Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның ең қауіпті қалалары белгілі болды

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы ауаның ластану деңгейі жоғары 10 қаланы денсаулыққа қауіпті деп мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Барлығымызды негізгі экологиялық проблемала - ауаның ластануы және жер үсті суларының ластануы алаңдатады. Қалдықтарды басқарудың жетілдірілмеген жүйесі, тарихи ластану, көгалдандырудың болмауы ауаның ластануына алып келеді", - деді министр үкімет отырысында.

Мырзағалиев 2019 жылы атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 10 қалада ауа ластануының жоғарғы деңгейі байқалғанын айтты.

"Бұл - Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Сонымен қатар, ластаушы заттардың Павлодар облысында да көп екені анықталған", - деді Мырзағалиев.



Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан қалаларында экологиялық жағдайдың қалай жақсаратындығымен де бөлісті.

Ақтөбе облысының жол картасы 33 іс-шараны қамтиды. Өңір Ақтөбе ферроқорытпа зауытын экологиялық жаңғыртуды, Ақтөбедегі ағынды суларды тазарту кешенін қайта құру көзделіп отыр. Көгалдандыру, өзен арналарын тазарту, Көкжиде кен орнындағы жер асты суларының мониторингтік зерттеулерін ұйымдастыру, бұрынғы Алға химия зауытының қауіпті қалдықтарын жою, сегіз жаңа полигон салу және ескілерін қалпына келтіру қарастырылған.

Атырау облысының жол картасы 40 шара арқылы жүзеге асады. 

"Олардың қатарына Тухлая Балка және Квадрат булану кен орындарын қалпына келтіру, Жайық өзенінің бассейнін көгалдандыру, тазарту және қалпына келтіру кіреді", - деді Мырзағалиев.

Шығыс Қазақстан облысында Риддер металлургиялық зауытын экологиялық таза технологиялармен жабдықтау жоспарлануда. Сондай-ақ, Өскемен қаласындағы ЖЭС-тегі зиянды газдарды тазарту, құрылыстарын жаңарту, ағынды суларды тазарту, құрылыстарын қайта құру және салу қарастырылған. Оған қоса, аймақта радиоактивті ластанудың жергілікті ошақтарын және рұқсат етілмеген үйінділерді жою жоспарлануда. 

"Қоршаған ортаға кері әсерін азайту үшін "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны қазандық жабдықтарын және газ тазалағыш жабдықты қайта құруды, Теміртау қаласының сыртындағы әк күйдіретін цехты алып тастауды және Жезқазған қаласындағы "Қазақмыс" кәсіпорнында жаңа күкірт қышқылы цехын салу қарастырылуда", - деді Мырзағалиев.

Павлодар облысында жол картасы "Казхром" кәсіпорнындағы газды тазарту жүйесін қайта құруды және 982 мың тонна қожды қайта өңдеуді, Еуразиялық энергетикалық корпорацияның энергоблогын экологиялық технологиялармен жабдықтауды және басқа шараларды қарастырады.

Талқылау