"Қазақстандық тұрғын үй компаниясы" басшысының бұрынғы орынбасарына 72 млн теңге айыппұл салынды
Сот пара алды деп күдікке ілінген "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Асқарбек Өсербаевқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ақпараты бойынша, Өсербаев 17 ақпанда "ФН Менеджмент" ЖШС директоры Тәжібаевтан пара алды деген күдікке ілінді.
Пара мөлшері - 2,4 миллион теңге. Өсербаев ақшаны мүлікті басқару жөніндегі ұйымның қызмет көрсету туралы шарты шеңберінде орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны үшін алған.
Іс Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотында қаралды. Үкім 12 сәуірде шығарылды.
Сот Өсербаев параның отыз еселенген сомасы, атап айтқанда 72 миллион теңге мөлшерінде айыппұл салды. Ал Тәжібаев 48 миллион теңге айыппұл төлейді.
Асқарбек Өсербаев "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметіне 2020 жылдың тамыз айында тағайындалды. Ал наурыз айының басында Директорлар кеңесі оны компания басқармасының құрамынан шығарды.