Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның цифрлық платформасы Ресейге беріледі дегенге қарсы белсенділер министрге қарар жолдады

Қазақстанның Цифрлық платформасын ресейлік Сбер компаниясы жасақтайды дегеннен қоғамда біраз азамат оның ішінде IT саласының мамандары қарсылық білдіріп, министр Бағдат Мусиннен ашық түсіндіруді талап етті. Бұл мәселені  Парламенттегі кей депутаттар да түсіне алар емес. Мәжілісмен Ерлан Саиров министр Бағдат Мусинге арнайы сауалхат жолдады. Ал елордалық "Ұлт мүддесін қорғау кеңесінің" мүшелері цифрлы үкіметті "Сбер" компаниясына бермейміз, елімізде атом электр станциясының тұрғызылуына қарсымыз деп, Үкімет пен Парламентке қарар жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ноутбук

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров неліктен дәл осы ресейлік Сбер компаниясымен меморандум жасағанымызды, оған неліктен Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойғанын түсінбейтінін айтады. Ол алты жыл бойы Ұлттық Ақпараттық технология деп аталатын компанияға Ел бюджетінен сегіз жүз алпыс миллиард теңге бөлінсе де, сапалы платформа жасай алмадық деп отыр. Цифрлы үкімет секілді маңызды меморандумдар қоғам мен депутаттардың талқысынан өтуі керек дейді.

“Платформа Қазақстанда болуы керек. Және Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің барлығы мемлекеттік тұрғыдан, технологиялық тұрғыдан жан-жақты сақталып, қорғалуы керек. Мәселе осыда. Техникалық сұрақтар өте көп. Міне, осы техникалық сұрақтардың барлығына министрлік өкілі, оның ішінде министрдің өзі нақты жауап беруі керек”, – дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Министр Бағдат Мусиннің берген жауабына Ерлан Саировтан өзге де біраз азамат қанағаттанбай отыр. Неліктен Сбер компаниясы таңдалды, ол компанияның өзгелерден қандай артықшылығы бар? Конкурс ашық өтті ме? Әлі де сұрақ көп. Ұлт мүддесін қорғау кеңесінің өкілдері де бүгін цифрлық платформаны ресейлік компанияға беруге қарсымыз, елімізге атом электр станциясының қажеті жоқ деп Үкімет пен Парламентке қарар жолдады. 

“Қазір мысалы бізге АЭС салып, ол жарылып кетсе, үлкен апат болады. Дамыған ана Японияда көріп тұрсыңдар қандай кесепат болды. Чернобыльде өздерің білесіңдер қандай кесапат болды”, – дейді қоғам белсендісі Аманғазы Зейноллаұлы. 

Ұлттық мүддені қорғау деп аталатын кеңестің мүшелері бұған дейін де жер кодексі, вакцинация, мемлекеттік тіл жайындағы өз позицияларын Үкімет пен Парламентке айтып, үндеу жолдаған. Алайда әзірге Биліктен нақты жауап жоқ деп отыр. Айта кетейік, Атом электр станциясының салынатынын Мемлекет басшысы өз жолдауында айтқан болатын. Алайда энергетика министрлігінің мамандары қашан, қай өңірде салынатыны әзірге белгісіз деп отыр. 

Талқылау