АҚШ-тың үздік университетіне қалай студент атануға болады: Адель Билалова құпияларын бөлісті
Тараз қаласының тумасы Адель Билалова бүгінде әлемдегі үздік білім ордасының бірі Минерва университетінің студенті (Minerva Schools at KGI). НЗМ түлегі FLEX бағдарламасымен америкалық мектепте білім алып қайтқан. Өз қаласында халықаралық білім беру жүйесінің үздігі — American Councils ұйымының ресми өкілі ретінде қызмет еткен. Ол Stan.kz тілшісіне неліктен шетелде оқу туралы шешім қабылдағанын, қазақстандық жастардың шетел жастарынан қандай қасиетімен ерекшеленетінін, қазақстандық білім беру жүйесінде не өзгерту керектігін айтып берді.
Мектеп қабырғасында оқып жүріп Адель тоғызыншы сыныпта FLEX бағдарламасымен (Оқушыларға арналған бағдарлама - ред.) АҚШ-қа оқуға аттанған. Кейіпкеріміздің айтуынша, осы бағдарламаның арқасында ол әлемде ізденген, талпынған адамдарға көптеген мүмкіндіктердің ашылатынына көз жеткізген.
"Шекара асып, шетелдік университетке түсуімнің өзіндік себебі бар. Қазақстандағы білім беру жүйесін жақтыртпағаннан, туған елінде өмір сүргісі келмегендіктен шетелге кетті деген бұрыс түсінік. Мүлдем олай емес. Еліміздегі ЖОО-лардың біріне оқуға тапсыруыма болатын еді. Бірақ мен өзімнің "жайлы аймағымнан" шыққым келді. Шетелде оқимын деген шешімніңбасты себебі осында. Егер елімізде қалсам, өзіме үйреншікті мәдениеттің ортасында жүріп, әлеуетімді толығымен көрсете алмаймын деп ойладым. Өмір сүруіме ыңғайлы, қолайлы жерден шықпағанымда қазіргідей жауапкершілігі мол, көптеген мүміндіктерді иеленген бойжеткен болмас па едім”, — дейді Адель.
Адель әлемдегі кез-келген мықты университетте білім алуға дайын болған. Шетелдік оқу орнына түсу үшін бір жыл дайындалған. Бойжеткен қазір білім алып жатқан Минерва университеті жайлы басында көптеген дүниені білмеген. Сондай-ақ, аталған жоғары оқу орны қабылдайтын студенттер коэффицентін көріп, оқуға түсіп кететініне күмәнданған. Минерваға жыл сайын өтініш білдірген студенттердің 1-2 пайызы ғана қабылданады. Нақтырақ айтқанда, 200-300 адамның ішінен 2-3-і ғана өтеді. Дегенмен Адель білім ордасының сайтына кіріп, талаптарымен толығымен танысып шықан соң, Минерва арманындағы университет екенін түсінген. Жоғарғы оқу орнына қатты түскісі келген қазақстандық қыздың үміті бір жылдың ішінде толығымен ақталыпты.
“Расында, Минерва - әлемдегі бірде бір жоғары оқу орнына ұқсамайтын инновациялық университет. Бізде кампус жоқ, лекциялар оқылмайды, тесттер де жоқ. Сабақ онлайн түрде платформада өтеді. Бірақ студенттер профессормен бірге отырып сабақ оқиды. Әртүрлі тақырыптарды талқылап, дебаттарды жиі ұйымдастырамыз. Мұнда тапсырманы түсінбей орындап, айтып беру, тестті көшіріп жазу сынды оқудың пассивті түріне қарағанда активті түрі қолданылады. Минерва студенттерге көшіру, түсінбей оқу тиімсіз екенін түсіндіргісі келеді.
Осында оқып, бір жылдың ішінде алған білімім мектеп қабырғасында он бір жыл бойы алған білімімнен артық. Қазір мен бірінші курсты аяқтадым. Біздің университеттің студенттері төрт жылдың ішінде жеті елді аралып шығады. Бірінші жылым Сан-Францискода өтті. Ендігі кезекте жаңа оқу жылынан бастап, біз әр семестр сайын елді ауыстырып отырамыз. Бір айдан кейін мен Сеулда оқитын боламын. Екінші семестрде Үндістанға, сосын Берлин, Буэнос-Айреске барамыз. Төрт жылдың ішінде мен әлемді аралап, барған елімнің мәдениетімен жақынырақ танысып шығуға тырысамын", - дейді оқу барысы туралы отандасымыз.
"Жоғары оқу орнында өткізген алғашқы күнді, аптаны еске алғанды жақсы көремін. Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, әлі бір-бірін дұрыс танып үлгермеген студенттердің қала ішіндегі, жағалаудағы кездесулері — өмірімдегі ең керемет, ғажап сәттердің бірі. Барлығымыз өзімізге бейтаныс, жаңа қаланы аша отырып бірге саяхаттап жүргенімізге қуандық. Бір айдың ішінде оқуымыздың осылай бір жерден екінші жерге көшіп, саяхаттаумен өтетінін түсіндік. Көптеген студенттер үшін бұл стресс болды. Жобаны қорғап, көп үй тапсырмасын орындауда қиналғандар жеткілікті. Оқудың барысын ұғынып, барлық жағынан жылдам болу керектігін түсінгеннен кейін жеңілдеп қалады екенсің", - дейді Адель.
