Қазақстандықтарға чек берілмегені туралы ақпарат үшін 1000 теңге сыйақы төленеді
Қазақстан үкіметі бақылау-кассалық машинасын және төлем карталарын пайдалану арқылы төлемдерді қабылдауға арналған құрылғыны пайдалану туралы заң бұзушылықтар туралы хабарлаған адамдарға сыйақы төлеу ережесін бекітті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ережеге сәйкес, бұзушылық фактілері туралы хабарлаған тұлға 1000 теңге көлемінде сыйақы алады.
Сыйақы алу үшін:
- бұзушылық фактілері туралы аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына мобильді қосымша арқылы хабарлауыңыз қажет:
- бұзушылық фактілері туралы (чек бермеу, банктік карточканы қабылдаудан бас тарту) бұзушылық туралы бейне жазба болуы шарт;
- ақпараттың ішінде жұмыс істейтін жердің мекен-жайы, салық салуға байланысты объектінің атауы (бар болса), бутиктің нөмірі және сауда үйіндегі орны(бар болса), базар орны (бар болса), кеңсе нөмірі (бар болса);
- өтініш берушіні сәйкестендіруге мүмкіндік беретін тегі, аты және әкесінің аты және ЖСН-і болуы қажет;
- бұзушылық фактісі туралы хабарлағаны үшін сыйақы алуға келісім алу немесе алудан бас тарту туралы келісім.
Егер заң бұзушылық туралы хабарламаны алғаннан кейін аумақтық мемлекеттік кірістер органы бұзушылық фактісі расталса, кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сыйақы 15 жұмыс күні ішінде ұялы телефонның балансына аударылады.
Сыйақыны қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Заң 2021 жылы 28 мамырда күшіне енеді.