Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық қыз Камбоджада құлдыққа түсіп, түрмеге қамалды

Қазақстандық қыз Камбоджада құлдыққа түсіп, түрмеге қамалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Коллаж: Stan.kz

Әлеуметтік желіде құлдыққа түскен қыздың құрбысының видеосы тарады. Ханшайым Сагадатова қазақстандықтарға үндеу жасап, өзінің құрбысының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Камбоджаға жұмыс істеуге кеткен құрбысы қытайлық компанияның қолына құлдыққа түскен, ал қазір оны полиция қамауға алған. Қазақстандық ару төрт күннен бері адам төзгісіз жағдайда қоймада отыр.  

Orda.kz журналистері Ханшайыммен байланысып, оқиғаның егжей-тегжейін білді. Жәбірленуші қыз бен оның туыстары аты-жөнін жария етуден бас тартқан. "Ұят болады" – егер таныстары біліп қойса, масқара боламыз деп қорқады.  

Жоғары оқу орнында білім алған кезде бойжеткен қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, соның арқасында сұранысқа ие маманға айналды. Университетті аяқтаған соң, басқа бір қытайлық фирмадан жұмыс тауып, өткен жылдың желтоқсанында Камбоджаға аттанады. Оған жақсы жұмыс шарттары ұсынылған. Оған кеңседе жұмыс ұсынылған, тұрғын үй, беріліп, бес мың доллар жалақы алуы керек болған.  
Алғашында компания келісімшартта көрсетілген барлық талаптарды орындаған. Ханшайымның айтуынша, құрбысы алғашқы кезде бәріне риза болып, жағдайын бейнеқоңырау арқылы көрсетіп отырған.

"Ол алғаш барған кезде біз күн сайын байланысып отырдық. Өзінің тұрып жатқан жерін көрсетті. Бәрі жақсы болды. Бір бөлмелі пәтерде тұрып жатты. Яғни, бастапқыда компания өз міндеттемелерін толық орындап отырған", – деп түсіндірді Ханшайым.  

Алайда, бір айдан кейін құрбысы жұмыс орнындағы қиындықтарға шағымдана бастады. Компания басшылығы одан көбірек жұмыс істеуді талап етіп, қосымша міндеттер жүктеген. Қыз бұған қарсылық білдіріп, жұмыс беруші келісімшартты бұзатынын айтқан. Бірақ менеджер оның төлқұжатын тартып алып, кампус аумағынан шығуға тыйым салған. Өз алаңдаушылығын ашық білдіре бастағанда, басшылық оған айғайлап қана қоймай, қол көтере бастаған көрінеді.

Кезекті жанжал кезінде қазақстандық қызды басшысы соққыға жыққан. Бұл жағдайға куә болған жергілікті әріптесі полиция шақырған. Бірақ құқық қорғау органдары отандасымызға көмектесудің орнына, оны қамауға алған. Қытайлық компания өкілі полицейлермен сөйлескен соң, қазақстандық ару түрмеге қамалған. Оқиға төрт күн бұрын болған. Қазір ол отырған камерада душ та, төсек те, тамақ та жоқ. Сол жердегі бірнеше жергілікті әйелдер де дәл сондай жағдайда отыр. Оларға тек су ғана беріледі.  

Ханшайым қазақстандық дипломаттардың әрекетсіздігіне де қапалы. Ол Қазақстан консулымен сөйлесуге тырысқан, бірақ консул оған дөрекі жауап берген көрінеді.

"Бүгін консулмен сөйлестім, оның аты – Әлімжан. Ол маған телефон шалғаным үшін айқайлап тастады. Мен кешірім сұрадым, бірақ ол басқа қазақстандықтар туралы айтып, олардың қылмысқа қатысы бар екенін жеткізді. Мен құрбымның мүлдем басқа жағдайға тап болғанын түсіндірдім. Консул мені тыңдағысы келмей, айқайлап, телефонды өшіріп тастады", – деп ашуланды Ханшайым.  

Консул Әлімжан Өмірзақовпен мәселе бойынша ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінуге кеңес берді. Бірақ консул қазақстандық қыздың кеше елшілікке өтініш жасағанын, ал дипломаттар қазір осы мәселені шешу үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.  



"Қазір оның төлқұжаты қайда екені белгісіз. Өзі қоймада отыр. Жерде ұйқтап, төрт күннен бері аш отыр. Оның жүрек ауруы бар. Ол өте ақылды, тәртіпті қыз. Жай ғана жұмыс істеуге барған, бірақ құлдыққа түскен”, – деп алаңдайды Ханшайым.  

Қамауға алынған кезде полицияға ескі, батырмалы телефон берген. Қазір ол анда-санда ата-анасымен, Ханшайыммен және Қазақстан консулымен байланысып отыр. 

Жәбірленушінің туыстары сол күні-ақ Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігімен байланысқа шыққан. Айта кетейік, бұл елшілік Қазақстанның Камбоджа мен Лаостағы дипломатиялық миссиясын да атқарады. Елшілік қызметкері, екінші хатшы- консул Әлімжан Өмірзақов Камбоджа сыртқы істер министрлігіне хат жолдағанын, бірақ жауапты бір ай күту керек екенін айтқан.

Еске салсақ, осыған дейін Ресейге жұмыс істеуге барған қазақстандықтар құлдыққа түсіп қалғандарын мәлімдеген еді.

Талқылау