Қазақстандық бойжеткен университетті аяқтағаннан кейін шетелдік компанияларға жұмыс істеуді жоспарлап қойған. Бірақ өзге мемлекетте тұрамын деген нық шешімге әлі келмеген. Адельдің пікірінше, туған жерді тастап, басқа елге көшу әрдайым бақыт пен табысқа жетелей бермейді.
"Жиырма бірінші ғасырда қашықтықтан белгілі бір қызметті атқара беруге болады. Өзіме осындай әдіс тиімдірек. Менің ойымша, өзге елде тұру не тұрмау — әр адамның жеке таңдауы. Шетелде өмір сүру деңгейі мен жалақы жоғары, адамдардың да түсінігі мол болуы мүмкін. Бірақ мұның барлығы, туған жеріңізді тастап, басқа мемлекетке көшіп барсаңыз, бақытты боласыз деген сөз емес.
Әр адам өмірге әрқалай қарайды. Әрқайсысының өз мақсаты бар. Біреу, мысалы, АҚШ-тың тұрмысына үйреніп кетер, екіншісі бұл мемлекетте тұра алмайтынын түсініп, басқа жерге барар. Шетелге көшкісі келетін адам басқа елдің мәдениетіне үйреніп, заңына көнуі керек. Мұндай қадамға бару барлығының қолынан келе бермейді. Себебі, біз бір ортада өстік, барлық өміріміз, түсінігіміз ортақ мәдениетке байланған. Бір мезетте айналамыз өзгергенде қиналып қалатынымыз түсінікті. Барлығы көзге көрінгендей оңай әрі жеңіл емес. Басқа елге көшу — бақыт табуыңызға, табысты болуыңызға кепілдік бермейді", — деді ол.
Әлемдегі үздік университетте оқып жатқан отандасымыздан қазақстандық білім беру жүйесінде нені өзгерту керек деген пікірін білдік.
"Менің ойымша, қазақстандық білім беру жүйесінде тәжірибе жетіспейді. Біз мектепте өмірде пайдамызға жарамайтын сабақтарды оқимыз. Мысалы, мен оқыған америкалық мектепте экономика мен қаржыдан сабақ жүрді. Бізге табысқа жеткен кәсіпкерлер ақшаны қалай дұрыс жұмсау керек, бюджетті қалай басқару қажет дегендей өмірде шынымен қажет дүниелерді үйретті", - дейді Адель.
Студент ҰБТ-ны білімді бағалаудың әділетсіз әдісі деп санайтынын жасырмады.
"Мемлекеттік гранттардың бөлінуі мен ЖОО-ға түсуі түлектің жинаған баллына байланысты болмауы тиіс. Бір күннің ішінде емтихан тапсыру — балалар үшін үлкен стресс. Сонымен қатар, кейбір түлектерге тесті біреу жасап береді, ол дайын дүниені көшіріп, жоғары балл алып шығады. Менің ойымша, оқуға қабылдау кезінде және грантты бөлетін сәтте болашақ студенттің профайлына қарау керек. Оның сабақ оқуға мотивациясы бар ма? Неге қызығады? Қандай мақсаты бар? Қандай жетістікке жетті? Қай саланы оқығысы келеді? — осы сұрақтарға жауап алғаннан кейін, гранттарды бөлген дұрыс. Бізде талапкерлерді ЖОО-ға қабылдау тәртібі өзгертуді талап етеді", — деп жауап берді Адель.
Әзірге бес елді аралап үлгерген бойжеткенге бәрінен де америкалықтардың тұрмысы мен мәдениеті ұнапты:
"Ең керемет әсер қалдырған мемлекет — Америка. Бір ел болғанымен, америкалықтар әртүрлі. АҚШ мектебінде оқығанда шығыс жағалауында, Вашингтон қаласына жақын жерде, биыл Сан-Франциско қаласында, яғни батыста тұрдым. Американың екі жағы бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Адамдардың сабаққа, жұмысқа деген көзқарасы өзгеше. Батыс жақта еркіндік көбірек, адамдар ашық мінезді, креативті. Ал шығыста көбінесе кәсіби көзқарас қалыптасқан. Халқы сабырлы, мұнда батыстағыдай креатив жоқ деуге болады. Американың әр жерінде адамдардың әртүрлі екеніне сенімдімін. Бір-бірінен қатты ерекшеленбесе де, бір елдің азаматтарына ұқсамайды".
Адельдің ойынша, америкалық жастардың да, қазақ жастарының да бір-бірінен үйренері бар:
"Америкалық жас буынның жауапкершілігі көп. Олар 15-16 жастан бастап жұмыс істей бастайды, жекеменшік көлікпен жүріп, өздері шешім қабылдайды. Бізде кәмелеттік жасқа толмай жатып, жұмыс істейтіндер сирек кездеседі. Менің ойымша, қазақстандық жас буын америкалық ұл-қыздар секілді жауапкершілікті алуды үйренуі керек. Ал америкалықтар керісінше біз секілді достыққа адал, адамгершілікке бай болуды үйренуі қажет", — деп пікірімен бөлісті кейіпкеріміз.
Адель Билалова FLEX бағдарламасымен шетелде оқығысы келетіндерге берер кеңесі бар.
"Өзіңізге сеніңіз, себебі бақтың қай кезде сіздің жағыңызға шығатыны белгісіз", — дейді ол.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.