Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қорқамын, болашағым бұлыңғыр”: Психологтар тәртіпсіздіктерден кейінгі қорқынышты қалай жеңуге болатынын айтты

Тәжірибелі психологтар қаңтардағы оқиғалар қазақстандықтардың психологиялық күйіне айтарлықтай әсер еткенін айтады. Азаматтар келешекке сенімсіздікпен қарап, қорқатындарын айтып хабарласады екен. Осы орайда Stan.kz тілшісі мамандардан төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге қалыпты өмірге оралудың жолдарын сұрады.

Көптеген адам соңғы жағдайлардан соң қорқыныш пен жайсыздықты әлі де сезініп келеді. Мұны психологтар да айтып отыр. Қайта қалыпты өмірге түсу үшін эмоцияны қолға алып, барлық осы жағдайға қатысты ақпараттан аулақ болу керек, дейді мамандар. Сондай-ақ, мамандар адамдардың соңғы уақытта не себепті агрессияға бейім болып кеткенін түсіндірді.

Қазақстандықтар қалыпты өмірге қалай тезірек орала алады?

“Өткен қайғылы жағдайлардан соң көптеген қазақстандық қорқыныш, дүрбелеңді бастан өткерді. Қайта қалыпты өмірге оралу үшін адамдар не болғанын түсіну керек. Өзін, сезімін, бұл сезімнің қайдан келгенін ұғыну қажет. Бәлкім, бұл сезім бұған дейін де болған шығар, ал Төтенше жағдай оны одан ары күшейте түскен  болуы мүмкін.

Сабаға түсу үшін  бұл сезімдерді анықтау керек. Осы ретте мамандар көмегіне жүгінген жөн”, – дейді психоаналитик Шырын Айдарова.

Маманның сөзінше, байланыс қалыпқа келген соң қазақстандықтар арасында психолог көмегіне жүгіндер болған. Өзінен көмек сұрағандар көбіне іштегі жайсыз сезімдер: сенімсіздік пен қорқынышқа шағымданды дейді.

Ол мұндай негативті эмоцияны ретке келтіру қажет деп санайды. Сол кезде адамның көңілі орнына түседі дейді маман.

Психолог Ержан Мырзабаев қалыпты өмірге тезірек оралу үшін оқиғалар туралы ақпараттарды тұтынуды доғару керек, дейді.

“Мәселеге қаншалықты жақын болсаңыз, соншалықты әсер аласыз. Әсіресе, мәселенің ұшы тікелей сізге, жақындарыңызға, кәсібіңізге, дүниеңізге зиянын тигізсе, әрине, көбірек әсерленесіз. Мұндай әсерден қалыпты өмірге оралу үшін бастысы жаңалықтарды оқудан бас тартыңыз. Қаншалықты осы оқиғалар туралы мәлімет ала берсеңіз, соншалықты жараңызға тұз сепкен боласыз. 

Күнделікті өмірде істейтін шаруаларыңызбен айналысу керек. Үйдегі тіршілік, кәсібіңіз болса, соған уақыт бөліп, жұмыс болса, жұмыс істеп, қонаққа бару керек болса, санитардық нормаларды сақтау отырып, қонақ болуға әбден болады. Жаңалықтарды оқуды тоқтату арқылы ойыңызды басқа нәрселерге бұрасыз”, – дейді ол.

“Балам шошып оянады”, “Болашағым бұлыңғыр”: Қазақстандықтар шағымдары

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, осы мәселеге байланысты желідегі парақшасына жазып, көмек сұрағандар болған.

“Қорқамын, үрейленемін”, “Балам шошып оянады”, “Болашағым бұлыңғыр”, “Сенімсізбін” деген сияқты хат жазып, эмоцияларымен бөліскендер болды. Жазбаша, смс ретінде көмек сұрағандар бар. Алайда жеке консультацияға келгендер болмады”, –  дейді ол.

Адамдарды күнкөріс мәселесі мазалайды, дейді психолог.

“Мазалаған мәселелері тұрақсыздық, болашаққа сенімсіздік, “мұндай жағдайлар қайталана ма” деген сұрақтар көп қойды. Көбін мәселенің материалдық экономикалық жағы мазалайды. “Осыдан кейін жағдайымыз нашарлап кетпей ме” деп уайымдап жатқандар бар. Бұл –  қалыпты жағдай”, – дейді психолог.

Не себепті адамдарда агрессия басым?

Шырын Айдарова  агрессияның туындауына екі жыл бойы енгізіліп келген шектеулер, коронавирус әсер етті деп санайды.

