Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Спортзалдағы әйелдер киім ауыстыратын жерге кірді": Қазақстандық трансгендер Ника Неттің басы дауға қалды

Танымал қазақстандық трансгендер Ника Нет спортзалдағы әйелдердің киіну бөлмесіне кіргені үшін сынға қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жеке парақшадан алынды

Оқиға Астана қаласындағы спорт залдардың бірінде болған. Жаттығу залына келуші әйелдердің бірі киім ауыстыратын бөлмеден трансгендер, блогер Наиль Тұрғановты (Ника Нет) кездестіріп қалған. Мән-жайды адвокат Аржан Сәдуақасқа айтып берген. Заң саласының маманы желіде таралған оқиғаға қатысты жеке парақшасында пікір білдірді. 

“Жеке құжатта жынысы қалай көрсетілсе, соған сай әрекет ету керек. Егер әйел деп тұрса, ол әйел болады. Еркек деп тұрса, еркек болады. Жынысын ауыстырса да, жеке куәлікте туғандағы жынысы жазылады. Менің танысымның дабыл қаққаны өте орынды. Өйткені спорт залдарға балалар да барады. Трансгендердің іс-әрекеті ешқандай құқықтық нормаларға немесе моральдық қағидаларға сәйкес келмейді. Әйелдер шешінетін бөлме – әйелдер мен қыздардың өзін қауіпсіз сезінетін кеңістігі. Еркек болып туған транс әйелдердің болуы әйелдерге, әсіресе кішкентай қыздарға ыңғайсыз болуы мүмкін”, – деді заңгер.



Алайда трансгендер Ника Нет мәлімдеме жасап, барлық айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, ол киім ауыстыратын бөлмеге бармаған, спортзалға тек дәретхана іздеп кірген. 

"Алдымен, денсаулығыма байланысты спорт залдарға баруға болмайтынын айтайын. Сол күні аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға азық-түлік сатып алып жүрдім. Гармондарға әсер ететін дәрілер ішіп жүргендіктен, қатты әжетханаға барғым келді. Ең жақын маңда жаттығу залы тұр екен. Мен рұқсат сұрап, ешқандай кедергісіз, жанжалсыз әжетханаға кіріп шықтым. Киім ауыстыратын бөлме мен әжетхана екеуі екі жақта орналасқан. Барлық есіктер жабық болды. Мен бір минутта дәретханаға кіріп, шығып кеттім. Сол кезде мені танып, суретке түскісі келетін оқырмандарымды көрдім. Арасында қайырымдылық жасап жүргенім үшін бір-екі әйел алғыс айтып та үлгерді. Бар жағдай осы. Мен әйелдердің киінетін бөлмесіне кірген жоқпын. Ақпараттың бәрі жалған”, – деді блогер. 

Одан кейін заңгердің мәлімдемесіне де жауап берді. 

"Мен заңды түрде әйелмін. Сіздің мұндай мәлімдеме жасауға құқығыңыз жоқ. Әйелдердің көз жасы соншалықты алаңдататын болса, тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен көмекке мұқтаж жалғызбасты аналардың мәселесін көтеріңіз. Бос сөзбен айналысуды доғарыңыз", – деп ашуланды трансгендер. 

 

Талқылау