Қазақстандық құтқарушыларға отбасыдағы адам санына қарай тұрғын үй төлемдері берілмек: Министрлік негізгі талаптарды атады
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға төленетін тұрғын үй төлемдеріне қатысты деректер ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ телеграм арнасынан
Министр аталған төлемдерді алу үшін 20 мыңға жуық құтқарушы өтініш бере алатынын жеткізді.
"Бұл тәжірибе 2014 жылдан бері күштік құрылымдарда бар. Алайда төтенше жағдайлар министрлігінің күштік құрылымы мұндай төлемақы алмаған. Егер заң қабылданса, меніңше, 20 мыңға жуық қызметкеріміз төлемақыға өтініш бере алады", – деді ол.
Шыңғыс Әріновтің айтуынша, құтқарушылар тұрғын үй төлемдерін арнайы шотта жинауына немесе жалдамалы пәтер ақысын төлеуге жұмсай алады.
"Менің ойымша, мұндай төлемдер құтқарушылардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектеседі. Дәл әскерилердің және ІІМ бағдарламасы секілді. Соның арқасында көбі баспана мәселесін шешеді. Ал жас мамандар 2-3 жыл көлемінде жатақханада тұра алады. Бұл – біздің жанымыздан қолдау. Төлем отбасыдағы адам санына қарай беріледі, әр аймақта тариф әртүрлі", – деп түсіндірді.
Төтенше жағдайлар министрінің сөзіне сенсек, тұрғын үй төлемін алу үшін құтқарушының атында кейінгі 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы қажет.