“Екі жыл болды адамдар коронавирустың кесірінен қиын кездерді бастан өткеруде. Адамдардың психикасы күйзеліске түсті. Карантин, шектеулер де оған әсер етті. Барлығымыз күйзеліске түсеміз, бірақ оны әр адам әртүрлі қабылдайды.

Мәселен, Алматыдағы оқиғалар кезінде жас курсанттар мен сарбаздарды құтқарған алматылықтардың мейірімділігін көрдік. Егер адамның ішінде агрессия көп болса, мұндай төтенше жағдайларда оны сыртқа шығарады. Ал егер мейрімділік басым болса, сәйкесінше, адам агрессия танытпайды. Мұның бәрі тәрбиеден басталады”, – дейді маман.

“Меніңше, адам несиеге батқан болса, бұл әрдайым оның агрессивті екенін білдірмейді. Мұнда рухани кедейлік туралы айтқым келеді. Бұл адамдарға бала кезде махаббат, мейірім жетіспеген болуы керек. Егер адам отбасында махаббатты, мейірімділікті көріп өссе, оның агрессия танытуы екіталай”, – дейді Шырын Айдарова.

Ержан Мырзабаев адамдардың агрессивтілігіне көпшілігі ойлайтындай, әлеуметтік-экономикалық проблема әсер етіп жатқан жоқ дейді. 

Маман тәртіпсіздіктер кезінде көбі арам пиғылдың жетегінде әрекет етті деп санайды.

Әрбір адамға тиесілі ерекшелік мүмкіндікті пайдаланып қалу, байып қалу “бәрі алып жатыр, маған неге алмасқа” деген сияқты арам пиғылдың әсері. Бұл әрбір қоғамда кездесетін бірен-саран адамдар. Оған қарап баға бермеу керек деп есептеймін. Халықтың агрессивті болуына қоғамдағы проблемалар отбасындағы зорлық-зомбылық, мектептердегі балалар арасындағы буллинг, басшылықтың агрессивті қарым-қатынасы осылардың бәрі қоғамды агрессивті қылады. Осы себепті мұндай түйткілді жағдайларда  адамдар дереу қирату, ұру сынды әрекеттерге барады. Мәдени түрде ойын жеткізу, агрессиясыз өз талаптарын қою мәдениеті бізде жоқ. 

Қақтығыстар кезінде қайғылы жағдаймен тікелей бетпе бет келгендер не істей алады?

“Пост травматикалық синром деген бар. Травмалық оқиғалар мынадай белгілер береді: түнде шошып ояну, көз алдында қан, төбелес, өрт көріністерінің кетпеуі және т.б. Мұндай жағдайда тікелей психолог маманының көмегі керек. Зардап шеккен адам терапиялық сеанстарға барып, травмадан арылу керек. Осы ретте қазіргі уақытта Қазақстан Психологтар одағы ТЖ кезінде зардап шеккен азаматтарға тегін көмек беріп жатқанын айта өткен жөн, – дейді Ержан Мырзабаев.

Бұл оқиғадан кейін адамдардың құндылықтары өзгереді

Шырын Айдарова егер коронавирус кезінде денсаулық бірінші орынға шықса, бұл жағдайда жақындарымыздың қауіпсіздігі, қоғамдағы тыныштық, бейбітшілік алдыға шығады дейді.

“Адамдарға бір-біріне мейірімді болуға, психологиялық мәдениетін өсіруге кеңес берер едім. Бұл адамның өмірін жеңілдетеді. Қоғам әр адамнан басталады. Әр адам өз өмірі үшін жауапкершілік алуы керек. Осындай адамдар саны көбейген сайын қоғам да дами түседі”, – дейді психолог Шырын Айдарова. 

Ержан Мырзабаев адамдарға митинг өткізу әдебін үйрену қажет дейді, сонда ғана тәртіпсіздерден арылуға болады. 

“Агрессия, ашу, митингпен ештеңе шешілмейтінін түсуне керек. Осы тұрғыда мемлекеттік емес ұйымдар қарапайым халыққа митинг өткізу әдебін үйрету керек. Бізде митинг өткізу әдебі жоқ. Тек тобыр ретінде әрекет етеді. Не үшін шығып жатқанын білмейді, не талап ететінінен бейхабар. Жиналған халықты алып жүретін көшбасшы жоқ. Мұндай топ арандатушылардың ойнына тез түседі. Демек көшбасшысыз топ – қауіпті. Билік адамдарға көшбасшылардың жетекшілігімен өтетін митинг өткізуге мүмкіндік беру керек. Сонда мұндай тәртіпсіздіктер орын алмайды”, – дейді Мырзабаев.

 

Талқылау