Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның ең бай азаматтарының біріне тиесілі компания Американың санкциясына ілікті

Ресейдегі Чукотка автономиялық округінде орналасқан ірі алтын-мыс кен орнын игеруге дайындалып жатқан "Баимская" тау-кен өндіру кешені SDN List тізіміне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі америкалық санкцияларды реттеуші OFAC ұйымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: profile.ru

Санкциялар тізіміне қосылу АҚШ-тағы аккаунттарды бұғаттау және америкалық тұрғындар үшін ынтымақтастыққа тыйым салу дегенді білдіреді. "Баимская" тау-кен өндіру кешені жекеменшік Trianon Limited компаниясы арқылы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген жеке Trianon Limited компаниясы арқылы қазақстандық Владимир Ким (3,6 миллиард доллар байлығымен Forbes жаһандық рейтингінде 890-орын, 2023 жылы басылымның жергілікті рейтингінде ол $4,6 млрд байлығымен бірінші орын иеленді) және Олег Новачукқа (615 млн доллар байлығымен жергілікті рейтингте 13-орын) тиесілі.

Trianon Limited Баимскаяны 2023 жылдың шілдесінде мыс өндіруші KAZ Minerals компаниясынан сатып алды. Оның да негізгі акционерлері Ким мен Новачук – тиісінше 63,5% және 36,5% (Nova Resources B.V. арқылы).

"2023 жылдың шілдесінде "Баимская" тау-кен өндіру кешенін KAZ Minerals негізгі акционерлеріне тиесілі қазақстандық Trianon Limited компаниясы сатып алды. Осы мәміле аяқталғаннан кейін KAZ Minerals Ресейде жұмыс істемейді", – делінген KAZ Minerals 2023 жылғы 24 шілдедегі мәлімдемесінде.

Trianon Limited компаниясын 2022 жылдың маусымында Астананың халықаралық қаржы орталығы қаржылық қызметтерді реттеу комитеті тіркеді. Оның қызмет түрі холдингтік компаниялардың қызметін көрсетеді. Trianon Limited – 2022 жылы Мәскеуде тіркелген "Baimskaya Holding" LLC (холдингтік компания) және "UK Baimskaya" LLC (қаржы және өндірістік топтарды басқарумен айналысатын) құрылтайшысы.

Аталған жобаға салынған күрделі инвестиция шамамен 8,5 миллиард долларға тең. Кен өңдеу қуаты жылына 70 млн тоннаға, ал мыс өндіру көлемі жылына 300 мың тоннаға, алтын өндірісі жылына 490 мың унцияға тең деп болжанған. "Баимская" тау кен орнының ресурсы 9,5 миллион тонна мыс пен 16,5 миллион унция алтынға бағаланған. Кеніш 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс.

Қазір кен орнында бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кен орнын электрмен жабдықтауды "Росатом" корпорациясы салатын және басқаратын атом электр станциясы қамтамасыз етеді.

KAZ Minerals – Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі, сонымен қатар жанама өнім ретінде мырыш, күміс және алтын өндіреді. Ол Қазақстанның Бозшакөл мен Ақтоғай ашық кеніштерін және Шығыс Қазақстан облысындағы үш жерасты кеніштерін басқарады. Сонымен бірге Қырғызстанның Бозымшақ алтын және мыс ашық кенішін игереді

Талқылау