігін құрметтеу керегін де алға тартты. Әсіресе ұшу уақыты мен орналасқан жерін алдын ала жариялау, рұқсатсыз видео түсіру сияқты әрекеттер сынға алынды.

“Меніңше, бұл дұрыс емес әрекет. Егер сіз фанат ретінде әуежайға барып, гүл сыйласаңыз, оны видеоға түсіріп, интернетке жариялаудың қажеті жоқ”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Пэ Сюзи Ақтауға келді

Ал бір топ қолданушы қазақстандық жанкүйерлердің өзін мәдениетті ұстағанын айтып, керісінше, мұндай тыныш қарсы алудың артықшылығы бар екенін жазды.

“Азияда оларды қалай қарсы алатынын қараңызшы, біздің бес адам соның қасында түк емес. Ол жақта бәрі бір-бірін итеріп, бүкіл әуежайды басына көтеріп айғайлайды. Ал біздің жанкүйерлер мәдениетті түрде қарсы алды, ешкімді итермеді”, деп жазды пікір қалдырғандардың бірі.

Сюзидің Қазақстанға нақты қандай мақсатпен келгені әзірге ресми түрде айтылған жоқ. Маңғыстау облысының әкімдігі оның өңірге жеке сапармен келгенін мәлімдеген. Дегенмен желіде бұл сапар жаңа дораманың түсірілімімен байланысты болуы мүмкін деген болжам тарады. Ресми растау жоқ.

Пэ Сюзи Ақтауға келді

Жанкүйерлердің пікірінше, егер Маңғыстаудың көрікті жерлері корей дорамасында көрсетілсе, бұл Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға үлкен мүмкіндік болмақ.

Пэ Суджи – Оңтүстік Кореядағы ең танымал актрисалардың бірі. Ол miss A тобының бұрынғы мүшесі, сондай-ақ “Стартап”, “Пока ты спишь”, “Ли Дуна!”, “Бродяга” сияқты танымал дорамалар арқылы көпшілікке кеңінен танылған.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 28 Мамыр, 2026 17:32